Былтырғы жылдың басында Қазақстан Республикасы Жоғарғы сотының төрағасы Ж.Қ.Асанов, еліміздегі сот жүйесін одан әрі дамыту бойынша жеті басым міндетті саралап, «Сот жүйесінің жеті түйіні» деп аталатын негізгі жеті басымдықты айқындап берді.
Солардың бірі – «Татуласу: сотқа дейін, сотта» жобасы еді. Бұл жоба, даулы мәселені ой елегінен өткізіп, уақыт пен қаражатты жоғалтпай, өзара келісімге келу арқылы шешуге, сондай-ақ дауларды сотқа дейін реттеу, сот талқылауына және онымен байланысты уақыт пен сот шығындарына ұшырамауға мол мүмкіндік береді. Заң шеңберінде, дауларды шешудің баламалы тәсілі ретінде, медиациялық, партисипативтік және татуласу келісімдері арқылы шешу қарастырылған. Аталған татуласу келісімдерінің барлығы азаматтар мен заңды тұлғалардың құқықтары мен мүдделерін қорғауға бағытталған. Дауларды сотқа дейін және сотта шешу үшін, Жоғарғы сотпен ауқымды да жүйелі жұмыстар жасалып, «Татуластыру: сотқа дейін, сотта» жобасы аясында, татуластырушы судья, медиаторлар, Билер кеңестері қарқынды жұмыстар жүргізуде.
Бұл ретте, аудандық сотпен өткен жылы, айтарлықтай жұмыстар жүргізілді деуге толық негіз бар. Айталық, аудандық сот төрағасы Айтжан Досмағамбетованың бастамасымен, аудандағы Билер кеңесінің жұмыс тобы мүшелерімен бірлесіп, ауданға қарасты 10 округтің жетеуіне арнайы жол сапармен барып, халықпен кездесу өткізілді. Кездесу барысында, халыққа медиацияның, татуласудың, Билер кеңесіне жүгіну арқылы дауды сотқа жеткізбей шешудің тиімділігі егжей-тегжейлі түсіндірілді. Әр округке барған кезде, сол округтен тағайындалған медиаторлардың дауды сотқа дейін шешуге жәрдемдесу жолында атқарған жұмыстары тыңдалды. Нәтижесі көңілге жылылық ұялатты деуге болады.
Өйткені, округтердегі кәсіби емес медиаторлар Г.Изимова, Қ.Нұрсұлтанов, Ұ.Бердіғалиева, Ғ.Тұрғанғали, Ө.Дүйсәлі, Б.Жұмабаева және тағы басқалары өздеріне әр түрлі даулар бойынша жүгінген адамдардың дауларын сыртқа шығармай, өз араларында шешіп, татуластырған жағдайларды көпшілік алдында айтып жеткізді. Осылайша, белсенді жұмыс атқарған кәсіби емес медиаторлар – сот төрағасы мен Билер кеңесі мүшелерінің ризашылығына бөленіп, биыл да қоғамдық негізде, халықтың игілігі үшін атқарып жатқан медиаторлық жұмыстарын одан әрі жалғастыруға келісімдерін беріп, 2020 жылғы кәсіби емес медиаторлар тізіліміне қайта тіркелгенін өте қуантарлық жағдай деуге болады. Аудандық сот төрағасы белсенді жұмыс атқарып, тек қана дауды сотқа жеткізбей шешуде ғана емес, сот сатысында да татуласуға атсалысып жүрген кәсіби емес медиатор Ө.Дүйсәліні және медиация, татуласу бойынша өткізілген шаралардан бірде-бір рет қалмай, өз баяндамасымен, ұсыныстарымен белсенділік танытып жүрген кәсіби емес медиатор Ғ.Тұрғанғалиды аудан әкімінің марапатына ұсынып, нәтижесінде аталған медиаторлар аудан әкімінің алғыс хатымен көпшілік алдында марапатталды. Осындай игі істер биылғы жылы да жалғасын тауып, белсенді жұмыс атқарған медиаторлар назардан тыс қалмайды деген сенімдемін.
Әр округтерге барып, халықпен кездесу кезінде, Билер кеңесінің аудандағы жұмыс тобы мүшелері де, татуластыру жолындағы игі жұмыстарын баяндап, қол жеткізген нәтижелер туралы мысалдарға тоқталып, халықты татулыққа, бірлікке, болмашы дауды қуалап, уақыты мен денсаулығын, қаржысын босқа жоғалтпауға, кешірімшіл болуға шақырды. Осы тұста, Билер кеңесінің аудандағы жұмыс тобымен өткен жылы атқарған жұмыстарына тоқталып өтсек, былтыр Билер кеңесі мүшелерімен – 26 адамға қабылдау жүргізіліп, дауларды сотқа жеткізбей шешуде және сот сатысында жәрдемдескен. Яғни, дауларды сотқа жеткізбей шешуде – 23, сот сатысында – 3 іске жәрдемдескен. Аталған «Татуластыру: сотқа дейін, сотта» жобасын насихаттауда, аудандық сот 2019 жылы – халықпен, студенттермен барлығы – 8 кездесу, 2 дөңгелек үстел, 2 ашық есік күнін өткізсе, аудандық «Қызылқоға» газетіне – 9 мақала, газет тілшілерімен сот жұмысы жайлы – 21 дайджест-мақалалар жарияланды. Сондай-ақ, осы татуласу жұмысын насихаттап Атырау облыстық сотының сайтында – 25 баспасөз ақпараты жарық көрсе, «Фейзбук» әлеуметтік желісінде – 47 пост орналастырылды.
Бұл атқарылып жатқан насихаттау жұмыстарының барлығы халықтың игілігі үшін, ел ішінде дау-дамайды азайту, халықтың құқықтық сауаттылығын арттыру мақсатында жүзеге асырылып жатқанын айта кеткен жөн. Алда да, осы жобаны іске асыру барысында қарқынды жұмыстар өз жалғасын таппақ. Иә, сот – даудың заңдылық тұрғысында төрелігін айтатын алаң. Бірақ, ашуға бой алдырып, «Қап бәлем, саған көрсетем, сотқа берем» деп жүгіріп келетін, өш алу құралы емес. Осыны біле жүру парыз. Қазақылықтың қаймағы бұзылмаған қасиетті ауданда орынсыз даулар көбеймей, ел ішінде татулық болғанға не жетсін?! «Қыл өтпестей татулықты, бір ашуға сатпас болар» деп дана халқымых бекер айтпаса керек. Сондықтан, соттасуға асықпайық, ағайын!
Базаргүл ӘБДУӘЛИЕВА,
аудандық соттың бас маманы