Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев елдегі жағдайға байланысты Қазақстан халқына үндеуін жолдады.
Президент өз сөзінде бұл күрделі жағдайды ел болып бірге еңсеретінімізді алға тартып, жаһанда тараған қатерлі кеселмен күресуде қазақстандықтарға сенім білдірді. Сондай-ақ, ол жалған ақпарат таратып, дүрбелең туғызатындар заңға сәйкес жауапқа тартылатынын мәлімдеді. Осы орайда, аудандық полиция бөлімі Жергілікті полиция қызметі бөлімшесінің бастығы Асхат Құлбаевтың айтуынша, төтенше жағдайға байланысты аудандағы сауда орындары мен адам көп жиналатын жерлердің жұмыс кестесі өзгеріп, іс-шаралар кейінге шегерілді.
Алайда, осыған байланысты әлеуметтік желілер мен интернет ресурстарда таралып жүрген жалған ақпарат толастар емес.
– Елімізде жалған ақпарат таратқаны үшін қылмыстық жауапкершілік қарастырылған. Қылмыстық Кодекстің 274-бабы “Көрінеу жалған ақпарат тарату” – қоғамдық тәртіпті бұзу немесе азаматтардың немесе ұйымдардың құқықтары мен заңды мүдделеріне не қоғамның немесе мемлекеттің заңмен қорғалатын мүдделеріне елеулі зиян келтіру қаупін төндіретін көрінеу жалған ақпарат тарату деп көрсетілген. Ал, Қазақстан Республикасы «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» Кодексінің 476-бабына сәйкес, Төтенше жағдайдың жариялануына байланысты мемлекеттiк орган белгiлеген режимдi бұзу немесе талаптарды орындамау – ескерту жасауға немесе 10 АЕК мөлшерiнде айыппұл салуға не 15 тәулікке дейін әкімшілік қамаққа алуға әкеліп соқтырады. Бұл Қазақстан Республикасы “Төтенше жағдай туралы” заңының 22-бабында нақты жазылған. Сонымен қатар, осы заңның 478-бабында Төтенше жағдай кезiнде құқықтық тәртiпті бұзуға итермелейтiн әрекеттер толығымен көрсетілген. Яғни, Қазақстан Республикасы «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» заңының 476-бабы, 6-тармағына сай, карантин және басқа да мiндеттi санитариялық-эпидемияға қарсы iс-шараларды өткiзу – ескерту жасауға немесе 10 АЕК мөлшерiнде айыппұл салуға не он бес тәулікке дейін әкімшілік қамауға алуға әкеп соғады. Сондықтан, жалған ақпарат таратып, халықтың үрейін ұшырудың қажеті жоқ, - дейді аудандық полиция бөлімі Жергілікті полиция қызметі бөлімшесінің бастығы Асхат Құлбаев.
Сақтық шаралары қажет
Аудандық кәсіпкерлік және ауылшаруашылық бөлімінің басшысы Зинеш Сарбуфееваның мәліметіне сүйенсек, қазіргі таңда аудандағы барлық сауда орындары, қоғамдық тамақтану орындарының тізімі шығарылып жаднамалар таратылуда. Ірі сауда обьектілері санитарлық қауіпсіздік шараларын жүргізіп, жұмыс уақыты сағат 10:00-ден кешкі 18:00 дейін шектелді. Зат базарының жұмысы санитарлық және дезинфекциялық кауіпсіздік шараларын жүргізе отырып, сағат 11:00-ден 17:00-ге дейін жұмыс жасайды. Кафелер мен мейрамханаларға келушілер саны елуден аспауы ескертілді. Және кешкі сағат 22:00-ге дейін ғана жұмыс жасамақ. Сондай-ақ, көпшілік жиналатын отбасылық салтанаттар мен еске алу шараларына тыйым салынды.
Жеке кәсіпкер Наурыз Сәлімгереев:
- Елдегі жағдайға байланысты тапсырыстардан бас тарттық. Тапсырыс беруші де, халық та түсіністікпен қарайды деп ойлаймыз. Өйткені, адам денсаулығы бәрінен де маңызды. Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын деп тілеймін,- деген пікір білдірсе, Ойыл ауылдық округінің тұрғыны Мереке Ақсеренов - 22 наурызда анамыздың туған күнін өткізуді жоспарлаған едік. Алайда, төтенше жағдайға байланысты кейінге қалдырып отырмыз. Бұл орайда, мейрамхана иесіне қояр талабымыз жоқ. Бәріне де түсінісітікпен қараймыз,-дейді.
Жалпы, аудандағы жағдай тұрақты. Десе де сақтық шараларын қатаң сақтау әр адамның міндеті.
Гүлмира ТІЛЕГЕНОВА
Сурет: ашық дереккөзден