Атырау обл, Миялы ауылы, Қ.Сәтбаев көшесі, №17 үй. 8 (712) 3821738 mialy44@mail.ru

Бұқаралық спорттың мәнін қалай арттырамыз?

Таяу уақытта «Инстаграмм» әлеуметтік желісіне кіріп қалсам «Семіздіктің алдын аламыз, арықтатамыз» деген жарнамалар толып тұр.

Содан қызығушылығым оянып, әлгі парақшаны ашсам арықтататын бір дәрі 12 990 теңге екен. Егер соны үзбей бір ай ішсең, 5-10 келіге дейін салмақ тастайтын көрінесің. Сол жарнаманың астындағы пікірлерді оқып отырсам, біреу «Пәлен мыңға дәрі алғанша спортпен айналысып арықтаңдар. Әрі тегін, әрі денсаулық кепілі» деп жазыпты. Өте орынды пікір. Жарнамаға алданып, сонша ақшаға дәрі алғаннан гөрі күнде жүгіріп, спортты жаныңа серік етсең тәнің де, жаның да сау болары сөзсіз. Ал, ол үшін спорт елімізде бұқаралық түрде сипат алуы қажет. Сонда ғана өзіміз де, ұрпағымыз да салауатты өмір қалыптастыра алады. Ол үшін қайтпек керек, бұқаралық спорттың беделін қайтып көтереміз, аудандағы спорттық нысандардың жай-күйі қалай? Соған сай, осы және басқа да сұрақтарға жауап табу мақсатында, спорт саласына жауапты басшылар мен жаттықтырушылардың, ауыл тұрғындарының пікірін білгенді жөн санадық.

ОТЫЗ ПАЙЫЗҒА ЖЕТКІЗУ ЖОСПАРДА

Елбасы өзінің Қазақстан халқына арнаған Жолдауында «2020 жылға дейін қазақстандықтардың 30 пайызы бұқаралық спортпен айналысуы керек» деп меже қойғаны мәлім. Бұл сөз жоқ ел халқының саулығын ойлаған Елбасының шынайы ниетінен шыққан тапсырма. Осы орайда, бұқаралық спортты дамыту мақсатында аудан көлемінде жүйелі түрде жұмыстар жүріп жатыр. Айталық, 2017 жылы 124 жарыс өтіп, оған 7793 адам қатысты. Тиісінше, өткен жылы бұқаралық спортпен айналысқандар 24,7 пайызды құраса, биылғы жылдың он айының қорытындысы бойынша 130 жарыс өтіп, бұқаралық спортпен айналысатындардың пайыздық көрсеткіші 24,9 пайызды көрсетіп отыр. Әрине, бұқаралық спортты дамыту үшін ең басты керегі – спорттық нысандар. Қазіргі таңда, Сағыз бен Миялыда екі спорт кешені және ауылдық округтерде 9 жасанды төсеніш төселген ойын алаңы бар. Одан бөлек аудандағы 14 орта мектептің спорт залдары мен сыртқы ойын алаңдары жұмыс жасайды. Сондай-ақ, жақын арада Сағыз ауылында меценат Сағызбек Тастеміровтің демеушілігімен салынған күрес залы пайдалануға берілмекші. Ал, келесі жылы жеке кәсіпкер Жалғас Мырзағалиевтың демеушілігімен Мұқыр ауылынан спорт кешені бой көтереді деп күтілуде.

Спорттық нысандар туралы сөз болғанда Миялы ауылындағы орталық стадионды айтпай кетуге болмайды. Орталық стадионның қазіргі жағдайы біздің басты назарымызда. Ат шаптырым аймақты алып жатқан стадионды келер жылдан бастап толықтай қайта жасақтау жоспарда бар. Әзірге қайта жасақтау бойынша құжаттар дайындалып жатыр. Егер жоспарымыз жүзеге асар болса – орталық стадионда үлкен футбол алаңымен қоса кіші аяқдоп, волейбол, баскетбол алаңдары салынып, заманға сай жаңадан жүгіру жолағы жасалады. Сол сияқты көрермен отыратын трибуна, киім ауыстыратын жер, басқа да стадионға қажетті барлық жағдай жасалмақ. Стадион толықтай қайта жасақталғаннан кейін ол жерде түрлі деңгейдегі жарыстар өткізіліп, халықтың спортпен айналысуына мүмкіндік туады.

Сондай-ақ, бұқаралық спортты дамыту мақсатында аудан мектептеріндегі спорт залдар мен спорт кешендері кешкілік ашық тұрады. Спорт саласына жетекшілік еткесін кейде кешкілік өзіміз де спорт кешеніне барып, волейбол ойнап тұрамыз. Сол кезде ауыл жастарының белсенділігін көріп, риза боласың. Жекпе-жекті ұнататындар бокс пен күрес залында шынығып жатса, үлкендер жағы үстел теннисін ойнайды. Бойында бұла күші бұлқынғандар тренажер залында темір көтеріп шынығуда. Ертеңгі күні Сағыздағы күрес залы пайдалануға беріліп, Мұқырдағы спорт кешені ашылса, ол жақта да бұқаралық спорт дами түсетіні сөзсіз. Егер аудан спорты осылай дами берсе Елбасы айтқан отыз пайыздық көрсеткішке де жетіп қаламыз деген үміт бар.

Асқар АҚТАЕВ,

аудандық дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы.

ЖАҢБЫР ЖАУСА СПОРТ ЗАЛДАН СУ АҒАДЫ

Шыны керек, кезінде колледжден шығып, атағы облыс, республикаға танылған Исатай Қаржаубаев, Қайрат Тұрлыбаев, Құрақ Әлімбаев, Кеңес Қитарбаев және басқа да мықты спортшылар болды. Солардың биік нәтижеге жетуіне Ақниет Жанбосыновтың еңбегі көп сіңді. Әрине олардың ізін қуған жастар, қазір де жетерлік. Сондай жастардың арқасында 2016 жылы 25 колледж қатысқан есеп бойынша төртінші орынға ие болғанбыз. Мұның бәрі колледждің дарынды шәкірттері мен білікті бапкерлерінің арқасында. Колледждің спорттық жетістіктерін айтқанда кемшілікті де жасырып қалуға болмас. Өкінішке орай, соңғы жылдары талай шәкірт тәрбиеленіп шыққан спорт залымыздың төбесінен жаңбырлы күндері су ағады. Бұл мәселе көптен айтылып та, жазылып та жүр. Бір қуаныштысы келер жылы мұның да мәселесі шешілмек. Бұйырса, келесі жылы облыстық білім беру басқармасы колледжге күрделі жөндеу жасауға қаржы бөлмекші. Сол кезде спорт залымыз да, сырттағы алаңымыз да жөнделеді. Жөндеу аяқталған соң шәкірт тәрбиелеу ісін де қайтадан қолға алып, жаңа спорт залдан талайды таңғалдырар таланттар шығады деп сенеміз.

Жалғас ҚАМЫСБАЕВ,

Қызылқоға аграрлы-техникалық колледжінің директоры.

Қаржыдан бұрын жанашырлық керек

Мен өзімнің саналы ғұмырымды осы спортқа арнаған жанмын десем артық айтқандық емес. Сағыз ауылынан түлеп ұшқан спортшылардың барлығымен жұмыс жасап, қолымнан келгенін үйретіп, бағыт-бағдар беріп келемін. Сонда түсінгенім – спортқа пәлен миллион қаржыдан гөрі шынайы жанашырлық қажет. Спорт саласында отырған басшыдан бастап, мектеп директоры, бапкерлерге дейін шын ықыласпен жұмыс жасауы тиіс. Сонда ғана, нәтиже күтуге болады. Сосын бұқаралық спортты дамыту үшін жарыстар жиі болып отырғаны абзал. Өкінішке орай, қазір жарыс азайып, қағаз көбейіп барады. Он жерден мықты бапкер дайындаса да жарыс көрмеген бала алысқа бармайды. Сосын бізде жарыс жеңімпаздарын ұлықтау жағына онша көп мән берілмейді. Бір бала бір ірі жарыстан орын алып келді ме, жас спортшыларды жинап, әлгі чемпионмен кездесулер ұйымдастырып, есімін құрмет тақтасына ілсек, оны көрген кейінгі балалар сондай болуға ұмтылады. Сөйтіп, бұқаралық спорттан кәсіби спортқа бет бұратындар саны көбейеді. Сондай-ақ, чемпиондармен қатар оларды дайындаған ұстаздарды да ұмытпаған жөн. Мысалы, осы ауданда талай шәкіртті тәрбиелеген Рахмет, Оңаш, Шойын деген ағайлар бар. Ал, оларды кейінгі жас буын біле ме? Көп болса ауыл-аймағы білер, бірақ, аудан көлемінде аса таныс емес. Ауданда өтіп жатқан түрлі жарыстарға соларды құрметті қонақ етіп шақырып, үнемі ұлықтап отырсақ, олар да білгенімен бөлісіп, чемпион дайындауда көп көмегін тигізері сөзсіз.

Ақниет ЖАНБОСЫНОВ,

«Спорт ардагері» төсбелгісінің иегері.

Қыздар спорты кенже қалуда

Аудандағы спорт саласын қарап отырсам маған ұлдарға көбірек жағдай жасалып, қыздар спорты тасада қалғандай көрінеді. Себебі, ауданымызда бірнеше спорт түрінен үйірмелер бар, ал, қыздар қатысатын үйірмелер бірен-сараң. Қыздар әрі кетсе тоғызқұмалақ пен волейболға қатысады. Сосын амал жоқ қызымызды өнер мектебіне ән-биге беруге мәжбүрміз. Менің он жастағы қызым бар. Жақында теледидардан күрес көріп, «Мен де күреске қатысамын» деп шықты. Сөйтіп, әкесі күрес үйірмесіне апарса, қыздарға арналған үйірме жоқ екен. Барлығын да ер балалар толып жүр. Осы жағдайды ескере отырып, аудан басшылары алдағы уақытта қыздар спортын дамытуды қолға алса деген ұсыныс бар. Қыздар спорты тек ауданда емес елімізде де ақсап тұрғаны мәлім. Оған дзюдо күресінен Моңғолия, ауыр атлетикадан Қытай спортшысын алдыруымыз дәлел. Мемлекет қаржыны босқа шет елге шашқанша, өзіміздің қаракөздерді тәрбиелесе, керемет емес пе?!

Айғаным БАҚЫТОВА,

ата-ана.

ФИТНЕС КЛУБТАРЫ ҚАЖЕТ

Осыдан екі-үш ай бұрын ауылға кезінде жатақханада бірге жатқан досым қонақ болып келген еді. Әңгімеден әңгіме шығып, әлгі досым «Ауылда футбол ойнайтын жер бар ма, сен команда жина, футбол ойнап қайтайық» деген ұсыныс айтты. Мен ауылда спорт кешені барын айтып, сонда баруға ұсыныс жасасам, ол «Жоқ, 1-2 сағатқа жалдап алып, өзіміз емін-еркін түрде доп ойнайтын жер бар ма?» – деді. Өкінішке орай, ондай жер жоқтығын айттым. Артынан ойланып қарасам, біздің ауданда спортты кәсіп етіп, сол арқылы ақша табатын кәсіпкерлер жоқ екен. Сөздің шыны керек, қазір спортпен айналысқысы келетіндердің ішінде егде жастағы адамдар да, әйел адамдар да баршылық. Ал, олар жастармен жағаласып спорт кешендеріне барғысы келмейді. Мүмкін болса, ай сайын ақшасын төлеп, өздері алаңсыз жаттығатын жер болғанын қалайды. Ал, мұндай бизнес біздің ауданда жоқ болса да, ірі қалаларда жақсы дамыған. Солардың бірі – фитнес клубтары. Ондай клубтардың ішінде спортпен айналысамын деген адамға барлық жағдай жасалады. Тренажер залы, бассейн, массаж, жанға жағымды әуен дейсіз бе керектінің барлығы бар. Міне, осындай фитнес клубтар бізге де қажет. Кәсіптен нәсібін тауып жүрген жандар болса мүмкін ойланып, осы тың жобаны қолға алса деген ұсыныс бар.

Артур ЖАҢБЫРБАЕВ,

ауыл тұрғыны.

Өзі жаттықпаған ұстаз шәкіртке не үйретеді?

Бұқаралық спорттың баспалдағы мектептен басталатыны белгілі. Ал, оған жауапты мектептегі дене тәрбиесі пәнінің ұстаздары. Баланы жастайынан жүгіртіп, секіртіп, спорттың алғашқы әліппесін үйрететін де солар. Алайда, дене тәрбиесі пәні мұғалімдерінің спортқа немқұрайлы қарайтыны қынжылтады. Яғни, балаға спорттың не екенін үйрететін ұстаздардың өздері спортпен айналыспайды. Оған мұғалімдер спартакиадасы кезінде көз жеткізуге болады. Спартакиаданың аудандық кезеңін әупірімдеп өткізіп, енді облыстық жарысқа барамыз дегенде команда жасақтай алмай басымыз қатады. Әсіресе, Жангелдин, Ойыл ауылдық округтерінен бастап, әрі қарайғы ауылдарда орналасқан мектептерден мұғалім шығару қиын. Біреуі «Мен көптен жүгірген жоқпын, дайындық жоқ» десе, енді бірі ауырып жатқанын айтып, қашады. Жарысқа барғандарының өзі «Бастысы қатысу» деген оймен баратындай. Жалпы өздері дене тәрбиесі пәнінің мұғалімі бола тұра, ешқандай жүгірмейтін, жаттықпайтын ұстаздарды түсінбей-ақ қойдым. Солардың көбі тек қырық минуттық сабағын өткізіп, айлығын алып, тыныш жүргенді жаны қалайды. Әрине, барлық ұстаз сондай деуден аулақпын. Мысалы, Сағыз, Мұқыр, Миялы ауылдарында күндіз-түні баламен бірге жаттығатын мұғалімдер бар. Есесіне олардың шәкірттері жетістіктерге жетіп жүр. Себебі, ұстазымен бірге жаттыққан бала «Мен де ұстазымдай боламын» деп талпынып, спортқа қызығушылығы оянады. Сондықтан, баланы спортқа тәрбиелеп жүрген ұстаз болсын, бапкер болсын өздері де бірге тер төгіп, шеберліктерін шыңдай түскені дұрыс.

Бауыржан ДОСҚАЛИЕВ,

Х.Досмұхамедұлы атындағы орта мектебі дене тәрбиесі пәнінің мұғалімі.

Жалпыхалықтық марафонның маңызы зор

Бұқаралық спорттың мәнін арттыру үшін жалпы халықтық спорттарға мән берген абзал. Мысалы, велошерулер, жүгіру марафондары сынды шараларды қолға алған дұрыс. Біз студент кезімізде Атырауда «Теңізшевройл» компаниясы ұйымдастырған марафондарға жыл сайын қатысып жүрдік. Міне, бұл таза бұқаралық спорт. Жасы да, кәрісі де, ері де, әйелі де бірге жүгіріп, бой сергітеді. Әр 500 метр сайын ішетін су қойылады. Шөлдегендер суын ішіп, демін басып алады да қайта жүгіреді. Мұның бәрі адамға ерекше шабыт береді. Марафонды қайырымдылық мақсатта ұйымдастыруға да болады. Мысалы, бір отбасыға көмек беру үшін марафон ұйымдастырып, әр қатысушы өзінің мүмкіндігіне қарай қаржы салып, қатысады. Әрі көмек, әрі спорт. Осындай іс-шаралар біздің ауданда да қолға алынса, бұқаралық спорттың мәні артып, талай жүйріктер шыңдалып шығар еді.

Тұрсын МӘУЛЕКЕНОВ,

Миялы ауылының тұрғыны.

ТҮЙІН. Сайып келгенде, ел бойынша бұқаралық спортты дамыту кезек күттірмейтін мәселе. Себебі, бүгінгі технологияның қарқынды дамуы адамзат баласының қимылын шектеп қойғаны жасырын емес. Қазір жұмысты компьютермен жасап, көшеге шықса көлікпен жүріп, төлейтін төлемін ұялы телефон арқылы аударып жіберетін заманда өмір сүріп жатырмыз. Яғни, артық қозғалыс жасамаймыз, бәрі оңай. Міне, осындай уақытта бұқаралық спортпен тұрақты айналысқан абзал. Сонда ғана өзің сергек жүріп, үйіңде де, жұмысыңда да береке болары хақ.

Дулат ҒҰБАЙДУЛЛИН.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521