Атырау обл, Миялы ауылы, Қ.Сәтбаев көшесі, №17 үй. 8 (712) 3821738 mialy44@mail.ru

Жылыойлық боздақтардың жұмбақ тағдыры

Мені бала күнімде бауырына басып, бұл өмірден өткенше жеті жасыма дейін ақ сүтін беріп, мейірімге бөлеген нағашы әжем Итолған туралы қандай да бір дерек табылып қалар деген үмітпен Атырау облысы цифрландыру және архивтер басқармасының Мемлекеттік архиві Жылыой аудандық филиалының қорларына үңілген едім. 

Бір ғажабы, құжаттар ішінен өткен күннің көмескі беттерін ақтара жүріп, күтпеген мәліметке тап болдым. Анамның алғашқы жары – Әлекенов Шоқан болып шықты! Бұл күтпеген жаңалық – маған тағдырдың тосын сыйы ма, әлде уақыт қойнауынан үн қатқан тарихтың тылсым сыры ма, білмедім... Бірақ сол сәттегі жүрек тебіренісімді сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес-ті. Әлекенов Шоқанның мектепте мұғалім болып қызмет атқарғаны, ал Итолған анам мұнай өндіру кәсіпшілігінде қарапайым еден жуушы болып еңбек еткені жазылыпты. Тағдыр қосқан осы қос тағдырдан 1940 жылдың 23 қарашасында Абдол есімді бала дүние есігін ашқан екен. Алайда, ол сәби жарық дүниеде ұзақ тұрақтамапты… Тылсым құжаттардың арасынан табылған осы бір жанға жақын дерек – мен үшін баға жетпес мұрадай әсер етті. Архив ақтаңдағынан аршып алынған ақиқат Өткен ғасырдың ең қасіретті беттерінің бірі – Екінші дүниежүзілік соғыс. Бұл – миллиондаған тағдырды жалмаған, талай шаңырақты ортасына түсірген, адамзат санасына өшпес із қалдырған ұлы зұлмат еді. Сол соғыста жаумен шайқасып қана қоймай, тұтқынға түсіп, жат жерде жан тапсырған боздақтарымыздың тағдыры – өз алдына терең зерттеуді қажет ететін үлкен тақырып. Жау қолына түсіп, темір тордың ар жағында азапты күн кешкен жауынгерлердің бірі тірі оралса, бірі туған топырағына жете алмай, бейтаныс жерде мәңгіге көз жұмды. Олар – қарусыз күйде де Отан намысын қорғаған ерлер. Өкінішке қарай, кеңестік кезеңде тұтқынға түскен жауынгерлердің аты аталмады, олар әділетсіз түрде «халық жауы» саналды. Тұтқындардың тағдыры – адамзат тарихындағы ең ащы, ең қайғылы беттердің бірі. Ал олардың ұрпақтары аталарынан қалған ақтаңдақтың орнын толтыру үшін бүгінде архив ақтарып, із кесіп жүр. Бірі – Германия жеріндегі шталагта, бірі – Польшаның концлагерінде, енді бірі – Украина, Беларусь жерлеріндегі әскери тұтқындар лагерінде аштық пен ауыр азаптың, індеттің құрбаны болған. Бүгінгі күні ізденістер нәтижесінде тұтқында болған боздақтардың аты – жөні, соңғы мекені анықталып жатыр. Алайда, олардың көпшілігінің есімдері бұрмаланып, туып-өскен жерлері де нақты көрсетілмеген. Мысалы, Ұлы Отан соғысы кезінде неміс әскеріне тұтқынға түскен Жылыой өңірінің тумасы Есқожиев Әділдің аты-жөні немістердің әскери тұтқындар құжатында: «Есшожуп Адл. 1900 жылы Қазақстанда дүниеге келген. 1942 жылдың 27 қарашасында тұтқында қайтыс болды. Алғашқы жерленген жері – Седльце қаласы» деп көрсетілген. Ал Жылыой өңірінен шыққан тағы бір боздақ – Әлекенов Шоқан жайлы Ұлы Отан соғысы жылдарында байланысы үзілген қатардағы жауынгерлер мен сержанттардың 1948 жылғы 16 наурызда жасалған тізімінде былай делінген: «Алекенов Шохан – 1913 жылы туған. Гурьев облысы, Жилокосин ауданы, Кияк ауылдық кеңесінің тұрғыны. Ол 1939 жылдың 15 қыркүйегінде (кей деректе – 1940 жылдың 5 ақпанында) Гурьев аудандық әскери комиссариатынан әскерге шақырылды. Әйелі – Сагим Гурьев қаласының Подхоз №2 мекеніндегі тұрғыны» деп көрсетіледі. Құжатта «не числится связь ... до войны» деген ескертпе қойылса, тағы бір құжатта Сагим — апасы ретінде жазылған. Бұл да соғыс жылдарындағы құжаттардағы қарама-қайшылықтардың, бұрмаланған деректердің көрінісі. Соғысқа дейін Беларусь КСР-нің Бобруйск қаласында орналасқан 574 – атқыштар полкінде қатардағы жауынгер ретінде әскери борышын өтеп, 1940 жылы хабарсыз кеткен». Алайда, Ішкі істер халық комиссариатының (НКВД) қолына түскен немістердің құжатында Әлекенов Шоқанның тұтқында қайтыс болғаны туралы нақты әрі толық мәлімет беріледі: «Аликенов Шокан. 1913 жылы туған. Ұлты – қазақ. Діні – мұсылман. Кияк ауылында (Гурьев облысы, Жилокосин ауданы, Қошалы – 17) дүниеге келген. 1941 жылдың 23 шілдесінде Беларусь КСР-нің Бобруйск қаласы маңында неміс әскеріне тұтқынға түсіп, Сталаг – 307 әскери тұтқындар лагерінде ұсталды. Лагерь нөмірі – 276230. 1941 жылдың 24 қыркүйегінде тұтқында көз жұмған. Алғашқы жерленген жері – Деблин қаласы». Бұл деректер – Ұлы Отан соғысы кезінде із – түзсіз кеткен жауынгерлердің тағдырын ашуға бағытталған тың мәліметтер. Екінші дүниежүзілік соғыстың аяқталғанына биыл 80 жыл толып, арада талай жыл өтсе де, ғасыр алмасып, ұрпақ жаңарса да, сол бір сұрапыл жылдардың сарыны халық есінен өшкен емес. Соғыс салған жараның ең қасіретті беттері — майдан даласында қаза тауып, әртүрлі жағдайда окоп ішіне көміліп қалған немесе шайқас үстінде қаруластары жүзін бір уыс топырақпен ғана жаба салған боздақтардың тағдырында жатыр. Бірақ бүгінде заман өзгерді. Архив қоймаларының қақпасы ашылып, ерікті із кесушілер мен зерттеушілердің табанды еңбегі, заманауи технологиялардың мүмкіндіктері арқасында сол боздақтардың біразының сүйектерімен бірге жауынгер туралы мәлімет беретін медальондары да табылуда. Осы құнды деректер арқылы ерлік иелерінің есімдері анықталып, құрметпен қайта жерленуде. Солардың бірі – жылыойлық боздақ Тағаниязов Тәждәулет. Ұлы Отан соғысынан оралмаған боздақтарды іздеу жолындағы көп жылдық еңбегімнің бірінде, қаза тапқан жауынгерлердің қазіргі жерленген жерлеріндегі мемориалдық тақтадағы есімдер тізімін саралай отырып, бір ерекше дерекке көзім түсті. Онда: «Таланцов Тандон. 1905 жылы туған. Гурьев облысы, Эсибин ауданы, Кара – Иран ауылдық кеңесінің тұрғыны. Ағасы – Таланцов Гулиц. №1962 далалық пошталық станциясының қатардағы жауынгері. 1943 жылдың 19 ақпанында қаза тапқан» деп көрсетіліпті. Жауынгердің соңғы мәңгілік мекені – Ресей Федерациясының Орел облысы, Залегощь ауданы, Верхне – Скворчье ауылдық кеңесіне қарасты Ольховец ауылындағы Қаруластар зираты деп көрсетілген. Дәл осы зиратқа қатысты екінші бір әскери жерлеу орнының карточкасында: «Таганиязов Таждов. 1905 жылы туған. 1943 жылы 19 ақпанда қаза тапты. Қазіргі жерленген жері – Ресейдегі Орел облысының Залегощь ауданындағы Ольховец ауылының батыс бетіндегі Қаруластар зираты» – делінген. Аты – жөндері әртүрлі болғанымен, туған жылы мен қаза болған күні, жерленген мекен-жайы түгелдей сәйкес келуі – бұл екеуінің бір адам екендігін айғақтай түседі. Құжаттағы мәліметке зер салсақ, жауынгердің туған жері ретінде «Эсибин ауданы, Кара – Иран ауылдық кеңесі» деп көрсетілген. «Эсибин ауданы» дегеніміз – Эмба, яғни Ембі, немесе қазіргі Жылыой ауданының сол кезеңдегі Жилокосин атауы, ал «Кара – Иран ауылдық кеңесі» – ол Қара – Арна ауылдық кеңесі болуы мүмкін. Әскерге шақырылғанға дейін Қара – Арна ауылдық кеңесінің тұрғыны болғанын Тағаниязов Тәждәулеттің бауыры, Атырау облысының Жылыой ауданына кеңінен танымал тұлға, «Ақкиізтоғай жылнамасы» кітабының авторы, Қазақстан Республикасының «Халық ағарту ісінің үздігі», ардагер ұстаз Төлеуов Наурызбай да растайды. «Ағасы – Таланцов Гулиц» деген жазудың артында шын мәнінде Тағаниязов Төлеу, яғни Наурызбай ағамыздың әкесінің есімі тұруы әбден мүмкін. Жауынгер ұрыс даласында қаза тапқан немесе із-түзсіз жоғалған жағдайда, оның деректері әскери бөлімнің шығындар журналына тіркеліп, штабтың құжаттарында белгіленіп отырса да, қан майданның аласапыранында кейбір боздақтар туралы мәліметтер мүлде тіркелмей, уақыт тұңғиығына сіңіп, үнсіз жоғалған тағдырларға айналды. Ұлы Отан соғысы кезінде және одан кейін де біраз уақыт әскери бөлімдердің орналасқан жерін құпия ұстау мақсатында әр бөлімге далалық пошта станциясының нөмірі берілді. №1962 далалық пошталық станциясы – 48 армияға тиесілі және Брянск майданына бағынышты болды. 48 армияның құрамындағы әскери бөлімдердің шығындар журналдарын, құжаттарын қанша ақтарсам да, Тағаниязов Тәждәулет немесе соған ұқсас есімі бар сарбаздың қаза тапқаны туралы ешбір жазба таппадым. Осыдан кейін Тәждәулет атамыздың сүйегін соғыстан кейінгі жылдары ізшілдер тауып, медальонындағы жеке деректеріне сүйене отырып, аты – жөнін әскери Қаруластар зиратының тіркеу карточкасына жазған болса керек деген тұжырымға келдім. асылдың сынығы, Тұлпардың тұяғы Адайдың «бес жүйрігінің» бірі атанған атақты жырау Аралбай Оңғарбекұлының ұлы — Қанағат та ел басына күн туған шақта қолына қару алып, 1942 жылы Жылыой аудандық әскери комиссариатынан қан майданға аттанған. Алайда, ерлік жолына түскен Қанағат Аралбайұлы да мыңдаған жауынгер секілді хабарсыз кеткендердің қатарында қалып қойды. Бірде менен қазақтың айтулы ақыны Светқали Нұржан ағамыз Аралбайұлы Қанағат туралы қандай да бір деректің бар-жоғын сұраған еді. Қанағат жайлы дерек бар екенін, алайда оның есімі көптеген боздақтардікі сияқты кеңестік құжаттарда бұрмаланып, Ленинград майданының 72 – атқыштар дивизиясы, 14 – атқыштар полкінің тізімінде «Аравбаев Кананат» деп жазылғанын айттым. Сол полк құрамында болған, 1902 жылы туған Аролбаев Конгалип 1942 жылы Гурьев облысының Жилокосин аудандық әскери комиссариатынан майданға шақырылып, 9 тамызда ауыр жарақаттан әскери эвакуациялық госпитальға жөнелтілген. Бұдан бөлек, дәл сол дивизия мен сол полктің тағы бір жауынгері — 1902 жылы «Западно – Казахстанская область, Кужарский район, деревня Фенбаевта» дүниеге келген Аранбаев Орлибтің 1942 жылдың 11 тамызында ауыр жарақаттан көз жұмып, бір деректе Ленинград қаласындағы Митрофановское қауымының №1 Қаруластар зиратына жерленгені көрсетілсе, тағы бір құжатта Ленинград облысының Новая деревнясында жер қойнына тапсырылғаны туралы құжаттар назарыма ілікті. Аталмыш полктің 1942 жылдың 5 – 10 тамызы аралығында болған қырғын шайқастарында қаза тапқан жауынгерлердің дені Ленинград облысындағы Новая деревнясына жерленген. Ал сол ұрыстарда ауыр жараланып, кейін әскери госпитальдарда көз жұмған боздақтар әртүрлі әскери – медициналық мекемелердің жанындағы Бауырластар зираттарына қойылған. Назар аударатын жайт — осы әскери құжатта «в полку не значится» деген белгі кейіннен қарындашпен түсірілген. Демек, 14 – атқыштар полкінің жауынгері Аролбаев Конгалипті құжатта Аранбаев Орлиб деп шатастырып жазғаннан кейін, нақты Орлибтің есімі «полк құрамында жоқ» деп тіркелген. Бұл жазба сол тұстағы әскери шығындардың қалай жүргізілгенін, тіпті кей тұстарда адасқан тағдырлардың қалайша жоғалып, бір-бірімен шатастырылып кеткенін аңғартады. Ал біз үшін сол бір бұлыңғыр жазбалар арасынан шын есімдерді аршып алу, боздақтар рухын қайта оралту — қасиетті борыш. Аравбаев Кананат, Аролбаев Конгалип, Аранбаев Орлиб — бұлардың үшеуі де бір адамның, яғни Жылыойдан майданға аттанған боздақ Аралбайұлы Қанағаттың бұрмаланған есімдері деуге толық негіз бар. Бұл — соғыс уақытында құжат толтырғандар тарапынан кеткен сауатсыздықтың, мұсылманша есімдер мен фамилияларды дұрыс түсінбей, естілген күйінде қағазға түсіре салудың салдары. Ал дәл осы полкте шайқасқан боздақтардың бірқатары — қазіргі Атырау, Маңғыстау, Батыс Қазақстан және Ақтөбе өңірлерінен, яғни еліміздің Батыс аймағынан аттанған. Сондықтан олардың туған жері кеңестік әскери құжаттарда жалпылама түрде «Батыс Қазақстан облысы» деп көрсетіле салған. Осылайша, бұрмаланған үш түрлі есімнің тасасында бір ғана адам — Аралбайдың Қанағаты тұр. Оның тағдыры да, ерлігі де, тіпті мәңгілік мекені де әртүрлі құжаттарда әрқалай көрсетілгенімен, тарихи шындық біреу — ол да өзге боздақтармен бірге ел қорғау жолында жанын пида еткен қазақ жауынгері. Туған жері «Батыс Қазақстан облысы» немесе «Орал облысы» деп көрсетіле салғандардың тағы бірі — Жылыойдан аттанған боздақ Сейітқазиев Ескендір. Әскери бөлімнің құжатында 1915 жылы дүниеге келген Сейітқазиев Ескендір 1942 жылы Гурьев облысының Жилокосин аудандық әскери комиссариатынан майданға шақырылып, Аралбайұлы Қанағатпен Ленинград майданының 72 – атқыштар дивизиясына қарасты 14 – атқыштар полкінің құрамында бірге соғысқан. Қанды қырғында жанын шүберекке түйген жауынгердің тағдырына қатысты құжатта: «1942 жылы 5 тамызда 21-медициналық қызмет көрсету бөліміне жөнелтілді» делінген. Әрі қарай тағдырына із кескенімде, әскери госпитальдан жазылып шыққаннан кейін басқа әскери бөлімге келіп, Сейітқазиев Ескендірдің де есімі өзгеше түрге енген әскери құжатты көзім шалды. Онда ол Ситказит Искиндр деп көрсетіліп, 1915 жылы Урал облысы, Кужагальский ауданы, Сиболшский ауылдық кеңесінде дүниеге келген, анасының аты Ситказит Бажан деп жазылған. Жазбада: 13 – атқыштар дивизиясының жауынгері. 1942 жылы 19 қарашада қаза тауып, Ленинград облысының Ново – Паново деревнясының аумағында жерленді делінген. Бұл жазбадан тағы бір маңызды мәселенің ұшығы көрінеді: бұрынғы Гурьев облысы Қазақстанның батыс өңірі болғандықтан, кейбір құжаттарда «Батыс Қазақстан облысы», кейін «Орал облысы» деп өзгеріп кеткені анық байқалады. Құжатта «Кужагальский» – соғыс жылдарындағы аудан орталығы, қазіргі Қосшағыл болуы мүмкін. Сондай-ақ, жауынгердің анасының аты «Бажан» деп жазылыпты. Анасының шын есімі — Балсана. Ал құжатта оның есімі «Бажан» деп бұрмаланып кеткен. Мұндай қателіктің тууына — «БаЛСана» деген жазудағы «...лс...» әріптерінің құжаттан құжатқа көшірілу барысында «ж» әрпімен шатастырылып жазылуы себеп. Қағазбастылықтың, тілдік ерекшеліктер мен мұрағаттағы адасулардың салдарынан талай боздақтың аты мен заты бұлыңғырланып, сол күйінде тасқа басылып, ресми естелікке айналған. Бүгінде оның бұрмаланған есімі Ресейдің Санкт-Петербург қаласындағы «Лигово» теміржол станциясы маңындағы Қаруластар зиратының мемориалдық тақтасында бедерленіп тұр. Бұл — тарихтың тас қабырғасына жазылған, бірақ шындыққа сәуле түсірмей тұрған есім. Алайда, біз үшін ең маңыздысы — сол тастың суық жазуынан шынайы есімді аршып алып, туған топырағы Жылыоймен қайта қауыштыру. Мұндай бұрмаланған жазбалар талай боздақтың шын есімін көмескілендіріп, оларды ұзақ жылдар бойы іздеусіз, белгісіз күйде қалдырды. Жазбалардың жым-жырт қатпарынан жартылай өшкен әріптерді теріп, бұлыңғыр есімдерді қалпына келтіру – жай дерек іздеу емес. Бұл – бір халықтың тарихи жадына, бір ұрпақтың ерлігіне деген құрмет. Есқожиев Әділ, Әлекенов Шоқан, Тағаниязов Тәждәулет, Аралбаев Қанағат пен Сейітқазиев Ескендірдің тағдырын жаңғырту арқылы біз сол боздақтардың ғана емес, бүкіл Жылыойдың мыңдаған соғыс даласында қалған ұлдарының есімін елге қайтарып, ұмыт болған тағдырларға жарық түсіріп отырмыз. Өшкенді жаңғыртып, бұрмаланғанды түзеп, аруақ алдындағы парызымызды өтеуге тырысамыз. Бұл – тарихқа деген адалдық, ерлікке деген тағзым. Себебі әр есім – бір тағдыр. Әр тағдыр – ел тарихының бөлінбес бөлшегі.

Жәнібек НАУАРОВ,

ерікті іздеуші Маңғыстау облысы,

Ақтау қаласы

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT