Атырау обл, Миялы ауылы, Қ.Сәтбаев көшесі, №17 үй. 8 (712) 3821738 Адрес электронной почты защищен от спам-ботов. Для просмотра адреса в браузере должен быть включен Javascript.

Жылыойда ауылдар қалай жаңарып жатыр?

Өткен апта Жылыой ауданы үшін үлкен әлеуметтік жаңалықтарымен есте қалды. Тұрғызба, Шоқпартоғай, Ақкиізтоғай және Қосшағыл ауылдарында алты бірдей алаң ашылды. "Қоғамдық кеңістіктер" әлеуметтік жобасы аясында қолданысқа берілген ойын алаңы, волейбол - баскетбол, футбол- волейбол және спорт алаңдары ауыл балаларының шымыр болып өсуіне ықпал етпек.
Бүгін біз ауыл тұрғындарын игі іс жолында біріктірген халықтық жобалар туралы әңгімелейтін боламыз.
Жылыой ауданында соңғы жеті жылда ерекше серпін алған, өңірдің тынысын өзгерткен бастамалардың бірі – Теңізшевройл (ТШО) компаниясының қолдауымен жүзеге асырылып келе жатқан «Қоғамдық кеңістіктер» әлеуметтік жобасы. Бұл бағдарлама ауылдық аймақтарды дамытуға бағытталғанымен, оның негізгі құндылығы – жергілікті тұрғындарды туған өлкесін бірге көркейтуге жұмылдыруында. Жоба аясында әр ауылдың азаматтары қаржының тиімді жұмсалуына атсалысып, нысандарды өз қолымен салып, нағыз халықтық іске айналдыра білді.


Тұрғызбадағы өзгеріс: «Түлектер» воркаут алаңы мен жаңа спорт алаңдары

Тұрғызба ауылының тұрғыны Мұрат Жұмабеков бастаған бір топ ауыл жастары «Түлектер» деп аталатын воркаут жобасын қолға алып, ауылға тың серпін әкелді. Мұраттың айтуынша, ТШО компаниясының қолдауымен салынған әлеуметтік нысандарды көргеннен кейін жастар да туған жерді абаттандыруға өз үлестерін қоса алатынын түсінген.

« Қоғамдық кеңістіктер» жобасы аясында бөлінген қаржыны басқарудан бастап материал жеткізуге дейінгі жұмыстарды ауылдасымыз Еркін Төлепов үйлестірді. Біз жастардың спортпен шұғылдануына жағдай жасағымыз келді. Жобаны үш айда аяқтадық. Қол күшімен көмек көрсеткен ауыл азаматтарына алғыс айтамыз», — дейді Мұрат.

Бұл – ауылдастардың тек демеуді күтіп отырмай, бастамашылдық танытып, нақты іске кіріскенінің айқын дәлелі.


Қоғамдық кеңістіктер» —  халықтың өзіне қызмет ететін жоба

Орталық Азияның Еуразия Қорының Бағдарламалар директоры Алма Шолпанқұлова бұл жобаның басты ерекшелігі – оның толық халықтық сипатқа ие болуында екенін айтады:
«Бұл бағдарлама Жылыой ауданында жеті жылдан бері жүзеге асуда. Осы уақыт ішінде ауыл тұрғындары саябақ, демалыс аймақтары, волейбол, баскетбол, футбол алаңдарын өз қолымен салды. Жоба аясында біз тек ресурстар мен материалдарға қаржы бөлеміз. Ал нысанды салу, ұйымдастыру, уақыт бөлу – бәрі ауыл азаматтарының өз еркімен атқарылатын еңбек. Сондықтан бұл – нағыз халықтық жоба» дейді ол.

Биылдыққа "Қоғамдық кеңістіктер" жобасы аясында Жылыой ауданының 6 ауылында 16 жаңа нысан салынды. Оның ішінде төрт футбол алаңы, балалар ойын алаңдары, демалыс орындары бар. Соның ішінде, бір ғана Тұрғызба ауылында 6 нысан салынды. Оның бесеуі пайдалануға берілді. Ауыл кіреберісінде салынып жатқан сквер желтоқсанда халық игілігіне беріледі деп күтілуде.


Ауыл жастарының бірлігі: Бөкен би көшесіндегі футбол алаңы

Тұрғызба ауылының тағы бір тұрғыны Берекет Қошақанов Бөкен би көшесіне футбол алаңын салуға ұйытқы болды. Бүгінде бұл алаң – балалардың бос уақытын тиімді өткізіп, телефонға тәуелділікті азайтуына әсер етіп отыр.

«Бұрын балалар қара топыраққа тас қойып футбол ойнайтын. Енді олар кинодағыдай сапалы алаңда ойнап жүр. Алаңға волейбол ойнауға да мүмкіндік бар. Жиырмаға жуық ауыл жастары бірігіп, оны 5 айда салып шықтық. Бұл жоба бізді бірлікке, ұйымшылдыққа, өз күшімізге сенуге үйретті», — дейді Берекет.

Ауыл құмды жерде орналасқандықтан, жастар алаңды биіктеу жерге салып, күтімін өз мойнына алып отыр. Алдағы уақытта алаң маңына қосымша жаттығу аймақтарын салу жоспарда.

Аға буын батасы: «Бұл – ауылдың жаңаруы»

Тұрғызбаның құрметті ақсақалы Майлыбай Қаратаев ауыл жастарының белсенділігіне риза.
«Спорт және ойын алаңдарының бәрі ауылға ауадай қажет. Жастардың бастама көтеріп, туған жерін жақсартуға атсалысуы – бәріміз үшін үлкен қуаныш. "Қоғамдық кеңістіктер" жобасы ауылды көркейтуге кез келген азамат үлес қоса алатынын көрсетті», — дейді ол.

 ТШО қолдаған бастама – тұрақты қоғам қалыптастырудың үлгісі 

«Қоғамдық кеңістіктер» жобасы — жай ғана нысан салу емес, ауыл тұрғындарын басқару, жоспарлау, қауымдастық болып бірлесу мәдениетіне үйрететін платформа.
Бұл бағдарлама жергілікті тұрғындарды бюджет пен ресурсты басқаруға үйретеді;
Ауыл азаматтарын жауапкершілікке, бірігіп жұмыс істеуге баулиды;
Балалар мен жастар үшін қауіпсіз әрі пайдалы орта қалыптастырады;
Ауылдың әлеуметтік өмірін жандандырады;
Жергілікті бастамаларды қолдап, тұрақты қауымдастық құруға ықпал етеді.
Жылыой ауданындағы өзгерістер — бұған дәлел.

Ауыл азаматтарының өз қолымен тұрғызған спорт алаңдары мен демалыс орындары — ТШО қолдаған «Қоғамдық кеңістіктер» жобасының тиімділігін, ал ауыл жастарының бірлігі — оның рухани маңызын айқын көрсетеді.

Бұл – тек нысандардың емес, ауылдың жаңа болмысының қалыптасуы.

Баян Жанұзақова

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

AQPARATPRINT