Атырау обл, Миялы ауылы, Қ.Сәтбаев көшесі, №17 үй. 8 (712) 3821738 mialy44@mail.ru

Тұрмыстық зорлық-зомбылық үшін жаза қатаң

сурет ғаламтордан алынды

Тұрмыстық зорлық-зомбылыққа бейжай қарауға болмайтынын уақыт көрсетті. Жыл сайын отбасындағы әлімжеттіктен зардап шегетіндер санының көбеюі заңды қатаңдату қажеттігін алға шығарады. Әсіресе, аналар мен балалардың тұрмыстық зорлық құрбанына айналуы жалпы қоғамды алаңдатпай қоймады. Көпшілікті толғандырған бұл мәселеге Мемлекет басшысы да дер кезінде назар аударып, құзырлы органдарға отбасы институтының маңызын арттыру, тұрмыстық зорлыққа қатысты жауаптылықты күшейту бойынша нақты тапсырма жүктеген еді. Соның нәтижесінде «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне әйелдердің құқықтары мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері бойынша өзгертулер мен толықтырулар енгізу туралы» заң дайындалып, жақында қолданысқа енгізіледі.

Құжаттың көпшілік пікірін ескере отырып, асқан ұқыптылықпен дайындалғанын байқамау мүмкін емес. Себебі мұнда ана мен баланың құқықтық тұрғыдан қорғалуына мүмкіндік беретін барлық тетік ескерілген. Айталық бұған дейін тұрмыстық зорлық-зомбылық үшін Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекс бойынша жауаптылық белгіленіп келгені белгілі. ӘҚБтК-нің 73-1, 73-2 баптарында отбасының тыныштығын бұзып, жақындарына жәбір көрсеткендердің әкімшілік жауаптылығы дәйектелген болатын. Бұл заңнаманы қолданғанда отбасылық сыйластықты сақтап, жақындар арасындағы қарым-қатынасты алшақтатпау үшін мейлінше жеңіл жаза қарастырылып келген еді. Алайда күнделікті сот тәжірибесі жазаның жеңілдігі әлімжеттік жасаушыларға ой салмайтынын, керісінше жазасыздық қатыгездік пен жаңа қылмыстың туындауына түрткі болатынын көрсетті. Соған орай жаңа заңда бұл баптар Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстен алынып, Қылмыстық кодекске қылмыстық теріс қылық ретінде ауыстырылды. Осылайша Қылмыстық кодекс жаңа 108-1 және 109-1 баптарымен толықтырылды.

Бұрын отбасындағы әлімжеттік үшін ескерту алып, аз ғана айыппұл немесе қамаққа алынумен шектеліп жүргендерге енді салынатын айыппұл қомақты, белгіленетін жаза да қатаң. Қылмыстық кодекске енгізілген 108-1 бабына сай «Денсаулыққа қасақана жеңіл зиян келтіргендер» 200 АЕК-ке дейінгі мөлшерде айыппұл арқалап немесе сол мөлшерде түзету жұмыстарына жіберілуі, неболмаса 200 сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартылуы, сондай-ақ 50 тәулікке дейінгі мерзімге қамаққа алынуы мүмкін. Ал осы заңсыздықты бірнеше адамға немесе бірнеше рет аса қатыгездікпен тәуелді адамға қатысты жасаған жағдайда жауаптылық жоғарылай береді.

Сондай-ақ жәбірленушіні ұрып соққан айыптыларға да Қылмыстық кодекс шеңберінде жауаптылық белгіленеді. ҚК-нің 109-1-бабына сай мұндай қылмыстық теріс қылыққа жол бергендердің 80 АЕК-ке дейінгі мөлшерде айыппұл арқалап, сол мөлшерде түзеу жұмысына немесе 80 сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартылуы және  25 тәулікке дейінгі мерзімге қамаққа алынуы заңмен қарастырылған. Жазаны ауырлататын мән-жайлар болған кезде жасалған қылмыстық жауапкершілік қатаңдай береді.

Бұл заңның нағыз халықтық заң, елдік заң болғаны күмән тудырмайды. Өйткені «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне әйелдердің құқықтары мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңның талқысына бүкіл қоғам атсалысты. Мұндағы толықтырулар мен түзетулер қоғамда қызу сарапталды. Осының өзі ана мен баланың тағдырына қоғамның атүсті қарамайтынын, отбасындағы құндылықтарды қадірлеу, тұрмыстық зорлық-зомбылыққа жол бермеу мәселесі көпшілікті шынайы алаңдататынын аңғартты. Енді осы ел мүддесіне лайықталып дайындалған заңның жаңашылдықтарын тұрғындарға жеткізіп, құқықтық сауатты арттыру – баршамыздың парызымыз.

 

   Мерлан ҚҰСАЙЫНОВ,

  Исатай аудандық соттың төрағасы

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT