Атырау обл, Миялы ауылы, Қ.Сәтбаев көшесі, №17 үй. 8 (712) 3821738 mialy44@mail.ru

Сақтықта қорлық жоқ

Қазір бүкіл әлем коронавирус індетімен белсенді түрде күресуде. Елімізде төтенше жағдай жарияланғанда тұрғындардың бәрі үйде отырды. Қызық-думанның бәрі сап тиылып, мейрамханалар мен кафелер жабылды.

Алайда, өзін де өзгені де ойламай, тойларын жасап, құдаларын күтіп жүргендер де табылды. Статистика бойынша әр мерекелік шарадан соң орташа жиырма адам ауру жұқтырып ауруханаға түседі екен. Сонда бір жиыннан жиырма адам ауру жұқтырса, қанша адам той тойлаймын деп жүріп көз жұмды екен? «Бір тойым болатыны сөзсіз менің» деп Төлеген Айбергенов жырлағандай, әрбір адам жарық дүниеге келген соң, жер басып жүргеннен кейін бір ұлан-асыр тойды асыға күтіп жүретіні рас. Десек те, індеттің өршіп тұрған кезінде той жасаймын деп опық жеп жатқандар да аз емес. Кейбіреулері сол тойдан кейін жақындарынан айырылып жатса, ал кейбіреулері айыппұл төлеп, шығынға батып, берекесі қашуда.

- Пандемия кезінде той жасауға рұқсат бермей, барлық жерлер жабылып қалды. Әрине, басында қызық сезім болды. Бұл біздің отбасымыз үшін көптен күткен ұлы той еді. Өйткені төрт қыздан соң дүниеге келген жалғыз ұлдың үйлену тойы болатын. Алғашында үйленетініне қуанғанымызбен, карантиннің мерзімі ұзарып, той уақыты кейінге шегеріліп, уайымдай бастадық. Содан тек беташар жасап, аулаға киіз үй құрып, жақын туған-туыстың, дос-жаранның басын қосып, той жасадық. Тойымыздың орта тұсында полиция қызметкерлері келіп, тойымыздың карантиндік талаптарға сай келмейтінін айтып, айыппұл салып кетті. Қазіргі таңда той жасаймыз деп алған аз ғана несиемізбен қоса осы айыппұлды да төлеп жатырмыз. Әрине, бұл жерде біздің той жасап, аурудың өршіп тұрған кезінде халықты бір жерге жинауымыз қате болды. Бірінші денсаулығымзды ойлап, тойды кейінге шегергенде мұндай шығынға батпас па едік,- дейді Гүлзия анамыз.

Түйін.

Бұл індетпен жалпақ әлем бірдей күресуде. Вирустың ел ішінде кең таралып кетуінің бірден бір себебі, ол - адамдардың айтылған ескертулерге құлақ аспаған немқұрайлығы болып отыр десек артық айтқандық емес. Пандемия бізге басты байлық – денсаулық, ал ең үлкен құндылық – отбасы екенін түсіндірді. Ендеше, «Сақтансаң, сақтармын» демекші, той тойлауды доғарып, жауапкершілікті сезінгеніміз дұрыс болар.

Әйгерім БАЙДӘУЛЕТ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT