Мемлекет басшысы өз Жолдауында жергілікті өзін-өзі басқаруды дамыту, оны халықтың көңілінен шығатын деңгейге жеткізу бағытында біраз тапсырмалар берді.
Жаңашылдық әрқашан тәуекелдерге толы болады. Сондықтан жергілікті өзін-өзі басқаруды жетілдіру бағытында нақты механизмдерді қолға алу барысында осы уақытқа дейін жіберілген қателіктерді қайталамаудың алдын алу үшін өткен кезеңнен сабақ алу тәсілін меңгеруіміз қажет. Орталық коммуникациялар қызметінде «Саяси реформалар 5.0: сараптамалық көзқарас» дөңгелек үстелі барысында ҚР Президенті жанындағы мемлекеттік басқару академиясының Қарағанды филиалының директоры Серікжан Байбосынов осындай пікірін жеткізді.
«Жолдау – үлкен бір бағыт бағдар берген үлкен платформа. Оның әрбір бағытын іске асыру кәсіби біліктілікті қажет етеді. Қазіргі кезде мемлекеттік басқаруға жобалық басқару тұжырымдамасы енгізіліп жатыр. Ұлттық жобалық кеңес өз жұмысын атқаруда. Президентіміздің өзі 1 ақпанда сыбайлас жемқорлыққа қарсы тұжырымдама бойынша өткен үлкен жиналыста жобалық менеджментке көшудің қажеттілігіне баса назар аударды. Осы жергілікті өзін-өзі басқаруды реформалау, халықтың қажеттілігіне, игілігіне жұмыс істеу барысында оны осы жобалық менеджмент қағидасына енгізсе. Ауыл әкімдерін сайлауда сәйкессіздіктер болғаны да белгілі. Бірақ келесі сайлауда жергілікті өзін-өзі басқарудың дұрыс механизмдерін дайындауымыз керек. Бұл жерде жергілікті қауымдастықтардың ролін арттыру керек. Сондай-ақ, жергілікті қауымдастыққа артылатын азаматтардың кәсіби біліктілігіне назар аудару қажет, өткен жолы Парламент пен осы сайланған депутаттардың біліктілігін арттыру мәселесі қолға алынды. Бұл өте игі бастама деп ойлаймын, себебі кез келген істе әрине білім қажет. Сондықтан, меніңше, жергілікті өзін-өзі басқарудың экономиканың дамуына тигізетін зор әсерін көргіміз келсе, осы жергілікті қауымдастықтан бастап, қоғамдық кеңестердің жұмысына жаңа форматта серпін беруіміз қажет», - деді спикер.
Оның айтуынша, жобалық менеджмент қағидаттарын осы қоғадық кеңестер мен жергілікті өзін-өзі басқару формасындағы қауымдастықтарға енгізуді басты назарда ұстаған жөн. Сондай-ақ халықтың билік пен үкіметке деген сенімін қайтару үшін күшті әрі кәсіби қоғамдық кеңестер керек. Бұл жергілікті өзін-өзі басқарудың негізгі қайнар көзі болып табылады. Азаматтардың позициясын нақтылауға мүмкіндік беретін үлкен бір жақсы алаң.