Әлемде технология көз ілеспес жылдамдықпен күн сайын жаңарып, даму үстінде. Болашақта елдің байлығы, даму көрсеткіші жерасты байлықтарының көлеміне қарай емес, заманауи технологияны қаншалықты игергендігіне, онымен жұмыс істеу әдетінің қалыптасуына байланысты болмақ.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Үкіметтің кеңейтілген отырысында еліміз цифрландыру ісінде, әсіресе мемлекеттік қызмет көрсету саласын цифрландыру жолында едәуір жетістікке жеткенімізді атап өтті. Қытай тарапының цифрландыру мәселесімен, жасанды интеллектіні ойлап табумен айналысатын өкілімен кездескенін айтқан Мемлекет басшысы елімізге Қытай тәжірибесін міндетті түрде қолдану керектігін баса айтты. Сөйтіп, Үкіметке мемлекеттік органдар мен ұлттық компанияларға жасанды интеллект технологиясын енгізу жұмысын қолға алуды тапсырды.
Бүгінде цифрлық технологиялар жаһандық экономикалық дамудың негізгі факторларының біріне айналып отыр. Мемлекет басшысы айқындап бергендей, цифрландыруды кеңінен қолданысқа енгізу – елімізді жаңғыртудың басты бағыты. Цифрлық технология қоғам өміріне әсерін молынан тигізуде. Соның нәтижесінде денсаулық сақтау мен білім беру, қала тіршілігі, жалпы адамның күнделікті өмірі айтарлықтай өзгеріп, жаңа сипатқа ие болуда. Цифрлық экономикаға көшкен кезде, білім беру инфрақұрылымын жаңа қажеттіліктерге бейімдей алған мемлекеттер ғана өздерінің экономикалық ұстанымдарын барынша бекемдей алады. Зерттеулерге сай, алдағы 10-20 жылда қазіргі бар мамандықтардың жартысына жуығы қажетсіз болады.
Бізге шет елдердің технологиясы мен идеяларын алу және оны қолдану – жақсы мүмкіндік. Бірақ оған дейінгі дайындықты жасау керек деп ойлаймын. Жасанды инттелектті тиімді қолдану үшін бізге ең алдымен интернет жүйесін ретке келтіру керек. Ауылдық жерлердегі интернет жылдамдықтарын айтпаса да белгілі. Екіншіден, цифрлық сауаттылыққа үйрету үшін жағдаяттар жасау. Мысалы, онлайн курстар, шеберлік сағаттарын өткізу, мобильді қосымшалар дайындау. Жасанды интеллект сервистерін қолдануға ыңғайлы жағдайда аккаунттар алып беру. Қазақта «Әуелі ыдысыңды жу, сосын асыңды құй» деген сөз бар, яғни бізге ең алдымен дайындық шарасын реттеу керек. Бір сөзбен айтсақ, еліміздің одан әрі өркендеуі цифрландыру қарқынын жеделдетумен, экономиканың барлық секторларына цифрлық тетіктерді белсенді енгізумен тығыз байланысты.
Дархан ҚАБИЖАНҰЛЫ,
Д.Қонаев атындағы BINOM SCHOOL мектеп лицейінің информатика пәні мұғалімі