ЗАҢ БҰЗУШЫЛАРҒА ЖАЗА ҚАТАҢ

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің кейбір баптарына өзерістер мен толықтырулар енгізіліп, кінәлі тұлғаларға тағайындалатын жаза түрі мен мөлшері қатаңдатылды.

Оған, «Малым-жанымның, жаным-арымның садақасы» деп отырған халықтың адал еңбегімен бағып, көзінің қарашығындай сақтап жүрген төрт түлігін жасырын жымқырушылардың саны жыл санап өсуі, әйел адамдарға, кәмелетке толмағандарға, жол көлік оқиғасымен байланысты қылмыстық құқықбұзушылық санының артуы себеп болып отыр. Міне, осы жайтты құқық қорғау қызметкерлері арасында өткен дөңгелек үстелде аудан прокуроры Бақтияр Кеулімжай тәптіштеп түсіндірді. Прокурордың мәлімдеуінше, Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексі мал ұрлау (188-1 бабы), есірткі, психотроптық заттарды немесе сол тектестерді, прекурсорларды насихаттау немесе заңсыз жарнамалау (299-1 бабы), алкогольдік, есірткілік және (немесе) уытқұмарлық масаң күйде көлік құралдарын басқаратын адамдардың жол жүрісі немесе көлік құралдарын пайдалану қағидаларын бұзуы (345-1 бабы), жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі мемлекеттік инспекторға, жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі мамандандырылған ұйым инспекторына, қорықшыға қатысты күш қолдану (380-2 бабы) сынды жаңа ұғымдағы баптармен толықтырылды. Бөтеннің малын жасырын жымқырушыларға қатысты ең жоғарғы жаза кінәлі тұлғаның мүлкін мемлекет пайдасына тәріклеу арқылы, 12 жылға бас бостандығынан айыруға дейін қатаңдатылды.

Мәселен, бұрын алдын ала сөз байласқан адамдар тобымен немесе ірі мөлшерде материалдық залал келтірумен жасалған мал ұрлығы бойынша 5 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы көзделсе, соңғы өзгерістерден кейін бұл санаттағы қылмыстар үшін кінәлі тұлғаның мүлкін мемлекет пайдасына тәркіленіп, 7 жылға дейін бас бостандығынан айырылатыны кодекс нормаларында айқындалған. Сонымен қатар, қылмыстық кодекске енгізілген өзгерістерге дейін бөтеннің малын жасырын жымқырған кінәлі тұлға жәбірленушімен татуласып, келтірген материалдық шығынның орнын толтырса қылмыстық жауаптылықтан босатылатын еді. Енді, бұл санаттағы қылмыстық құқықбұзушылықтар ауыр қылмыстардың қатарына іліккендіктен, кінәлі тұлға жәбірленушімен бітімгершілікке келсе де, жазаға тартылатынымен ерекшеленеді. Сондай-ақ, Қазақстан Республикасы Қылмыстық Кодекстің 68 бабы, 4 бөлігі 8 тармағына енгізілген соңғы өзерістерге сәйкес, күдікті жәбірленушімен өзара бітімгершілікке келуіне байланысты бір рет қылмыстық жауаптылықтан босатылса, екінші рет аталған мүмкіндікке (жеңілдікке) ие болмайтындығымен толықтырылды.Бұл, өзгеріс үнемі қылмыс жасап, жәбірленушілермен татуласу арқылы жауаптылықтан босап одан әрі, заңсыз іс-әрекетін жалғастырып жүрген азаматтарға қатысты қабылданған тосқауыл шарасының бірі.

Яғни, бұрын жасаған қылмысы үшін жауаптылықтан босатылған тұлға құқықбұзушылық іс-әрекетін қайталған жағдайда, сот үкімімен жаза алып, мерзімі аяқталғанға дейін жүріп-тұру еркіндігі шектеліп, құқық қорғау органының бақылауында жүретіндігін ескерге жөн. Бұдан басқа, әйел адамға, кәмелетке толмағандарға, оның ішінде соңғылардың жыныстық тиіспеушілігі мен жол көлік оқиғаларымен байланысты қылмыстық құқықбұзушылықтар үшін де тағайындалатын жаза мөлшері күшейтілді. Мысалы. әйел адамға немесе кәмелетке толмағандардың жыныстық тиіспеушіліген қарсы жасалған қылмыстар үшін ең жоғарғы жаза жиырма жылға дейін не өмір бойына бас бостандығынан айыру жазаларымен толықтырылды. Ал, көлік құралдарын басқару құқығынан айырылған және алкогольдік, есірткілік және (немесе) уытқұмарлық масаң күйдегі адамның көлік құралын басқаруы, сол сияқты көлік құралын басқаруды осындай адамға беру немесе көлік құралын осындай адамның басқаруына жол берген кінәлі тұлғаларға автокөлік басқару құқығынан өмір бойына айыра отырып, 4 жылдан 10 жылға дейінгі аралықта бас бостандығынан айыру жазаларын қолдану қарастырылған. Одан бөлек, көлік басқару құқығынан айырылмаған тұлғалардың алкогольдік, есірткілік немесе уытқұмарлық масаң күйде көлік құралдарын басқарып, жол жүру ережелін бұзғандардың жауаптылығы 345-1 бабымен толықтырылып, тағайындалатын белгiлi бiр қызметпен айналысу, бас бостандығынан айыру жазалары 10 жылға дейін қатаңдатылды. Қысқасы, оңай жолмен олжа тауып, жағдайымды түзеймін дейтін жандар әсте қателеседі. Риызықты жерге дән сеуіп, егін егіп, мал бағып немесе заңмен тыйым салынбаған кәсіптің кез келген түрімен айналысып, адал еңбекпен де алуға болатыны сөзсіз. Ендеше, «Маңдай термен тапқан нан - қашанда тәтті» деген, нақыл сөзді санамыздан шығармағанымыз жөн.

Сатыбалды САҒЫМПАЗОВ

COVID 19

covid

Соңғы жаңалықтар

Фотогалерея

Тәуелсіздікке 30 жыл

tuelsizdikke-30-zhyl

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 775 798 46 24     +7(7122) 45-85-21