Атырау обл, Миялы ауылы, Қ.Сәтбаев көшесі, №17 үй. 8 (712) 3821738 mialy44@mail.ru

Қызылқоғадан сармат жауынгері табылды (жалғасы)

Қазба жұмыстарының басы-қасында жүрген тарих ғылымдарының кандидаты, археолог Марат Қасеновтің айтуынша, Миялыдан солтүстік-шығыста 6 шақырым қашықтықта орналасқан Миялы қорғандар тобында 18 қорған бар.

Бірінші қорғанды қазу барысында үш адам қабірі шыққан. Бірінші қабірдегі толық сақталған әйел адамның сүйегінің бас жағына жылқының бас сүйегі қойылса, бел және аяқ тұсында жылқының ұзын жіліктері мен тұяқтары қойылған. Жылқының бас сүйегінде әбзелдерімен мыс және күміс материалдарынан жапырақ, сүйір, сопақша, төртбұрышты жапсырмалар бар. Темір ауыздығы, темір үзеңгісі сақталған. Ал, адам қаңқасының бел тұсында күмістен және қоладан жасалған әр түрлі әшекей заттар, аяқ тұсында көптеген дөңгелек, түйме, шеге тәрізді жапсырмалар шықса, кеуде тұсынан дискі пішінді қорғасыннан жасалған бұйым, темір пышақ, темір қайшы шықты. Бұл қабірдегі адам шамамен X-XI ғасырларда Солтүстік Каспий маңын мекен еткен көшпелі печенек тайпаларына тиесілі болуы мүмкін. Екінші қабірден шыққан ер адамның сүйегінің бас жағына да жылқының бас сүйегі, белінің тұсына темір семсер қойылған. Ұзындығы 80 сантиметр болатын мұндай семсерлер ХІ ғасырға тән. Ал, 3 метр тереңдіктен шыққан тағы бір қабір толық тоналғанымен одан адам киіміне жапсырылған алтын әшекейлер табылды. Бұл қабір сармат тайпаларына жатады.

– Екінші қорғанды қазу барысында жер бетінен 3,5 метр тереңдіктен жақсы сақталған, темір сауытты адам қабірі кездесті. Қабірде ағаштан жасалған бұйымдар, жақсы сақталған қола ожау бар. Мұны біз қабірдің бетін жартылай ашқанда байқадық. Оны облыстық музейде арнайы мамандар ашады. Маңыздысы қабір тоналмаған. Одан әлі құнды жәдігерлер шығатыны сөзсіз.

Үшінші қорған қазылу үстінде. Жалпы, Қызылқоға өңірі тарихқа бай. Ойыл өзені бойында да зерттеуді қажет ететін 100-ге жуық обалар бар. Кезінде Сарайшық пен көне Үргенішті жалғастырған Ұлы Жібек жолы бойында орналасқан ортағасырлық Таскешу керуен сарайы да Қызылқоға жерінде. Көпестер мен дәулетті саяхатшыларға қонақ үй ретінде салынған бұл сарай әлемдегі түгелдей қыш кірпіштен қаланған жалғыз нысан. Қазіргі Миялы қорғандарынан табылған жәдігерлердің өзі Қызылқоға өңірін әлемге танытады деген ойдамын, - дейді әлгінде айтқан археолог Марат Қасенов.

Шындығында, өткенімізді жаңғыртып, тарихымызды айшықтайтын жәдігерлер талай жылдар бойы топырақ астында жатқаны анық.

Елбасы Н.Назарбаев «Ұлы даланың жеті қыры», «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақалаларында көрсетілгендей осы қасиетті орындарды зерттеу арқылы өзіміздің тарихымыздың тектілігін, түп-тамырымыздың тереңде жатқандығын кейінгі ұрпаққа жеткізуге тиіспіз. Және де бұл кезек күттірмейтін мәселелердің бірі болуы тиіс.

Бауыржан САҚТАСИНОВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT