Тағдырға тағзым мың рет,
Түсінген жаным мұны бек.
Қуандым және ойландым,
Республикам күні деп.
Бақыттың басы бұрылды,
Жасайын қандай ырымды.
Аймалап бізді Күн – анам,
Аямай төкші нұрыңды.
Біз елміз өзге басқармас,
Еркіміз тұрған аспандап.
Бар қазақ пейіл тоғыстыр,
Аллаға айтып ақсарбас.
Көңілдер таза, тұнық ой,
Бақыттың бұл күн шыңы ғой.
Құт қонсын қуан қазағым,
Республикаңның күні ғой.
Қайтала әлем шындықты,
Әрине қазақ, кім мықты?
Ақ бұлттар желпі самалмен,
Киіз туырлық пен түндікті.
Пиғылдар қарау көш кейін,
Бақытты құшсын төскейім.
Жеріме көзді алартпа,
Хош келдің келсең, дос пейіл.
Тасиды шалқып бойда күш,
Жүзеге асар ойдағы іс.
Алауыз болма алты Алаш,
Жаманға беріп тойтарыс.
Көтеріп таулар өр басын,
Ақ жауын бұлты торласын,
Қуанбас жандар болмасын,
Республикам күнінде,
Бір Аллам өзі қолдасын!
Алдырып бойды тың үнге,
Біріңнен – бірің түңілме.
Бақытты сезін бастағы,
Республика күнінде!
Таңатар Дәрелұлы,
Құрманғазы мекені