Атырау обл, Миялы ауылы, Қ.Сәтбаев көшесі, №17 үй. 8 (712) 3821738 mialy44@mail.ru

Мұқырдың да мұңы мол

Билік пен бұқараның арасы қаншалықты жақын, ауылдар мен елді мекендердің бүгінгі күнгі ахуалы, ондағы тұрғындардың тұрмыс-тіршілігімен танысу бағытындағы іссапарымыз Мұқыр ауылдық округінде жалғасты. Орталығы теміржол бойында орналасқан аталмыш округте алты елді мекен бар. Округ территориясында «ҚайнарМұнайГаз» мұнай-газ өндіру басқармасы орналасқан. Бұл ретте, мұнай өндірісі мен теміржол қатынасы мұқырлықтардың әлеуетін арттыруда өз септігін тигізері анық. Дегенмен, олардың да мұң-мұқтажы мен айтар ұсыныс-пікірлері молдау екен.

Ел арманы - табиғи газ

Ертелете сағат сегізден кете жолға шыққан біз тоғыздар шамасында Соркөл елді мекеніне келдік. Шағын ауылдың көшесінен ешбір жанды кездестірмеген соң шеттегі үйге бас сұқтық. Үй иесі Асқар Дербисовтен білгеніміздей, кезінде «Гурьев» асылтұқымды қаракөл қой зауытының №3 фермасы болған ауылда 45 отбасы болыпты. Кеңшар тараған соң үдере көшкен. Бүгінде бұзылмай тұрған 19 үйдің 10-ында (69 адам) орналасқан. Мал бағу үшін бірен-саран көшіп келушілер де бар. Оқушы санының жетпеуіне байланысты бастауыш мектеп жабылды. Интернет нашар болғандықтан ауылдағы мектеп жасындағы балалар әр жерде оқып жатыр. Электр желілері ескіргендіктен ток көзі жиі ажырайды. Округ әкімі ауылға келіп тұратын көрінеді.

– Соркөл ауылы ауданда газ желісі тартылмаған алты елді мекеннің бірі. Осы мәселе оң шешімін тапса ауылға келетіндер көбейер еді. Ауызсу алатын кеңшардан қалған бір құдық бар. Ауылдағы малдың барлығы осы жалғыз құдықтан су ішетіндіктен, қазір айналасы өте лас. Сондықтан, мүмкіндік болса құдықтан ауылішілік су желісі тартылып, құдықтың төбесін жауып, айналасын мал жақындамайтындай қоршап берсе жақсы болар еді, - дейді Асқар Дербисов.

Одан әрі Сарқұмақ ауылына бардық. Құм басқан шағын ауылды аралап жүріп, бір әйел адамды жолықтырдық. Өзін Күләш деп таныстырған ол үйіне ертіп барып, жолдасы Қылыш Сакуповке мән-жайды түсіндірді. Қылыштың айтуынша, кезінде кеңшардың №2 фермасы болған ауылдың жағдайы қазір нашар. Бұл жерде интернет шамалы. Елді мекенге табиғи газ желісі тартылмаған. Ұрлық, арақ ішу секілді құқық бұзушылық жоқ. Ауыл тыныш болған соң тұрғындар үйлерінің есігін де кілттемейді. Тұрғындар ақылы негіздегі қоғамдық жұмысқа тартылып, ауылдағы «Сарқұмақ» шаруа қожалығына және басқа шаруашылықтарға науқандық жұмыстарға барады.

Жол қатынасы жазда жақсы болғанмен, қыста қиындық келтіреді. Сонымен бірге, пошташылардың шағын елді мекендерді аралап, газет-журналдарға жаздыру кемшіндігін айтқан Қылыш Сакупов:

– Ауызсу алатын құдықтар ашып барады. Қазір жеті шақырым қашықтықтағы «Қызылбұлақ» деген жерден тасып отырмыз. Сағыздан алдырсаң бір водовоз су 20 мың теңгеге шығады. Сондықтан, ауылдан ұңғыма (скважина) құдық қаздырып берсе, - деген ұсынысын білдірді.

Қашықтан оқу әбігер

Сапарымыз Жамансор елді мекеніне жалғасты. Жол үстіндегі шаңға көміле жүріп, түс әлетінде діттеген жерімізге жеттік. Ауыл жанынан өтетін «Ақтөбе-Атырау» тасжолының құрылысы бұл жерден әлдеқашан бітіп, енді ауылішілік жол құрылысы басталған. Құм, қиыршық тас (щебень) тиеп ерсілі-қарсылы жөңкілген көліктер, төгілген құмды тегістеп жатқан арнайы техникалар, оларды бағыттап жүрген жолшылар өз жұмыстарымен әуре. Тұрғындар аулаларында өз тіршіліктерін жасауда. 98 тұрғын үйі бар ауылда бастауыш мектеп, медпункт, кітапхана, теміржол вокзалынан басқа өндіріс орындарының екі ірі мекемесі бар.

Жергілікті тұрғын Тілектес Әуелбекованың айтуынша, «ҚайнарМұнайГаз» мұнай-газ өндіру басқармасы секілді іргелі өндіріс орны мен теміржол бойына орналасқандықтан ауылға көшіп келушілердің қатары жыл өткен сайын артып келеді. Енді балабақша салынғаны дұрыс. Тоғызжылдық мектеп салынады дегенге де біраз болды. Мектеп жасындағы 150-ге жуық бала Доссор кентіне қатынап оқиды. Сапасыз салынған балалар ойын алаңы көзге қораш. Қашықтан оқу туралы сөз қозғалғанда Тілектес апайдың жиені, 9-сынып оқушысы Жұлдыз Тілегенова бұл оқудың оңай еместігіне налыды. Оның пікірінше, телефонға ұзақ уақыт қарау көзді ауыртады. Телефонның анда-санда қатып қалатыны тағы бар. Үйде оқығаннан мектепте білім әлдеқайда ыңғайлы.

– Жол құрылысында жасаған күйеуім қысқарып қалды. Мен де жұмыссызбын. Төрт баламыз бар. Өткен айдың басында Мұқыр ауылдық округіне барып жұмыссыздар есебіне тіркелгенмін. Мамандардың салғырттығынан аудандық жұмыспен қамту орталығына тіркелмей қалыппын. Қайтадан тіркелуге тура келді. Тұрақты жұмыс керек. Ауыл іргесіндегі жол құрылысына әр жерден келушілер көп болғандықтан арақ ішу көбейді. Дүкендерде рұқсатсыз алкоголь сатылады. Екі дүкенге ұры түсті. Ауылға тұрақты учаскелік полиция инспекторы керек, - деді жамансорлық Жанар Наурызғалиева.

Газет-журналдарға жазылу барысын сұрағанда олар 100 пайыз болмағанмен мүмкіндігіне қарай жазылатындарын жеткізді. Бұдан соң, Кенбай стансасына бардық. Бұл ауылдан Мақсот Байбосынов деген азаматпен кездесіп, әңгімеге тарттық. Теңіз кенішінде вахталық әдіспен жұмыс жасаған Мақсотты өткен жылы ССЕР компаниясымен болған кикілжіңнен кейін қысқартуға жіберген. Содан бері жұмыссыз. Шынар есімді жұбайы ақылы қоғамдық жұмысқа тартылған. Доссор кентінде оқитын үш және тоғыз сыныптағы екі баласы қазір үйден білім алуда. Екеуі екі телефонмен кірсе интернет ашылмай қалатындықтан кезектесіп оқиды. Ауылда дүкен болмағандықтан азық-түлікті Мақат кентінен алдырады. Жұмыстың жоқтығынан жастардың дені қалаға кеткен. Ауыл әкімінің анда-санда келіп тұратынын айтқан Мақсот Байбосынов:

– Кезінде «Кереген-Сағыз-Жамансор» топтық су құбыры тартылғанда белгісіз себептермен ауылға ауызсу желісі жүргізілмеді. Тасымал болса да ауызсу теміржол арқылы келіп тұр. Осы қиындықты шешіп берсе, - деді.

Малға өріс тарылды

Қас қарая Жантерек ауылына жеттік. Алғаш жолыққан үй иесі үнемі ауылдың мәселесін көтеріп жүретін Көшкінбай Макишев ақсақал екен. Ол бар білгенін айтты. Елді мекендегі 64 тұрғын үйде 400-ге жуық жан тұрады. Өткен жылы жаңадан бастауыш мектебі салынып, бұрынғысы кітапхана мен медпунктке берілді. Ауызсу мәселесі шешілген. Құқық бұзушылық жоқ. Дүкен, монша болғанымен шаштараз ашам деушілер болмай тұр. Ауылда тұрғындардың барлығы үйлерінде мал өсіреді. Қысқа дайындалуда. Шөптің бір орамасы бес мың теңге.

– Жол салушылар ауыл ішін шаңдатып бітті. Басшыларына ескертіп едім, шашатын су жоқ деген сылтау айтады. Өткен жылдары бір шаруа қожалығы ауылдан алты шақырым қашықтықта үлкен-үлкен бес мал қорасын салып алды. Іске қоспағанымен газ, су желісін тартып қойды. Бірақ бес жылдан асты, әлі мал әкелген жоқ. Ауылдың маңынан жер телімі берілгендіктен малға өріс тарылып, шөп дайындайтын жер қашықтады. Шаруашылықтарға жер ауылдан 15 шақырым қашықтықта берілуі тиіс емес пе?!, - дейді Көшкінбай Макишев.

Жағымсыз иіс аңқып тұр

Мұқырдан 30 шақырым жердегі Тасқұдық елді мекеніне бардық. Әуелі бастауыш мектепке бас сұқтық. Мизамгүл есімді мұғалімнен білгеніміздей, мектепте 15 бала оқыса, 6 бала шағын топқа тартылған. Мұқырдағы интернатта оқитын 6 оқушы ауылда онлайн режимінде оқуда. Бірақ Beeline желісінің әлсіз болуынан сабақ оқуда қиындық көп. Ауыл тұрғыны Хамар Бұртайованың тұрып жатқан үйі әжесінің атында екен. Екі жыл бұрын әжесі қайтыс болған соң мұрагер ретінде үй құжатын жасақтайын деп аудандық нотариусқа барса, атасының қайтыс болу туралы куәлігін, ата-әжесінің неке қию туралы куәлігін сұрапты. Олар кезінде Ресей елінің Астрахань облысында тұрған. Сол жердегі ағайындарына айтып, сұрастырғанымен табылмаған. Үй құжатын жасақтай алмай сенделгеніне біраз уақыт болыпты. Басқа елді мекендердегі секілді газ мәселесі өзекті. Малдың өрісі тарылып, шабындыққа жер қалмаған. Кішкене ғана ауылда шағын да болса мұнаймен айналысатын төрт мекеме бар. Бірақ олар мамандығы сәйкес болса да жергілікті жерден маман алмайды. Сондай-ақ, экологиялық ахуал нашар. Өйткені, төрт мекеме құбыр арқылы май айдағанда ауылды жағымсыз иіс алып кетеді. Алдағы уақытта қазандарға май сақтайтын болса жағдай экологиялық ахуал күрделене берері сөзсіз. Ауыл әкімі көше жарығын жүргізіп берген екен. Алайда электр желісі «ҚазТрансОйыл» мекемесіне қарайтындықтан, олар жарықты қоспай отыр. Тұрғындар қыс мезгілінде жол қатынасының қиындайтынын айтып, «Мұқыр-Құлсары» тасжолын жаңғырту жұмыстарын тезірек қолға алғандарын қалайды. Біраз жылдан бері шешімін таппай тұрған ауызсу мәселесі жөнінде айтқан Қайыржан Бисембиев:

– Жеті шақырым «Төсқұдық» деген жердегі ұңғыма құдықтан құбыр арқылы ауылға ауызсу келіп тұрған. Су қысыммен өзі ағатын. Басына астау қойылып, мал да сол жерден су ішетін. Екі-үш жыл бұрын көршілес Жылыой ауданының бір азаматы сол жерде шаруашылық ашты. Шаруашылығын ашарда құдық мәселесін көтеріп, наразылық білдіргенбіз. Сол кезде қожалық иесі «Құдық суын бірге пайдаланамыз» деген еді. Енді ол уәдесінен айнып, қоршап алғаны былай тұрсын ескірген құбырларын ауыстырайық десек, жерді қаздыртпай отыр. Бір ауылдың халқы пайдаланып отырған құдықты жеке меншікке бергені қалай, – деп ренжіді.

22 тұрғын үйі бар шағын елді мекеннің тұрғындары ауыл болашағын ойлап алаңдайды.

Мәселе шешілуі керек

Мұқыр ауылы аудандағы Сағыз бен Миялыдан кейінгі үшінші ірі округ. Ауылға кірген соң көшелерді аралап, тазалықты қарадық. Ауылішілік, жаяу жүргіншілер жолдарының құрылысы аяқталмай қалған. Екі жерден салынған балалар ойын алаңы сапасыз салынған ба, әлде әдейі істеген бе, әйтеуір ойын құралдарының сынып, төселген тастардың бүлінгенін көрдік. Алыстан менмұндалап көрінген мектеп құрылысының қасында үш жыл бойы жыр болған мәдениет үйінің құрылысы тұр. Айналасында тірі жан көрінбейді. Қаңылтырмен қоршалған мектеп құрылысында қайнаған жұмыстың жүріп жатқаны байқалады. Мердігер мекеме «ЭкоПласт» ЖШС-нің өндірістік техникалық бөлімінің бастығы Ахмет Нұрғалиевтен білгеніміздей, 2018 жылдың тамыз айында басталған құрылыс биылғы жылдың тамызында бітуі керек еді. Құрылыс пандемияға байланысты кідіріп, қазір қайта жанданған. Нысанды 1 желтоқсанға тапсыру жоспарланған. Құрылысшылардың 70 пайызы жергілікті жерден. Ауылдың мәселесін көтеріп жүрген Төлеу Тайжанов, Амангелді Сәрсембаев, Батыр Макимов секілді азаматтары бірқатар мәселелерді көтерді. Олар ауыз су, төрт түлік малдың теміржолға шығып кетпеуі үшін қоршау тұрғызу, көше жарығын көбейту, көшелерге тал егу, екі-үш жыл бұрын қолға алынған ауылішілік, жаяу жүргіншілер жолдары мен мәдениет үйі құрылысының бітпеуі, әбден жауыр болған кеңшар кеңсесі, салынған спорт және балалар ойын алаңдарының бүлінуі, спорт кешенінің әзірге қолға алынбауы жөнінде әңгімеледі.

Кейуананың тілегі

№6 ауылда ешқандай әлеуметтік нысан жоқ. Балалар ойын алаңы ауыл шетіне салынған, ешкім бармайды. Ең болмаса №6 ауылға балабақша салынса деген ұсыныстарды естідік.

– Ескірген трансформаторды ауыстырған еді, енді соны қоршамаса балаларға қауіпті. Ауыл іргесінен өтіп жатқан республикалық маңызы бар жолдың бойына кәсіпкерлік нысандарды ашуды ұйымдастыру керек. Ауылда жұмыссыздар көбейіп келеді. Жұмыс жоқ болғасын ұрлық та, басқа қылмыс та жасалады. Емханада науқастар жататын кем дегенде он төсек болғаны жөн. Ауыл әкімі халықтың тыныс-тіршілігімен етен танысып тұрғаны дұрыс. Әлеуметтік нысандарды салғанда халықпен ақылдасу қажет, -дейді ауыл тұрғындары.

Тұрғын үй зардабын тартып жүрген тыл ардагері Шөкенай Жұмашеваның тұрып жатқан баспанасына бас сұқтық. Бұрын Тасқұдық елді мекенінде тұрған ол ескі үйі жарамсыз болғандықтан әрі денсаулығына байланысты 2015 жылы Мұқырға көшіп келеді. Содан бері әр жерден үй жалдауда. Екі жыл бұрынғы мәлімет бойынша аудандық тізімде 101-ші болып тұрса, округтің тізімінде 6-шы болып тіркелген.

– Жасым 83-те. Қызым екеуміз де аурулымыз. Баспана жоқтығы қатты шаршатты. Мүмкіндігің болса көмектес, айналайын, - деп көзіне жас алды кейуана.

 

Б.БЕРДІҒАЛИЕВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521