Атырау обл, Миялы ауылы, Қ.Сәтбаев көшесі, №17 үй. 8 (712) 3821738 mialy44@mail.ru

Суға түскенде ескеретін жайт...

Қазір жаз айы. Әрине, өзіміз де, балаларымыз да ыстық уақытта суға түсіп, балық аулап көңілді демалғанды ұнатамыз.

Әйтсе де, жас балалардың суға шомыла білмеуі, ересек адамдардың суда қауіпсіздік ережелері мен сақтық шараларын орындамауы орны толмас қайғы мен өкінішке айналып жатады. Өздеріңізге белгілі Ойыл, Сағыз өзендерінде жыл сайын жасөспірімдер мен азаматтардың суға кетіп отбасыларына орны толмас қайғы әкеліп жатқан оқиғалар қаншама?!

2018 жылдың ішінде аудан бойынша су айдындарында 2 қайғылы оқиға орын алып, екі азамат қаза тапты. Бұл оқиғаларға ата аналардың балаларын қараусыз қалдыруы және суға түсуге тыйым салынған жерлерде шомылуы басты себеп болып отыр. Сондықтан осындай келеңсіз оқиғаларды болдырмау үшін суға шомылатын жерді, жалпы жағдайды судың тазалығын, тереңдігін мұқият тексеріп алу керек. Тамақ ішкеннен кейін бірден шомылмай, суға тек қана рұқсат етілген жерлерге түскен дұрыс. Өте ұзақ шомылмай, суға түсуші өзін шаршауға, тоңып қалтырауға дейін жеткізбегені ләзім.

Суға түскенде бір-бірін көзден таса қылмауы шарт. Ішімдік ішкен күйде суға түсу аяқ қолдың құрысуына әкеліп соғады. Сондай ақ, суға кеткен адамға алғашқы медициналық көмек те көрсете білуі маңызды. Батып бара жатқан адамға көмек көрсеткіңіз келсе, оған судың астымен жақын барып артқы жағынан қапсыра құшақтау тәсілі арқылы жағаға қарай сүйрелеңіз. Егер батып бара жатқан адам сіздің қолыңыздан, мойныңыздан немесе аяғыңыздан ұстап алған жағдайда өз өзіңізді босатыңыз немесе сүңгіңіз. Зардап шегуші суға батпас үшін сізді өзі ақ жібереді. Сонымен қатар, зардап шегуші есінен танып қалса, оның беті үнемі судың үстінде болуы үшін қолыңызбен иегіңізден ұстап, жағаға қарай тасымалдаңыз. Зардап шегушіні тез арада судан шығарып, есін жинау үшін шара қолданып, саусақпен ауыздың, мұрынның айналасын құмнан, балдырдан тазартып, киімнен босатып, шешіп тастағаныңыз абзал. Басын көкірек клеткасына төмен жататындай етіп, ішінен тізесін бүгіп немесе білекше қойып жатқызып, дем алу жолдарынан сұйықтық шығып біткенше арқасынан екі жауырынның ортасынан мықтап басу қажет. Дем алу жолдары мен асқазанды судан босатқаннан кейін жасанды дем алдыруға кірісіңіз. Өздігінен дем алып жатқанын байқай салысымен жасанды дем беруді тоқтатып, жақын маңдағы медициналық мекемелерге 103 номеріне телефон шалыңыз.

Сайып келгенде, әрбір ата-ана балаларын өздігінен суға түсуіне рұқсат бермеген, тек қана ересек адамдардың бақылауымен бірге жібергені абзал. Сонда ғана орны толмас өкініштің алдын алуға болады.  

Ақнұржан АҚЖІГІТОВ,

аудандық Төтенше жағдайлар бөлімінің бас маманы

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521