Атырау обл, Миялы ауылы, Қ.Сәтбаев көшесі, №17 үй. 8 (712) 3821738 mialy44@mail.ru

СОРҚУЫСТАҒЫ ЕСІМ ХАННЫҢ ҚЫСТАУЫ Ол туралы біз не білеміз?

Есім хан Нұралыұлы - 1739 - 27.3.1797 жылдары өмір сүрген.

Ол 01.01.1795 - 27.03.1797 жылдары Кіші жүздің ханы болды. Нұралы ханның үлкен баласы, Ерәлі ханның мұрагері, Әбілқайыр ханның немересі. Шешесі Орта жүз ханы Күшік ханның қызы. Алғашында Кіші жүз құрамындағы Байұлы тайпасының бір руын басқарған. 1795 жылы күзде Орынбор генерал-губернаторы С.К.Вязмитиновтың қолдауымен хан болып сайланды. Есім іс жүзінде Орынбор шекарасына дейінгі Жайық өңірінің далалық жерін қоныстанған Жетірудың бір бөлігі мен Байұлының кейбір руларына ғана билік жүргізді.

Есімді хан сайлауға Байбақты руының старшыны, батыр Сырым Датұлы мен оны жақтаушы Кіші жүздің басқа да старшындары қарсылық білдіреді. Бұған себеп: 1788 жылы Есім Сырым батырды Ерәлі ханға ұстап беріп, ол бір жыл қамауда болады. 1794 жылы Сырымның үзеңгілес серігі, Есентемір руының старшыны Мыңбай қамауға алынғаннан кейін Сырым батыр бастаған старшындар тобының Есімге қарсы наразылығы күшейе түседі. 1797 жылдың 27 наурызында Есім хан Кердері Тілеп Қорбасұлы, Шекті Үтеғұл, Кете Қосбаймырза, Шөмекей Баймырза, Алаша Шолақ, тағы да басқа старшындардың қолынан қаза табады. Ханның туған-туыстары Жайықтың арғы жағына қашып, Орал қаласын паналайды. Есім қалмақ бекінісіне қарама-қарсы Орал қаласы маңындағы далада жерленген. Есімнің әйелінен 9 ұлы болған. С.И.Вязмитинов П.А.Зубовқа жазған хатында: «1795 жылы 17 қыркүйекте менің шақыруыммен Орынборда хан сайлау өтті.

Сұлтан, би, батыр, мырзалар бір ауыздан Есім сұлтанды таңдады» деп сайлаудың Ресейлік талаппен өткізілгендігін жеткізді. [Мұқтар Ә. «Азаттық таңы жолында». Алматы: Ғылым, 2001. 163 б. ]. 1795 жылдың 22 қыркүйегінде Симбирск және Уфа генерал-губернаторын басқарушы сенатор, генерал-порутчик С.Вязмитинов Орынбор шекаралық істер Экспедициясына жазған хатында: «Ұлы мәртебелі император қолдауымен Орынбор маңына Кіші Орда сұлтандары, старшындары, билері, батырлары, мырзалары және басқа да белгілі адамдары жиналып 17 қыркүйек күні бірауыздан Орда ханы етіп, Ералының орнына Нұралы ханның ұлы Есімді хан сайлады» делінген. [ОрОММ. 5-қор., 1-тізбе., 58-іс., 95 пп.]. Есім хан сайланған соң, оның билігі нығайып жүйелі болу үшін оған тұрақтап тұрып елді басқаруға «Хан ордасын» салуға рұқсат беріледі. Бұл елдің ақсақалдары қатысатын, «кеңестік келісім» орталығы қызметін атқаратын сарай болуға тиіс еді. Сырым бастаған қарсылықтан соң, хандық билік берік болмады. Патшалық Рессейге Кіші жүзде бағынышты хан мен отарлық билікті мойындаған ел қажет болды.

Сондықтан «Хан мекенін» салуға рұқсат берілді. Есім ханның «Ставкасы» туралы А.И. Левшин былай деп жазады: «Возвышение Ишима не уменьшило его преданности к власти, даровавшей ему новый титул. Будучи ханом, он не переставал по возможности исполнять требования России вопреки желаниям большей части своего народа, в котором чрез то приобрел множество врагов. В отвращение опасности, навлеченной благонамеренною его взыскательностью за преступления и козни Сырыма с сообщниками, [277] императрица Екатерина решилась послать ему военный отряд, который бы охранял его и вместе служил для исполнения приговоров над виновными. Сверх того положено было учредить при Ишиме для удобнейшего управления Меньшею ордою диван, или совет ханский. Члены оного, избранные народом из отличнейших султанов и старейшин, должны были исполнять волю хана, помогать ему, делать представления и вместе с ним жить в домах, которые велено было построить им в степи на урочище Тайсугане. Предположения сии не исполнились, потому что в ноябре 1797 года Сырым-батыр напал на Ишима под форпостом Красноярским и, злодейски умертвив его, разграбил потом все имущество, ему принадлежавшее». (Алексея Левшина. ОПИСАНІЕ Киргизъ - Казачьих, или Киргизъ Кайсацкихъ ордъ и степей. Часть ІІ. С. Петербургъ, «Въ типографіи Карл Крайл». 1832. 316 стр.) Бұл жерде Ишим, ол Есім хан, ал «Диван» (диван, дуван) – атауы мемлекетік кеңес, атқарушы билік ұйым мағынасын береді. «Хан ордасы» деген ұғымда айтылады. Бірақ 1797 жылы Сырым батырдың көтерілісі Есім ханның өлімімен аяқталып, бұл «құрылыс» салынбай қалған. Бірақ бір қызығы, бұл ставка орны сол кездегі картаға белгіленіп салынған. Ол «Ставка» деп белгіленген. Ол сол кезеңдегі картограф Я.П.Гавердовскидің 1803-1804 жылдардағы зерттеуіне сүйене отырып А.Левшиннің 1816 жылдағы картасында «Зимнее ханское жилище» деп белгіленіп кеткен. Сурет 1,2 Ол жер атауы қазіргі Қызылқоға ауданы жеріндегі Тайсойған құмының теріскей бетіндегі жиегінде, солтүстік - батыс жағында Сорқуыс деген жерде жатыр. Ханның қысқы тұрғын үйі туралы, алғаш рет ғалым этнограф С.Е. Әжғали өзінің Арал- Каспий аймағына жасаған экспедициясында атап өтеді. (Ажигали С.Е. Из истории изучения памятников народного зодчества, «древностей и развалин» Арало-Каспийского региона в досоветский период (в связи с подготовкой библиографического указателя по этнографии казахов). // Отан тарихы. 2016. № 2. С. 138–139).

Есім ханның іс жүргізушісі Г.Феткуллин «Қазақ даласы ұлы қырғынға ұшырады», осындай жағдайда өрши түсетін өзара барымтадан сақтану үшін хан шекара бойында жайлауға шешім қабылдады» деп жеткізеді. Жұтқа ұшыраған қазақ ауылдарының әлеуметтік-экономикалық жағдайы Сырым бастаған қозғалысқа ықпалы болды. Ол билеген жылдар Кіші жүздің Есімге қарсы тұтастай көтерілген кезеңі ретінде сипаттайды. Есім ханның «Қысқы тұрғын үйі» салынатын аудан, хандықтың ең шұрайлы жері болатыны сөззсіз. Бұл ретте, Тайсойған құмы құнарлы жайылым болған. Тоғыз жолдың торабы, тұшы судың мол қоры бар жерді, Есім хан құтты қонысы үшін арнайы таңдап алған. Бұл аймақта ерте кезден халық жаппай қоныстанған. Картадағы салынбаған құрылыс орны Ресей өкіметінің құпия жоспары болуы мүмкін. Бұл ауданға форпост (әскери бекініс) салу жоспарланған секілді. Дейтұрғанмен 1941 жылдан бастап шыққан КСРО Қорғаныс күштерінің топографиялық карталарында бұл жер атауы «Ставка» деп берілген. Сурет 3. Бұл ауданды келешекте жүйелі түрде зерттеу қажет. Есім хан қонысына белгі қою керек деп ойлаймыз.

Сейілхан МИРАШ

Атырау облысы тарихи-мәдени мұраны зерттеу орталығының

тарихи-мәдени мұраны зерттеу және қалпына келтіру бөлімінің меңгерушісі

Марат ҚАСЕНОВ

Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университеттінің аға оқытушысы

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT