Атырау обл, Миялы ауылы, Қ.Сәтбаев көшесі, №17 үй. 8 (712) 3821738 mialy44@mail.ru

Жанармай бекеттері талапқа сай ма?

Бүгінгі дамыған заманда автокөлік өміріміздің өзгермес бір бөлігіне айналғаны белгілі. Тіпті көліксіз өмірді елестету мүмкін еместей дәрежеге жеттік. Ал, сол көлік діттеген жеріне бару үшін оған үнемі жанармай құйып, «қоректіндіріп» отыру қажет. Сол себептен көлік тізгіндеген кез-келген жүргізуші аптасына екі-үш мәрте жанармай бекетіне барып тұрады. Алайда, соңғы жылдары жүргізушілер арасында жанармай бекеттеріндегі бензин тапшылығы, бағасы, қызмет көрсету сапасы жайлы түрлі әңгімелер айтылып жүр. Осы орайда, біз «Жанармай бекеттерінің жағдайы талапқа сай ма?» деген сауалға жауап іздегенді жөн көрдік.

Кәсіпкерлерге талап қоймаймыз, өтініш айтамыз

Қазіргі таңда Сағыз, Мұқыр, Миялы, Тасшағыл ауылдық округтерінде барлығы 10 жанармай бекеті халыққа қызмет көрсетіп отыр. Оның алтауы бензин, төртеуі газбен жүретін көліктерге арналған. Ауданда бензиннің бір литрі 155 теңге болса, газдың бағасы 60 теңге. Ал, Сағыздағы «Қазмұнайгаз» АҚ-ның жанармай бекетінінен бір литр бензинді 144 теңгеге алуға болады. Осы орайда, халық арасында «Бензин бағасы бақылауға алынбай кетті» деген пікір бар. Бұл туралы аудан әкімдігінің «Телеграмм» чатында да сұрақ қойылды. Жалпы елімізде кәсіпкерлерді қолдау мақсатында 2016 жылдан бастап жанармай бағасын бақылауды жергілікті мемлекеттік орган құзіретінен алып тастады. Сондықтан біз жанармай тасымалдаушы кәсіпкерлерге бағаны түсіру жайлы талап қоя алмаймыз. Дегенмен, қаңтар айында Миялы ауылындағы жанармай бекеттері бір литр бензинді 160 теңгеге көтергенде жолығып, бағаны түсіру жайлы түсінік жұмыстарын жүргіздік. Содан кейін бірінші 157 теңгеге, артынан бұрынғы бағасы 155 теңгеге түсті. Осы орайда, өтінішімізді жерге тастамаған кәсіпкер азаматтарға алғыс айтамыз. Сондай-ақ көптеген көлік жүргізушілер «Бензин Атыраудан арзан, біздің ауданда қымбат» деп жүр.

Мұның себебі – жолдың қашықтығынан деп ойлаймын. Бензин бағасын түсіру мақсатында біз бірнеше рет «Қазмұнайгаз» АҚ-ға хат жаздық. Олар Сағыз-Индер тас жолы аяқталғанда жол бойынан өздерінің жанармай бекетін салуды жоспарлап отырғандарын айтты. Аудан бойынша төмен баға әзірге Сағыздағы «Қазмұнайгаз» АҚ-ның жанармай бекетінде болып отыр. Алдағы уақытта тас жолы салынып болғаннан кейін аталмыш компания жанармай бекетін Миялыдан да ашып қалар. Сөйтіп бәсеке пайда болып баға да тұрақтанар деген ойдамын.

Ерболат ИҒАЛИ,

аудандық тұрғын-үй коммуналдық шаруашылық,

жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы

Күніне бір тонна жанармай сатылады

Аудан халқын жанармаймен қамту бизнесімен 1998 жылдан бері айналысып келеміз. Осы істі ауданда ең алғаш бастаған кәсіпкерлердің біріміз десек те болады. Қазіргі таңда Миялы ауылында екі жанармай бекетіміз бар. Екі бекетте бір жүргізуші, алты оператор жұмыс жасайды. Еңбек шарты бойынша қызметкерлер жанармай бекетінде ауысыммен қызмет атқарады. Жұмыс барысында қызметкерлерге ең бастысы қауіпсіздік екендігін ескертеміз. Екі жанармай бекетінде де өрт қауіпсіздігін болдырмау мақсатында мемлекеттік стандартқа сай барлық талаптар орындалған. Көп жағдайда бізге бензин бағасын өсірмеу, тұрақтандыру жайлы түрлі өтініштер айтылып жатады. Әрине, біз жүргізушілерді түсінеміз. Біз 2019 жылға дейін жанармайды облыстық әкімдікке сұраныс беру арқылы арзан бағада алып жүрдік. Ол кезде біз де бензинді «Қазмұнайгаз» АҚ-ның жанармай бекеттеріндегі бағамен саттық.

Алайда, 2019 жылдан бастап сұраныс беру тоқтап қалды. Сосын амал жоқтықтан жанармайды Атырау қаласындағы жеке кәсіпкерлерден көтерме бағамен алып жүрміз. Ал, биылғы жылдың басында бензин акцизі 10 теңгеге қымбаттады. Сол себептен бағаны 157 теңгеге көтердік. Баға өсуінің тағы бір себебі – біз шалғай ауданда орналасқанбыз. Ал, жанармай бизнесінде бұл үлкен рөл атқарады. Сондай-ақ, тағы бір мәселе – дизель отыны. Жанармайдың бұл түрі 2018 жылдан бастап қымбаттап кетті. Әрі сұраныс бергенннің өзінде кей кездері болмай қалады. Сондықтан әкеле алмай қалатын жағдайда жиі болып тұрады. Міне, жанармай тасымалдау саласында осындай кедергілер көп. Алайда, біз оған қарамай халықты жанармаймен қамту мақсатында барынша еңбектеніп келеміз. Қазіргі таңда екі жанармай бекетінен күніне бір тоннадай жанармай сатылады.

Бауыржан САБЫТАЕВ,

жеке кәсіпкер,

«Шағырай» жанармай бекетінің қожайыны

Басты талап – қауіпсіздік

Кез-келген сауда орны болсын, дүкен, жанармай бекеті болсын ең бастысы қауіпсіздікті ұмытпау керек. Соның ішінде жанармай бекеттеріне қойылатын талап жоғары. Себебі, бензин, газ, дизель отыны үшеуі өрт қаупін тудыратын отындар болып табылады. Осы орайда, жанармай бекеттеріне қатысты талаптарды айта кетейік. Ең бірінші жанармай бекетінде көліктердің кіру және шығу жолдары бөлек болуы тиіс. Бұл өрт оқиғасы болғанда жүргізуші мен жолаушылардың қауіпсіздігі үшін маңызды. Сондай-ақ, бекет аумағында көлік қозғалысын реттеу сызбасы мен өрт қауіпсіздігін алдын алу іс-шаралары жазылған ақпараттық тақта болуы шарт.

Ең маңыздысы – жанармай бекетінде су көздері мен өрт сөндіру құрылғылары тұрған аумаққа баратын жол үнемі ашық тұру міндетті. Одан бөлек бекет аумағында ашық отты пайдаланбау, темекі шекпеу сынды қарапайым ережелерді де қатаң ұстанған жөн. Жалпы аудан көлемінде бұған дейін жанармай бекеттеріндегі ірі өрт оқиғасы тіркелген жоқ. Бұл жанармай сатумен айналысатын кәсіпкерлердің қауіпсіздік талабын үнемі орындап бақылауға ұстап отырғанының арқасы деп білемін.

Марат КҮЗЕМБЕАВ,

аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің басшысы

Бағаға сапа сай болуы керек

Көлік жүргізіп келе жатқаныма жиырма жылдай уақыт болды. Өз көлігіммен Атырау, Ақтөбе, Орал қалаларына жиі барып тұрамын. Сонда байқағаным – әр жақтың жанармай бекеттерінде баға мен қызмет көрсету сапасы әртүрлі. Бір қуанарлығы біздің Атырау облысы аумағында бензин бағасы сәл де болса арзан. Алайда, қызмет көрсету сапасы төмен. Мысалы, Ақтөбе қаласында жанармай бекетіне барсаң болды «Аға қанша литр жасайсыз, өзім құйып беремін» деп «пистолетчик» бала шыға келеді. Тіпті көлігіңнен түспейсің. Одан қалды қосымша ақыға көліктің терезесін сүртіп, дөңгелегін жуып беретіндер де табылады. «20 литрден жоғары жасасаңыз 3 литр бензин сыйлыққа» деген акциялар да болып тұрады. Әрине, бұл сервистік қызметтің жоғарылығын көрсетеді.

Ал, енді осындай қызмет біздің ауданда бар ма? Бір білерім – Сағыздағы «Қазмұнайгаз» АҚ-ның жанармай бекетінде «пистолетчик» қызметкер болады. Оның өзі кейде көрінбейді. Мұқыр ауылындағы жанармай бекетінде тіпті көлеңке болып тұратын шатыр жоқ. Бекетке кірер жол ойқы-шойқы. Миялыдағы жанармай бекеттерінде де қызмет көрсету төмен. Мәселен, Жангелдин ауылына шыға берістегі бекеттің кіру және шығу жолы өте нашар. Сондағысы 10-15 метр жер. Сол жерде асфальтпен бірдей қылып жасап қоюға болады ғой. Бұл Сағыз ауылына шыға берістегі бензин сататын жанармай бекетіне де айтылатын сын. Кәсіпкерлер халықтың арқасында бензинін сатып, күнін көріп отыр. Енді соған жауап есебінде жол сапасын, қызмет сапасын жоғарылатқаны абзал.

Қырықбай ЖАЙШЫБАЕВ,

такси жүргізушісі

Үйден сататындарға бақылау болмай тұр

Осыдан бір жыл бұрын Қарабау ауылы арқылы Атырау қаласынан келе жатып, көлігімнің бензині таусылып келе жатқанын байқадым. Сосын жол бойындағы ауылдардың біріне кіріп, бензин сататын жер іздедім. Тұрғындардың жол сілтеуімен бір үйге бардым. Барсам үй иесі шығып «Бензин бір литрі 176 теңге» дейді. Дауласып жатуға уақыт та, амал да жоқ, сол жерден ауылға жететіндей етіп құйып алдым. Сосын әлгі ауылдан шыға берісте көлігім іркіп барып, сөніп қалды. Бір кезде қайтадан қызды. Сөйтіп, Миялыға жеткенше 3-4 мәрте әлгіндей жағдай қайталанды. Кейін ойланып қарасам сапасыз бензиннен екен. Содан бері, тек қана жанармай бекеттерінен бензин құятын болдым. Осы орайда, менің ұсынысым – үйден бензин сататындарды бақылауға алған жөн. Олардың көбінің бағасы удай қымбат әрі сапасы нашар. Ел арасында «Үйден сататындар бензинге су қосады» деген әңгіме бар. Әрине, мен өзім ешкімнің су қосқанын көрген жоқпын. Алайда, жанармай бизнесімен айналысатындарға айтарым – жолаушылардың тағдырымен ойнамаңыздар. Сізден жанармай құйған көлік алыс жолға бара жатып, сапасыз бензин салдарынан аяз немесе ыстық күндері айдалада тұрып қалуы мүмкін. Сол себептен, құзырлы органдар осы мәселені қолға алғанын қалаймын.

Тұрсын СЕРІКҰЛЫ,

Миялы ауылының тұрғыны

Дизель отыны тапшы

Қазіргі таңда, қара жер мен төрт түлік малдан ризық терген шаруа қожалықтары үшін ең басты мәселе – дизель отынының тапшылығы болып отыр. Міне, екі жыл болды солярка таптырмайды, табылса да бағасы аспандап тұр. Бұрын бензиннен арзан болған дизель отынының бағасы қазір 200 теңгеден бір-ақ шықты. Мемлекет тарапынан кәсіпкерлерді, қожалықтарды қолдау керек деп жатыр ғой. Осы орайда, дизель отынына субсидия берілсе деген тілегім бар. Алайда, ол өтініш күйінде қалатын сияқты.

Себебі, өткен жылы Қазақстан Республикасының энергетика министрлігі «Аталмыш отын түрінің бағасы нарық заңдылығына сай өсіп отыр. Оған тосқауыл қоя алмаймыз» деген мәлімдеме таратты. Минстрлік шеше алмағасын біз не істейміз? Енді 3-4 айда шабындыққа шалғы түседі. Нағыз дизель отынының керек кезі сол уақыт. Осы бастан соны уайымдап отырмыз. Бара-бара тракторды қойып, шөпті қолмен шаппасақ жарар еді...

Тоқтамыс БЕРЕКЕТ,

шаруагер

Түйін.

Бір қарағанда өзектілігі жоқ, қарапайым тақырып сияқты көрінгенімен жанармай бекеттерінің де өзіндік түйіткілдері жетерлік. Ең бастысы – жергілікті орган басшысы да, кәсіпкер де, көлік жүргізушілер де мәселені ашып айтып, бүкпесіз сыр ақтарды. Әрқайсысының өз уәждері мен айтар ойлары түгел қамтылды. Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні – кәсіпкер де, қарапайым халық та зиян шекпейтіндей екі жаққа тиімді бағдарлама қабылданып, жүзеге асуы керек. Сонда бұл мәселеге нүкте қойылады деп есептейміз.

Дулат ҒҰБАЙДУЛЛИН

Сурет: ашық дереккөзден

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521