Қазіргі уақытта Атырау қаласы аумағында мотокөлік қозғалысы күннен күнге артуда. Әсіресе жаз мезгілінде мопед, скутер, электросамокат сияқты жеңіл мотокөлік құралдарын тізгіндейтіндердің қатары едәуір көбейген.
Жыл басынан бері республика көлемінде мотокөліктің қатысуымен 700 жол-көлік оқиғасы орын алып, салдарынан 20 адам қайтыс болды. Ал, Атырау қаласында 50 жол-көлік оқиғасы тіркеліп, 10 адам әртүрлі дене жарақатымен ауруханаға жеткізілді.
Осы ретте, жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету, мотокөлік жүргізушілерінің жол жүрісі саласындағы заңнаманы бұзуын болдырмау және олардың қатысуымен болатын жол-көлік оқиғаларының алдын алу мақсатында 19 мен 22 шілде аралығында республика көлемінде рейдтік іс-шаралар жүргізілуде.
- Мотокөліктермен орын алатын жол-көлік оқиғаларын болдырмау мақсатында жүргізушілерге жылдамдықты асырмай, жол жүрісі ережесіне бағынып, қатаң сақтауларын ескертеміз. Әсіресе, жасөспірімдер мен тәжірибесі аз жүргізушілер жолда аса мұқият болғаны жөн. Әр жүргізуші жолда өзінің ғана емес, өзгенің де өміріне жауапты екенін ұмытпауы тиіс, – деді Атырау ҚПБ патрульдік полиция батальоны командирінің қызмет жөніндегі орынбасары Өсер Жәңгірхан.