Өткен аптада аудандық сотта әлеуметтік сала басшылары мен мамандарының қатысуымен әлеуметтік қамсыздандыру мәселелері бойынша енгізілген өзгерістерді түсіндіру бағытында дөңгелек үстел өтті.
Жиынды ашып жүргізген аудандық соттың төрағасы Айтжан Досмағамбетова шараның мақсаты мен маңызына тоқталған соң, атаулы әлеуметтік көмек тағайындау үшін жиынтық табысты есептеу тәртібіне енгізілген өзгерістерден кейін алимент өндіру үшін сотқа арызданғандар саны бірнеше есеге көбейгенін жеткізіп, слайд арқылы заңға енгізілген өзгерістерді бұрынғы нұсқасымен салыстыра отырып, талқылау жұмыстарын жүргізді. Жалпы, енгізілген өзгерістерден соң аудандық сотқа түскен алимент өндіру бойынша іс күрт өскен. Яғни, 2018 жылы алимент өндіру бойынша аудандық сотқа 19 іс түссе, өткен жылы бұл көрсеткіш 32 іске жеткен. Бұдан кейін сөз алған аудандық жұмыспен қамту, әлеуметтік бағдарламалар және азаматтық хал актілерін тіркеу бөлімінің басшысы Болат Салықов атаулы әлеуметтік көмек жөніндегі тиісті қағидаларға енгізілген өзгерістерге қысқаша тоқталып өтті.
Жалпы айлық табысы кедейлік шегінен төмен жеке тұлғаларға мемлекеттен берілетін атаулы әлеуметтік көмек шартты және шартсыз болып екіге бөлінеді. Жұмыс жасауға мүмкіндігі жоқ жандарға қаржы шартсыз түрде берілсе, шартты түрде берілетін жәрдемақы отбасында еңбекке қабілетті адамдарды жұмысқа тарта отырып беріледі. Бұрын берілген жұмыстан бас тартқан жандарға бірінші ескерту беріліп, екінші рет жәрдемақының 50 пайызы, үшінші мәрте жіберілген жұмысқа бармаса жәрдемақы қиылып, қалған отбасы мүшелеріне жәрдемақы төленетін еді. Ал, қазіргі өзгерістерге байланысты отбасы мүшелерінен біреуі берілген жұмыстан бас тартса, отбасының барлығына бірдей атаулы әлеуметтік көмекті төлеу тоқтатылады.
Бұрын атаулы әлеуметтік көмек алушылар бірнеше құжат жинап тапсыратын болса, қазір жеке куәліктің көшірмесі мен өтініш береді. Қалған қажетті құжаттар «Е-халық» жүйесінен алынады. Алименттің табыс көзіне қосу заңдылығын түсіндірген аудандық жұмыспен қамту орталығының кеңесшісі Ақтоты Тасжанованың айтуынша, бұрынғы қағида бойынша төленген алимент алып отырған жұбайының отбасының жиынтық табысына қосылып, алимент төлеп отырған жанның отбасының табысына есептелмейтін болса, қазіргі өзгерістерге сай егер жұбайлар арасында неке бұзылып, алимент талап етілмесе табыстары екі жаққа да кіреді. Алимент талап еткен жағдайда алимент қана есепке алынады. Ал, некелерін бұзып, алимент талап еткенмен бір мекенжайда тұрып жатқан отбасының табыстары толық қосылып, есептеледі. Сондай-ақ, шараға қатысқан «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік коорпорациясы» комерциялық емес акционерлік қоғамының Атырау облыстық филиалы Қызылқоға аудандық бөлімшесінің директоры Жанар Асанғалиева өз құзіреті аясында мемлекеттік жәрдемақылардың кімдерге берілетінін және берілу тәртібін қысқаша түсіндіріп өтті.
Бауыржан БЕРДІҒАЛИЕВ