«Биыл – Жұмысшы мамандықтар жылы. Осыған орай, маңызды іс-шаралар мен жобалар жүзеге асырылмақ. Еңбек адамының абырой-беделін арттыру үшін нақты жұмыс жүргізіледі». (Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Үкіметтің кеңейтілген отырысында сөйлеген сөзінен)
АТЫРАУ ӨҢІРІНДЕ СОНАУ ХVII ҒАСЫРДАН БЕРІ БАЛЫҚ АУЛАУМЕН АЙНАЛЫСАТЫН АУЫЛ БАР ЕКЕНІН БІРЕУ БІЛСЕ, БІРЕУ БІЛМЕС. ЕНДЕШЕ, БҰЛ – ҚҰРМАНҒАЗЫ АУДАНЫНДАҒЫ ШОРТАНБАЙ АУЫЛЫ. ОНЫҢ ОСЫНДАЙ ЕРЕКШЕ АТАУ ИЕЛЕНУІ ДЕ СОНДЫҚТАН ДЕСЕДІ...
ТАРИХТЫ ТӨҢКЕРІП ҚАРАСАҚ...
Атау демекші, кеңес дәуірінде бұл ауыл Чортанбай аталып келсе, еліміз егемендік алған соң өзінің қазақша нұсқасын қайтарып алды. – Бұл жерде балық қабылдайтын зауыт та, білім беретін мектеп те, әкімшіліктің өзі де қазір сол өзгеріссіз күйде ауылдың бұрынғы атауымен аталады, - дейді ауыл ақсақалы Саясат Зұлхарнаев.
– Тарихты қайта төңкеріп қарайтын болсақ, бір кездері мұнда ешқандай халық тұрмаған. Бірақ, осындағы су айдындары шоршыған шортандарға толы болған екен. Сөйтіп, 1900-жылдары бұл жерге орыс қожайыны ат басын тіреп, алғашқы балық қабылдау бөлімін салған. Кейін, 1937 жылдан бастап бұған уақ балық қабылдайтын бөлімдер қосылған. Осылайша, Шортанбай балық зауыты құрылып, 2000-жылдарға дейін ел игілігіне қызмет етіп келді (Қазір оған қайта жаңғырту жұмыстары жүргізіліп жатыр. авт.). Осы кезде балық аулау және оны өңдеу жұмыстары қарқын алған болатын. Жұмысшыларға арнап жайлы жатақтар тұрғызылған. Содан қарапайым халық та үй салып, осы жерді қоныстана бастаған. Ал, бертін келе білім ұясы мен аурухана салынды.
Иә, бүгінде ауылда алаңсыз өмір сүру үшін барлық жағдай жасалған деуге болады. Атап айтқанда, мектеп, балабақша, күндізгі стационар, мәдениет үйі, спорт кешені, газ, су, жарық, интернет – бәрі бар.
ЕЛІМІЗДЕГІ ЕҢ ҮЛКЕН ЗАУЫТ
Ал, балық зауытына қайта оралатын болсақ, қазір ол қайта жаңғыртудан өтуде. Құрылыс жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. Ол аяқталған соң, жаңадан бес балық сақтау орны пайда болмақ. Сондай- ақ, консервілеу, өңдеп сату бөлімдері ашылады. Сайып келгенде, бұл еліміздегі ең үлкен балық өңдеу зауыты болады.
– Құрылыс 2023 жылы басталды, - дейді құрылысы жүріп жатқан зауыт басшысы Саламат Омаров. – Барлық жұмыстар осы жылдың аяғында бітеді деп жоспарланып отыр. Мұнда қазір тоқсандай адам жұмыс жасап жатыр. Олардың 95 пайызы – жергілікті тұрғындар. Құрылыс аяқталған соң, мұнда балық өңдеу және қабылдау пункттері болады. Яғни, осы жерден дайын өнімдер шығарылатын болады. Сол сияқты, балық ыстайтын және қаптайтын цех, балық кептіретін орын, жүктеу және тиеу тамбуры, тоңазытқыштар, т.б. бар. Құрылыстың жалпы аумағы 24 мың гектарға созылады.
Расымен де, мұндай зауыт республикада бұрын-соңды болмаған. Ендеше, көп кешікпей тарихтың жаңа парағы ашылатын болады.
Айтпақшы, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев: «Техникалық және кәсіптік білім беру жүйесін түбегейлі жаңғырту ісін бастау керек. Жауапты мекеменің бәрі және ең бастысы, жеке сектор бұл іске белсене араласуға тиіс. Бизнес бұл салаға көбірек келуі үшін техникалық және кәсіптік білім беретін ұйымдарға арналған мемлекеттік тапсырыс көлемі артады. Оның мөлшері де біркелкі болады. Бұған биыл бюджеттен қосымша 22 миллиард теңге бөлінеді. Бұл ретте әкімдерге зор жауапкершілік жүктеледі. Олар кәсіпкерлермен бірлесіп, аймаққа қажетті мамандықтар тізімін анықтауы керек. Сондай - ақ сұранысқа ие кадрлар даярлау үшін колледждерге бағыт- бағдар беруі қажет» деген болатын Үкіметтің кеңейтілген отырысында.
Олай болса, салынып жатқан жаңа зауыт та күні ертең қарапайым еңбек иелері – жұмысшы мамандарды қажет ететін болады деген сөз. Осы орайда, жұмысшы мамандығын жүрек қалауымен таңдаған жандардың бірі – шортанбайлық Бейбіт Ғабдуллина. Ол осы зауытта 2018 жылдан бері табысты еңбек етіп келеді.
«Осыдан тура жеті жыл бұрын ақпан айында осы зауытқа жұмысқа орналасқан едім. Тарихы сонау өткен ғасырдан басталатын өндіріс орнында жұмыс жасап жатқанымды мақтан етемін. Маусымдық кезде балық саны күрт көбейіп, жұмыс көлемі де арта түседі. Ондайда көршілес Жыланды, Көптоғай ауылдарынан жұмысшылар көмекке келеді. Қазір мұнда 45 адам жұмыс жасап жатыр. Соңғы жылдары Каспий теңізінің деңгейі төмендеп келе жатқаны белгілі. Сәйкесінше, су маржандарының саны да азайып келеді. Себебі, олардың жүретін жолдары бітелуде. Ал, оны ашатын бұрынғы кеңес дәуіріндегідей алып техникалар жоқтың қасы. Соған қарамастан, қолдан келген істі атқарып жатырмыз» - дейді ол.
БАЛЫҚ – БАСТЫ БАЙЛЫҒЫМЫЗ
Жасыратын несі бар, бұрын Атырауда өзен суы мол болғандықтан, Каспий теңізіндегі балық Жайыққа емін-еркін кіретін. Ащы судан келген бекіре тұқымдас балықтар да тұщы суда уылдырық шашты. Сөйтіп, су астындағы тіршілік қазаны қайнап жатты. Тіпті, қанша жерден ауланып жатса да, балық үзілмейтін. Себебі, судан тапшылық болмады. Ал, қазір ше?
– Былтырғы тасқынға дейін Ресейден су уақытымен келмеді, - дейді байырғы балықшы Нұрлан Дәулет. – Яғни, ол жақтан су аз көлемде жіберіліп отырды. Міне, сондықтан бұрын тек біздің өзендерге ғана кіретін балықтар кейін көрші елге бастарын бұра бастады. Дұрысы, бұл мәселені мемлекеттік деңгейде шешу қажет. Ол үшін екі ел өзара келісімшартқа отырғаны дұрыс-ақ. Екіншіден, теңіздің тамағын қазу жұмыстарын жандандырған жөн. Балықтың жүретін жолдары бітеліп жатыр. Каналдардың көбісі құрғап қалды. Жас мамандарға айтар ағалық ақылым, Атыраудың «қара алтыннан» кейінгі басты байлығы – балығын, әсіресе, бекіренің тұқымын көбейту керек. Оған қаражат үнемдеудің қажеті жоқ. Қазірден қимылдамасақ, ертең тым кеш болып кетеді.
ТҮЙІН
Қалай болғанда да, шортаны шоршыған Шортанбайдағы атақты балық зауыты қайта жаңғыртылып жатыр. Ол ертең еліміздегі ең үлкен балық өңдейтін нысанға айналмақ. Бұл өз кезегінде жаңа жұмыс орындарының көптеп ашылуына септігін тигізбек. Демек, жұмысшы мамандарға сұраныс та арта түспек. Олай болса, бір кездері бір емес бірнеше елді асырап келген балық шаруашылығының екінші тынысы ашылатын күн алыс емес деп сенейік!
Әділет ҚАНАТҰЛЫ