Bestnews.kz ақпарат агенттігінің редакциясына берген эксклюзивті сұхбатында Қазақстан Республикасы Туризм және спорт вице-министрі Серік Жарасбаев XXV қысқы Олимпиада ойындарындағы Қазақстан құрамасының алғашқы нәтижелеріне баға берді.
— Серік Маратович, біз Олимпиада-2026 ойындарында қазақстандық спортшылардың алғашқы өнерлерін көрдік. Сіздің пікіріңіз?
— Жарыстардың едәуір бөлігі артта қалды. Мәселен, фристайл-могулдағы бәсекелердің нәтижелерін көрдік, шорт-трекшілеріміз алғашқы қашықтықтарын жүгіріп өтті. Мәнерлеп сырғанаушы Михаил Шайдоров қысқа бағдарлама қорытындысы бойынша бесінші орын алып, әлемнің үздік бес мәнерлеп сырғанаушысының қатарына енді. Ертең Михаил еркін бағдарламамен өнер көрсетеді. Сонымен қатар, әйелдер арасындағы жекелей сырғанауда Софья Самоделкина әлі өнер көрсеткен жоқ. Бұдан бөлек, осы Олимпиада ойындарының бағдарламасына алғаш рет параллельді могул қосылды. Бұл дисциплинада құрамамыздың көшбасшысы, осы спорт түрінен әлем чемпионы Анастасия Городко бақ сынайды. Оның Олимпиадада сәтті өнер көрсетуіне тілектеспіз. Сондай-ақ Денис Никишаның шорт-тректегі өзіне тән 500 метр қашықтықтағы жарысын күтеміз. Үмітімізді конькимен жүгірушілерге де артамыз, олар Олимпиада аяқталар қарсаңында 1500 метр қашықтықта сынға түседі. Құрамамызға сеніп, жанкүйер болып, қолдау білдіреміз. Оларға сәттілік тілейміз. Біз әрдайым спортшыларымызға сенеміз.



