Атырау обл, Миялы ауылы, Қ.Сәтбаев көшесі, №17 үй. 8 (712) 3821738 mialy44@mail.ru

Əлем таныған Бауыржан

Бауыржан Тахауов Атырау қаласында жасақтаған параволейбол командасы бірнеше жыл қатарынан Қазақстан чемпионы атанумен қатар, әлем чемпионаттары мен Азия біріншіліктерінде жүлделі орындардан көрінді.

Б.Тахауов отырып ойнайтын волейболдан Азиядағы ең білікті бапкерлердің бірі әрі республика бойынша осы саладағы көшбасшы азамат. Кейінгі 10-11 жыл көлемінде республиканың параволейболын, қазақша айтқанда, отырып ойнайтын волейболды әлемдік деңгейге шығарған Бауыржан Тахауовты отандық спорттың мамандары ғана емес, Азия мен Еуропаның осы саладағы майталмандары жақсы біледі.

Себебі, Бауыржан бастаған ұжым дүние жүзіндегі азулы құраманың бірінен саналады. 2018 жылғы әлем чемпионатында негізі атыраулықтардан жасақталған Қазақ елінің ұлттық құрамасы Олимпиада ойындары мен әлем біріншілігінің жүлдегері Германия, ХХ ғасырдың ортасында параволейболдың негізін қалаған Голландия (голландиялықтар Еуропадағы белді құраманың бірі), Әлем кубогының жеңімпазы, Еуропа чемпионатының бірнеше дүркін жүлдегері Хорватия секілді мықты құрамалардан басым түсіп, тоғызыншы орынға табан тіреді. Бес құрылық бойынша 78 мемлекетте параволейбол федерациялары жұмыс істейтінін ескерсек, Бауыржан жігіттерінің бұл биігін ұзақ жылғы жанкешті еңбектің, жүйелі ізденістің нәтижесі деп білгеніміз абзал.

Енді Бауыржан Тахауов баптайтын Қазақстан параволейбол құрамасының басты нәтижелеріне тоқталайық:

2009 жыл. Дүние жүзінің жастар арасындағы чемпионаты. Иран. Қазақстан құрамасы – қола жүлдегер.

2010 жыл. «Б» дивизионы бойынша ересектер арасындағы әлем чемпионаты. АҚШ. Қазақстан құрамасы – алтын медаль.

2012 жыл. Ересектер арасындағы Әлем кубогы. Египет. Қазақстан құрамасы – төртінші орын.

2014 жыл. Азия құрлығының лицензиялық іріктеу турнирі. Иран. Қазақстан құрамасы – күміс жүлдегер.

2014 жыл. Параазия ойындары. Оңтүстік Корея. Қазақстан құрамасы – төртінші орын.

2016 жыл. Лицензиялық Әлем кубогы. Қытай. Қазақстан құрамасы – қола жүлдегер.

2017 жыл. Азия чемпионаты. Қытай. Қазақстан құрамасы – күміс жүлдегер.

2018 жыл. Азия ойындары. Индонезия. Қазақстан құрамасы – қола жүлдегер.

2019 жыл. Азия чемпионаты. Тайланд. Қазақстан құрамасы – қола жүлдегер.

Бұл – республика құрамасының халықаралық деңгейде қол жеткізген белестері болса, Тахауов жаттықтыратын Атырау облысының командасы 2010 жылдан бері параволейболдан Қазақстан чемпионатының алтын медалін ешкімге ұстатқан жоқ. Республика біріншілігінде 10-11 аймақтың волейболшылары күш сынасады.

...Бауыржанның параволейболға келуінің өзі – тағдырдың сынағы. 1990 жылы күзде Маңғышлақ теміржол стансасындағы түнгі кезекшілік кезінде оң аяғы поездың астында қалып, тізеден кесілді. Сол апат кезінде оң бармағынан да айырылып қалды. Жиырмадан жаңа асқан жігітке бұл жағдай оңай соққан жоқ. Содан бір күні Алланың қалауымен отырып ойнайтын волейболшыларға қосылды. Қарағайға қарсы біткен бұтақтай қайсар азамат шеберлігін шыңдай келе Қазақстан құрамасынан орын тепті.

Ал қазақ құрамасының сол тұстағы бас бапкері – бір кездегі даңқты волейболшы, 1966 жылғы әлем чемпионатының қола жүлдегері, 1965 жылғы әлем кубогының жеңімпазы, 1967 жылғы Еуропа чемпионы Жәнібек Сауранбаев болатын. Сауранбаев тізгінін ұстаған Қазақстан параволейбол құрамасы 1994,1998 жылдардағы Паразиада ойындарының жеңімпазы. Тоқсан сегізінші жылғы олжалы ойындарға Бауыржан да қатысты.

Осы жеңістен кейін Тахауовқа «Қазақстан Республикасының халықаралық дәрежедегі спорт шебері» атағы берілді. Құрамында Бауыржан ойнаған Қазақстан құрамасы 2002 жылғы Паразиада ойындарында күміс жүлдеге ие болды. Жәнібек Сауранбаевтай саңлақтан тәлім алған Бауыржан Тахауов ойыншы ретінде ғана шыңдалып қойған жоқ, бірнеше жыл бойы осы ойынның тереңіне бойлап, қыр-сырына қаныға түсті. Ұлттық құрамадағы жылдар Тахауов үшін есею әрі жетілу мектебі болды. 1998 жылы Бауыржан Бақытұлы Маңғыстаудан Ақтөбеге көшті. Ақтөбеге орналасқан бойда қалалық, облыстық мүгедектер қоғамына, мүмкіндігі шектеулі адамдарға құжат беретін арнайы мекемелерге барып жүріп, отырып ойнайтын волейбол командасын жасақтауға кірісті.

Бұл айтуға ғана оңай. Ол кезде параволейболдың насихаты жоққа тән. Тіпті жұрттың басым көпшілігі осындай спорт түрі бар екенін білмейтін де еді. Бауыржан «ойынға жарайды-ау» деген адамдарды үйлеріне іздеп баратын. Бір барғанда көне қойса, жақсы. Көнбесе, телефон соғып, үмітін үзбей қайта барады. Талай жігіттің әуелі ата-анасымен ақылдасып, сосын өзінің тілін тапты. Ойыншы іздеп Ақтөбенің базарын да аралады.

Сөйтіп жүріп қара қазандай қайнап жатқан қоғамнан оқшауланып, өмірден баз кешкен талай азаматты спорт залына ертіп әкелді. Жаттығатын орын – орта мектептің спорт залы. Оны да директормен келісіп, шешіп алған. Ал волейбол алаңы түрегеп тұрған адамға теп-тегіс. Бірақ жамбасымен жер сызып ойнайтын адамға басқаша . Кей жерінің шегесі қаламның ұшындай боп қылтиып тұрады. Кей жерінің тақтайы жаңқасы шығып, кедір-бұдыр боп жатады. Бүгін сатып алған спорттық трико бір айдан кейін жамбасы әр жерден тесіліп, киюге жарамай қалуы мүмкін. Бауыржан мен командасы тістеніп жүріп, бәріне төзді. Бауыржан кей ойыншыны көлігімен жаттығуға әкеп, қайтарда үйіне апарып салып жүрді. Ай соңынан ай, жыл артынан жылдар ауысты. Бауыржан негізін қалап, бабына келтіре баптаған Ақтөбе волейболшылары Қазақстан чемпионатында үшінші орынға табан тіреді.

Осы жеңіспен жергілікті параволейболшылардың өрісі кеңейіп, қадамы ұзара түсті. Ұзамай Тахауов жігіттері республика чемпионатында топ жарды. Атам қазақ: «Ораза, намаз – тоқтықта» деп, бекер айтпаған. Қалалық спорт бөлімі команда бапкерінің жалақысын дұрыс шешіп бере алмаған соң Бауыржан 2002 жылы Атыраудың шақыруын қабыл алды. Мұны естіген Ақтөбе қаласының әкімі Елеусін Сағындықов спорт басшысының екі аяғын бір етікке тығыпты. Атырау облыстық спорт басқармасының басшысы Қазбек Иманғалиев Бауыржанды басқармаға қызметке тағайындады. Тахауов көңілі сүйген волейболынан қол үзген жоқ. Бірнеше айдан кейін бапкер қызметіне ауысып, Атырауда параволейбол федерациясын құрды. Тағы да ойыншы іздеу, тағы да тынымсыз шапқылау басталды. Ол кезде параволейболшылар қазіргідей өкіметтен жалақы алмайды. Бауыржанда жігіттерін алдағы күндерге үміттендіре отырып, қайраудан басқа жол жоқ еді. Жігіттер де шыдап бақты. Бір жағынан ақ тер, көк тер боп волейбол ойнау – үйде қамалып, торығып отырғаннан әлдеқайда жақсы.

Уақыт өте келе спортшылар бір-біріне бауыр басып, ынтымағы жарасқан, арқауы берік ұжымға айналды. 2005 жылы Бауыржан Тахауов баптаған Атырау командасы Қазақстан біріншілігінің қола медаліне қол жеткізді. 2007 жылы Б.Тахауов Атырау облыстық әкімдігінің алқалы жиынында мүгедектер спортын клубтық жүйе арқылы дамытуға болатынын шегелей айтып, нәтижесінде республикадағы алғашқы спорт клубы өмірге келді. 2009 жылы негізі атыраулықтардан тұратын Қазақстан жастар құрамасы әлем чемпионатының қола медалін ұтып алды.

Осы жеңістен кейін Атырау облысының әкімдігі Бауыржанның клубына спорт ғимаратын тұрғызып берді. Бұл – мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған Қазақстандағы тұңғыш дербес спорт ғимараты болатын. 2015 жылы республикалық мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған орталықтың басшысы ретінде Атырауға, спорт клубына әдейі барып қайттым. Бауыржан Тахауов – клуб директоры. Спорттың бірнеше түрін қамтыған ұжымның тірлігі қайнап жатыр екен. Сол жолы Бауыржан мен оның командасының параволейболдың тереңіне бойлап, ғылыми сорабына түскен ұжым екеніне көзім жетті. Клубтың видео орталығы – шағын аналитикалық лаборатория тәрізді.

Бір кезде видеокамерасын жанынан тастамай, ойын, жаттығуларды ерінбей таспаға тартқан Бауыржан Тахауовтың қазір қолы ұзарған. Клубта спорттың 13 түрінен 260-тай спортшы бар. 2016 жылы атыраулық паратаэквондошы Нұрлан Донбаев әлем чемпионы атанса, дзюдошы Әнуар Сариев пен жүзуші Ержан Сәлімгереев әр жылдары әлем кубогының жүлделерін жеңіп алды. Ал 2018 жылғы Паразиада ойындарына Атыраудан 20-дан аса спортшы қатысты. «Ақтөбеде волейболға бейім бір бала жайлы естіп, үйіне бардым, – дейді Бауыржан сонау бір жылдардың әңгімесін қайта жаңғыртып.

– Тоғызыншы қабатта тұрады екен. Сымбатты келген сары бала. Әке-шешесімен, баланың өзімен сөйлестім. Содан баланы жаттығуға машинамен алып кетіп, үйіне апарып жүрдім. Бір күні жаттығудан келсек, есік алдында бұрын көріп жүрген екі бала тұр. «Неге тұрсыңдар?» десем, «Досымызды 9-қабатқа көтеріп шығарамыз», дейді». Сол жерде шәкіртіме: «Бүгіннен бастап 9-қабатқа балдағыңа сүйеніп өзің шығасың!» – деп, қатты талап қойдым. Бала амалсыз көнді. Біраздан кейін әлгі шәкіртім балдақтың көмегімен үш-төрт сатыны бір-ақ аттайтын жағдайға жетті.

Бір күні әкесі жылап отырып, былай деді:

«Волейбол ойнағалы бері балам ширады. Бұрын таяқ тастам жерге бізге сүйеніп баратын. Саған көп рахмет!..» Қазір сол шәкіртім білдей бизнесмен...»

Енді Бауыржан Тахауов баптайтын Қазақстан параволейбол ұлттық құрамасымен таныс болыңыздар: Берік Ізмағанбетов, Жанғали Сүйеуов, Қуаныш Тәжіков, Александр Демеуов, Бауыржан Сартаев, Нұртау Мұхамбетқалиев, Расул Иманғалиев, Ақылбек Шикібаев, Тұрлан Қаратаев, Ерік Қасқабаев, Мұхтар Қамысбаев, Шыңғыс Медеуов, Пердебай Намұратов, Ерлан Битеміров, Алмат Манабаев, Ернар Мәтеуов, Әділет Сейітжаппар, Алмат Оспанов, Ержан Сұлтанов.

 

Қыдырбек Рысбек,

Қазақстанның еңбек сіңірген жаттықтырушысы.

 

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521