Атырау обл, Миялы ауылы, Қ.Сәтбаев көшесі, №17 үй. 8 (712) 3821738 mialy44@mail.ru

Құрметке ие Қошқарбай еді...

Ол қарапайым ауыл бапкерінен шәкірттері дүниежүзілік деңгейде олжа салған білікті маман дәрежесіне жетті. Қазақи табиғатын сақтаған, рухани дүниесі бай азамат болатын. Қошқарбай замандас көзден кетсе де, көңілден кетпейтін азамат еді.

Адамға жаттығы жоқ, аузын ашса, көмекейі көрінетін сыйласым болатын. Екеуміз жиі кездеспесек те, арамыздан мөлдір бұлақ ағып жатқандай пейіліміз бір-бірімізге бұрылып тұратын. Дәл қазір қайратты қар шашын оң жағына жыға тараған, бүйрек бет, жоны жалпақ, сом денелі Қошқарбай көңіл түкпірінен елес беріп тұр. Мейірім ұялаған қысықтау жанары отты еді.

Осы бір, сырты қоңыр бағыландай жұмсақ көрінетін қазақтың тұла бойынан намысына қиыс тисең, қара адырды оңды-солды төңкеріп, сабалай соғатын қара дауылдай қайраты барын да аңғару қиын емес еді. Нақты қай жылы екені есімде жоқ, дарқандығына басып Атырауға жарысқа шақырды. Сәті түсіп, бардым. Кездескен бойда кішкентайынан бауырында өскен нағашысын көргендей қараторы өңі нұрланып сала берді... Шіркін, жалған дүние. Желдей жүйткіген желмая күндер тізгін бере ме. Қошқарбайдың мәңгілік мекеніне аттанғанына да он бірінші жылға аяқ басып барады екен.

Жақында қазақ бапкерлері кітабына дерек жинау үшін Атырау жаққа хабарласып едім, алдымнан әкесі құсап аңқылдап ұлы Құныскерей шықты. «Ат тұяғын тай басар» демекші, Қошқарбайдың соқпағымен самбо бапкерлігін таңдапты. Атырау облысының жасөспірімдер құрамасының аға жаттықтырушысы. Ақиқатын айтсақ, баяғы совет империясының ноқтасын басына салғызбай, өмір бойы арпалысып, өмір бойы отарлаушыларға қарсы найзасын кезеніп өткен Құныскерей батырдан кейін мұндай есімі бар қазақпен әңгімелесіп көрмеппін. «Атыңды Құныскерейге ұқсатып қойған-ау...» деген сауалымызға жас Құныскерей тосылған жоқ.

«Үлкендер мені Ерлан деп атамақшы болған екен. Әкем «Құныскерей болсын» деп, сөзін өткізіпті». Әй, Қошқарбай, бүйтпесең Қошқарбай боласың ба?! Сен жер дүниені тітіреткен алып империяның ұзын құрығына ілікпей, қаһарынан қаймықпай, көкжал қасқырдай қарсы шауып, өр кеудесін бастырмай өткен Қожахметұлы Құныскерейді жан жүрегіңмен қадір тұтпасаң, ішкі дүниең батыр тағдырымен үндеспесе, ұлыңа оның есімін бермеген болар едің. Ер Құныскерей жүрегіңнің түбіне мықтап орныққан екен, Қошқарбай дос! Иә, Құныскерей Қожахметұлы совет өкіметінің қазаққа жасаған озбырлығы мен жауыздығына жаны күйгендіктен қасқия қарсы шығып, империяның тепкінінен амалсыз Башқұртстанды, сосын түрікмен жерін сағалады.

Шерлі азамат 1968 жылы «Елемес Жаманов» деген бүркеме атпен Түрікменстанның Мары облысы, Сараджа ауылында өмірден өтті. Елі үшін еңіреп өткен ерді туған халқы ұмытқан жоқ. Құныскерей туралы бірнеше шығарма жазылды. – Әкемнің көп уақыты түзде өтті, – дейді Құныскерей Қошқарбайұлы.

– Ағайындар мен достары үйге телефон соққанда көбіне: «Ол кісі командировкада», деп жауап беретінбіз. Шәкірттеріне деген көңілі алабөтен болатын. Жарыстан не іссапардан келісімен оқушыларына сыйлық үлестіруші еді. Мен ол кезде кішкентаймын, әкем шәкірттеріне базарлық таратып жатқанда бізге тимей қала ма деп, кәдімгідей ренжуші едім. Өзім бапкер болған соң әкемді түсіне бастадым. Қазір шәкірттерім үлкен жарыстарға түсер алдында көңілдерін өсіріп, намыстарын қайрау үшін әкеме ұқсап, оларға сыйлық жасаймын. Шәкірттеріңді өз балаңдай бауырыңа басу үшін мейірімге толы, үлкен жүрек керек екен. Әкем сондай еді. Ол кісі ағайын-туған десе, ішер асын жерге қоятын.

– Қошқарбай досым мінезі дархан, әдебиет пен тарихтан хабары мол азамат еді, – деп еске алады Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген жаттықтырушысы Марат Әбдуәлиев. – Екеуміз жолыға қалсақ, таң бозына дейін әңгіме шертуші едік. Қошқарбайдың ағайынға деген көңілі ғажап болатын. Түрлі себептермен шеттеп қалған туған-туыстарын әдейі іздеп барып, арқа-жарқа боп табысып қайтатын. Көпке сыйлы, ортасына абыройлы азамат күреске жан-тәнімен беріле қызмет жасады. Қошқарбай бас жаттықтырушы кезінде Атырау облысының самбошылары талай олжаға кенелді.

Иә, Атырау самбосы мен дзюдосы туралы әңгіме қозғалса, Қошқарбай Табынбаевты айналып өту қиынға соғады. Табынбаевтың шәкірттері жайындағы әуелгі сөзді жасөспірімдер мен жастар сайысында құлашты алысқа сермеген балуандардан бастасақ, самбодан жастар арасындағы әлем чемпиондары мен жүлдегерлері Мұхаммедрахим Оралбеков, Бейсенбай Қошқаров, Данияр Жақсиев, Жандос Иманбаевтармен бірге Азияның бозбалалар біріншілігінің жеңімпаздары мен жүлдегерлері Болат Жұмабаев, Рүстем Ермұратов, Рүстем Ерманов, Бибігүл Баймұратова секілді спортшылардың әрбір сәтті қадамы Қошқарбай бапкерді қанаттандыра түскені анық. Әрі қарай Табынбаевтың ересектер дуындағы саңлақ шәкірттеріне кезек береміз. Ринат Ибрагимов – дзюдо күресінен Азия чемпионатының күміс жүлдегері (73 келі, 2008), әлемдік Суперкубоктың жеңімпазы (2007). Халықаралық дәрежедегі спорт шебері. Ринат 12 жасынан Қошқарбай ағасының қол астында жаттыға бастады. Табынбаев шәкіртінің қабілетін ерте байқап, жаттығу процесіне қатты мән берді. Басқа балалармен бірге Ринатқа әр әдісті сондай ыждаһаттылықпен үйрете отырып, шәкіртінің әдіс-тәсілді барынша жылдам әрі сапалы жасауын қадағалап отырды. «Ағайымыз біз үшін жанын салып еңбектеніп жатқанда, біз де аянған жоқпыз, – дейді Ринат сол күндерді еске түсіріп. – Ұзақ жыл бірлесе тер төгудің нәтижесінде ел намысын қорғайтын деңгейге жеттік. Қошқарбай аға мен үшін туған әкемдей ыстық адам».

Міне, қадірлі ағайын, бапкер бақыты дегеніміз осы шығар. Ұстазының өмірден озғанына біраз уақыт өтсе де, Ринат балуан бүкпесіз көңілден осылай деді. Дүние жүзінің 2009, 2011 жылдардағы чемпионаттарында екі рет бесінші орынға табан тіреп, атан түйенің белін қайыстырар «Гранд Слам» турнирінде екі мәрте қола тұғырдан көрінген Ринат Ибрагимов қазір Атырау облыстық спорт басқармасының басшысы. Қошқарбайдай ұстаздың өнегесін көрген Ринаттай азаматтардың алар асуы бұдан да биік болуына тілектеспіз. Арсен Хатип – самбо күресінен дүние жүзі чемпионатының күміс (68 келі, 2005) және қола жүлдегері (2010). Халықаралық дәрежедегі спорт шебері. Дзюдодан Азия чемпионатының командалық есептегі қола медалисі (66 келі, 2007). Халықаралық дәрежедегі спорт шебері. Бірнеше жыл білікті жаттықтырушы Марат Әбдуәлиевтің қарамағында жаттығып, кейін Қошқарбай Табынбаевтан тәлім алған Арсен Хатип ұстазын сондай бір шынайы пейілмен, таза көңілмен сағына еске алды. «Мені Марат ағайға ертіп барған Қошқарбай Төремұратұлы болатын. Қошқарбай аға өте адал, ақкөңіл кісі еді, – дейді Арсен.

– Ал жаттығуға келгенде талабы күшті, тәртіпке сондай берік еді. Шәкірттеріне әдіс үйретуден жалықпайтын. Сонша балаға айла-тәсіл көрсетіп, оны пысықтаудан жаны рахат табушы еді. Қазақстан құрамасының жаттығу жиындарына, әлем чемпионатына Қошқарбай ұстаз апарып жүрді. Ол кісінің отаншылдық сезімі күшті болды. Әдеби, тарихи кітаптарды сүйсініп, құмарта оқитын. Ұлына ұлт мақтанышы Құныскерейдің есімін бергені де сөзімізге нақты дәлел». Бапкер мен шәкірт көңілі жарасқан жерге жақсылық үйір келеді емес пе. Балаң көңілі күреске біржола құлаған Арсен Марат пен Қошқарбай ағаларының қарамағында кезек тер төге жүріп, самбо саңлақтарының қатарына қосылды. Атырау самбосының шежіресін парақтайтын болсақ, ересектер арасындағы әлем чемпионатында жүлдегер атанған тұңғыш атыраулық самбошы осы Арсен Хатип екен. Арсен ұстаздарының ізімен бапкерлік кәсіпті таңдады. Арсен Хатип баптаған Қазақстанның жас дзюдошылары 2015-2018 жылдардағы әлем және Азия чемпионаттарында мықтылар қатарынан орын тепті.

Қазір Арсен республиканың қыздар құрамасының аға жаттықтырушысы. Гүлнар Көшербаева – самбо күресінен дүние жүзі чемпионатының қола жүлдегері, Азия чемпионы (+78 келі, 1994), Азия чемпионатының күміс жүлдегері (2004). Халықаралық дәрежедегі спорт шебері. Дзюдодан Шығыс Азия ойындары (1997) мен Азия чемпионатының (2000) қола медалисі. Қошқарбай 1980 жылдардың орта тұсында Ақтөбе облысының Хромтау қаласында жергілікті азаматтардың қолқалауымен бірнеше жыл талапкер балаларды баптады. Гүлнар 15 жасынан самбоға ден қойып, екі жылдай Табынбаевтан тәлім алды. Қошқарбай қайтадан Атырауға ауысқанда балуан қыз жас жаттықтырушы Нұрлан Сибадатовтың қарамағына көшті. Самбоның әліппесін Қошқарбай ағасынан үйренген Гүлнар Көшербаева азаттықтың алғашқы жылдарындағы мықты балуандарымыздың бірі.

Құрыш білек қарындасымыздың дзюдо күресінен Қазақ елінің бірнеше дүркін чемпионы атанып, 6 халықаралық турнирде топ жарып шығуының өзі айтқанға ғана жеңіл. Бұл атақтарына қоса Гүлнар балуан 2000 жылы Сидней олимпиадасында дзюдо күресінен еліміздің намысын қорғады. «Қошқарбай ағамыз жаны жайсаң, жүрегі кең, ісіне берілген маман еді», дейді Гүлнар көңіл қатпарындағы сол бір сәулелі сәттерді қайта жаңғыртып. Қошқарбай туралы естеліктердің бір парасы осындай. Ұлтын сүйген, тарихын қастерлей білген замандас бапкер ниетіне қарай жаттықтырушылар жайлы үлкен тарихтың бір шетін еңсеріп тұр. Ал қазақ самбосы мен дзюдосының талай майталмандары Қошқарбай есімін сондай бір ілтипатпен атайтынын аңғардық. Соңына жақсы сөз қалдыра білудің өзі азаматтың шынайы бағасын білдіретіні анық.

Қыдырбек Рысбек.

Оңнан солға қарай: Арсен Хатип, Қошқарбай Табынбаев, Ринат Ибрагимов.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT