Атырау обл, Миялы ауылы, Қ.Сәтбаев көшесі, №17 үй. 8 (712) 3821738 mialy44@mail.ru

Тұрғындардың тілегі естен шықпайды

Алты елді мекен мен округ орталығындағы көтерілген мәселелерді, тұрғындардың айтқан ұсыныс-пікірлерін жинақтап, округ әкімі Мереке Есқалиевпен әңгімелестік.

– Мереке Василийұлы, елді мекендерге жуық арада газ желісі тартыла ма? Мал өрісі неге тар?

– Өткен жылы алты елді мекенге газ желісін тарту үшін жобалау-сметалық құжаттамасы жасақталды. Бүгінгі күні осы елді мекендердің перспективасы зерделенуде. Егерде көшу тоқтап, келушілер көбейіп жатса газ құбыры жүргізіледі. Тасқұдық елді мекенінен екі шақырым қашықтықта жаңадан ашылған «Аман» кен орнына Жантеректен газ желісін тарту жұмыстары жүргізілуде. Аудан әкімі Нұрсұлтан Бисембиев аталмыш мекемеден газ желісін тарту жөнінде басшыларымен келіссөздер жүргізуде. Мен округке әкім болып келгенге дейін ауылға жақын жерден шаруа қожалықтарына жер телімі берілген. Қазір шаруашылық үшін жер телімі ауылдан 15 шақырымнан кейін беріледі.

– Ауыз сумен қамтамасыз ету бағытында қандай жұмыстар атқарылуда?

– Биыл «Кереген» жер асты су қорынан қосымша үш ұңғыма қазылды. Келесі жылы тұрғындар ауызсумен толықтай қамтылады. Ауыл ішінен екі құдық қазып, пайдаланып отырмыз. Кенбай стансасын ауыз сумен жабдықтау үшін жобалау-сметалық құжаттамасы дайындалды. Тасқұдық елді мекеніне «ҚазТрансОйыл» мекемесі арқылы уақытпен ауызсу беріліп тұр, «Анако» ЖШС-нен тұрғындардың жеке малын суару үшін су берілуде. Соркөл мен Сарқұмақ елді мекеніне ауыз су желісін жүргізуге жобалық-сметалық құжаттарын жасау үшін ауылдың перспективасы зерделену керек.

– Соркөл мен Тасқұдықта интернет байланысы неге нашар?

– Кезінде орталықтардан қашықта орналасқан шағын елді мекендерге ұялы байланыс телефон желілері жүргізілмеген. Соркөлдегі алты тұрғын үйі мен Тасқұдық бастауыш мектебіне Beeline желісіне ұялы байланыс күшейткіші (усилитель сотовой связи) орнатылды.

– Жамансор ауылы тұрғындарының ұсыныс-пікірлері қаншалықты орындалуда?

– Салынып жатқан ауылішілік жол теміржолдың екі бетін қамтитындықтан Жамансордағы мектеп пен теміржол вокзалы маңы асфальтталады. Бетон плиталарды ауылдың «ҚайнарМұнайГаз» мұнай-газ өндіру басқармасы бетіндегі үйлердің көшесіне төсеуді жоспарлап отырмыз. Ойын алаңдары әлі қабылданған жоқ. Оның сапасыздығы кәсіпкерге ескертілді, кемшілік түзетіледі. Бірақ балалар ойнайтын құрылғыларға ересектердің отырмаулары қажет. Жамансордан 120 орындық тоғызжылдық мектепті 60 орындық интернатымен салуға жобалық-сметалық құжаты жасақталды.Қазіргі жағдайға байланысты басталмаған құрылысты қаржыландыру тоқтап тұр. Мектеп үйі салынған жағдайда оған қажетті баламен бірге арнайы мамандар, қызметтік үйлер керек. Оның барлығы қаржыға келіп тіреледі. Балабақша салу мәселесі де солай.

– Аяқталмаған құрылыстар қашан бітеді? Балабақша салу жоспарда бар ма?

– Мәдениет үйі құрылысының бітпеуі мердігер мекеменің жауапсыздығынан. Жақында қосалқы мердігер мекемесі қолға алған құрылыс жұмысы қайта жанданбақ. Ауылішілік және жаяу жүргіншілер жолдарын салып жатқан мердігер мекеме Сағыз ауылында да аталмыш жұмыстарды жүргізуде. Сондықтан, үлгере алмай жүрген секілді. Бұл жұмыстар округ әкімдігінің бақылауында. №6 ауылдан балабақша салу туралы жергілікті қоғамдастық жиналысында қаралып, қолдау таппады. Спорт кешенін салу үшін 2018 жылы аудан әкімі мен жеке кәсіпкер арасында меморандумға қол қойылып, жобалық-сметалық құжаттары жасақталды. Келесі жылы №6 және №4 ауылдардан 6 шақырым ауылішілік және жаяу жүргіншілер жолын, 12 шақырым көше жарығын жүргізу жоспарланып отыр. Елді мекендерді көгалдандыру бағытында көшелерге қоршау орнатып, ішіне тал егуді қолға аламыз.

– Округ бойынша тұрғын үй мәселесі қалай шешілуде?

– Округ бойынша тұрғын үй кезегінде 14 адам тұр. Биылғы жылы 142 жер теліміне инженерлік инфрақұрылым жүргізілуде. Биыл еріктілер қаржы жинап, Мұқыр ауылынан үш отбасына, бір зағип жанға баспана сатып алып берсе, тыл ардагері Шөкенай Жұмашеваға баспана алып беру үшін еріктілер қаражат жинауда.

– Округ тұрғындарымен қаншалықты тығыз байланыстасыз?

– Мұқыр ауылдық округіне қатысты жеті чат бар. Сол арқылы тұрғындардың сұрақтарына жауап беріп, кері байланысқа шығамын. Қабылдауыма келген адамға есігім ашық. Сондай-ақ, күнде таңертең жұмысқа бір сағат ерте шығып, ауыл ішін жаяу аралауды, кездескен тұрғындармен пікірлесіп тұруды әдетке айналдырдым. Екі күндік іссапарымызда Мұқыр ауылдық округінде өзекті мәселелермен бірге, шешімін тапқан жұмыстардың да бар екенін білдік. Дегенмен, ауылын көркейтіп, халықтың әлеуетін арттыруда әлі де біраз жұмыстар атқарылуы керек.

Бауыржан БЕРДІҒАЛИЕВ

Тіркелген жұмыссыздар – 341 адам

Тұрақты жұмысқа орналасқандар – 88 адам

Ақылы қоғамдық жұмысқа тартылғандар – 95 адам

Грантқа ие болғандар – 8 адам

Қайта даярлау курсында оқығандар – 11 адам

Несие алғандар – 3 адам

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521