Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша «Қазақстандық тауар өндірушілерінің тізілімі» цифрлық платформасы іске қосылды. Ол e-ondiris.gov.kz сайтындағы барлық пайдаланушыларға қолжетімді және барлық бизнес бүгін тіркеуге өтініш бере алады.
«Тауарлардың шығу тегін растаудың бұрынғы механизмімен салыстырғандағы Тізілімнің басты айырмашылығы – барлық процесстер толық цифрландырылған. Өтініштерді беру, оларды тексеру және шешім қабылдау толығымен онлайн режимінде жүзеге асырылады, бұл барлық кезеңдерде ашықтық пен бақылауды қамтамасыз етеді», — атап өтті ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев.
Екіншіден, процесс бюрократиядан арылады. Жүйе басқа мемлекеттік базалармен интеграцияланып, құжаттар санын қысқартуға және бизнеске түсетін әкімшілік жүктемені төмендетуге мүмкіндік береді.
Үшіншіден, бұл қызметті мемлекеттік органдар жеке аудиторлар мен сарапшылардың қатысуынсыз тегін көрсетеді.
Министр жаңа жүйеге тиімді өту үшін бұрын қазақстандық өндірушілер мәртебесін растаған 1800-ден астам индустриялық сертификаттардың иелері Тізілімге автоматты түрде ауыстырылғанын атап өтті. Бұл компаниялар бір ай ішінде жүйеде қажетті мәліметтерді толықтырып, өтінімді ЭЦП арқылы растауы қажет. Қазірде жаңа платформада мыңға жуық компания тіркелген.
Жалпы алғанда, Тізілім мемлекеттік қолдаудың нысаналылығы мен ашықтығын және оны нақты өндірістік қызметі бар кәсіпорындарға мақсатты түрде жеткізуді жақсарту үшін құрылды.



