Атырау обл, Миялы ауылы, Қ.Сәтбаев көшесі, №17 үй. 8 (712) 3821738 mialy44@mail.ru

Президент кеңесшісі медицина, мәдениет және спорт өкілдерімен кездесті

Қазақстан Республикасы Президентінің кеңесшісі Мәлік Отарбаев жұмыс сапарымен Атырау облысына келіп, медицина, мәдениет және спорт салаларының өкілдерімен кездесті, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.

Кездесу барысында ұлттық идеологияны нығайту, мемлекеттік құрылымды одан әрі дамыту мәселелері және бұл міндеттерді шешудегі Ұлттық құрылтайлардың рөлі талқыланды. 

– Біз жеті өңірде болып, осындай кездесулер өткіздік. Құрылтайлар – дала демократиясының дәстүрлерін қазіргі қоғамдық даму үдерісіне біріктірген жалғасы. Құрылтайда 50-ден астам мәселе көтерілді, олардың 53-і бойынша заң қабылданды. Атырауда өткен құрылтай жоғары деңгейде ұйымдастырылды. Барлық тапсырмалар кезең-кезеңімен орындалуда. Атырау облысының дамуы – бүкіл Қазақстанның дамуы. Заң үстемдігі қағидатын ұстану – мемлекеттілікті дамытудағы басты бағдар болуы тиіс. Біз күшті және табысты ұлтқа айналамыз, егер әрқайсымыз бірлікті нығайтып, әділеттілік қағидаттарына берік болсақ, – деді Президент кеңесшісі.

Өз жетістіктері мен алда тұрған міндеттері жөнінде медицина, спорт және мәдениет салаларының өкілдері баяндады. Солардың қатарында Атырау облыстық «Ұлттық спорт түрлері» ЖШС директоры Өнербек Жанбала да болды. Ол бірқатар өзекті мәселелерге тоқталды. Оның айтуынша, Атырау өңірінде ұлттық спорт түрлеріне деген қызығушылық артып келеді. Өңір жергілікті спортшылардың жетістіктерімен мақтанады. Қазіргі таңда көкпар, бәйге, құсбегілік, тоғызқұмалақ, асық ату және дәстүрлі садақ ату секілді ұлттық ойындар кеңінен танымал бола түсуде.

– Ұлттық спорт түрлерін үйренгісі келетін жастар үшін есігіміз ашық. Ауылдық жерлерде талантты жастар көп, сол себепті сол аймақтарда филиалдар ашу ойымызда бар. Сондай-ақ өзіміздің ипподромымыз болса деген арманымыз бар, – деді Өнербек Жанбала.

Оның айтуынша, 2015 жылы жер телімі бөлініп, мемлекеттік сараптамадан өткен жобалық-сметалық құжаттама дайындалған. Алайда нысан құрылысына қажетті қаражат әлі күнге дейін бөлінбеген.

– Мұндай арена болмаса, біз республикалық деңгейдегі чемпионаттар мен жарыстарды өткізе алмаймыз. Бұл – осы спорт түрлерін дамыту үшін аса маңызды. Бүгінде ұлттық ойындар елеулі мәртебеге ие болып, дербес спорт түрлеріне айналды, кейбірі халықаралық деңгейге де шығып үлгерді, – деді ол.

Аман ШАМАР

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT