Атырау обл, Миялы ауылы, Қ.Сәтбаев көшесі, №17 үй. 8 (712) 3821738 mialy44@mail.ru

Қожалықтардағы басты мәселе - су тапшылығы

Жақында аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің сектор меңгерушісі Әділет Шаймардановпен бірге бірнеше шаруа қожалықтарын аралап, олардың қысқы мал азығын дайындаудағы жұмыстарымен танысып қайттық.

Жамбыл ауылдық округінен басталған іссапарымызда алдымен «Жалғас» шаруа қожалығына ат басын бұрдық. Аталмыш округке қарасты «Бесқала» деген жерде орналасқан қожалықтың жетекшісі Насихат Шуақова деген азаматша Атырау қаласының тұрғыны болып шықты. Мұнда шаруашылықты жүргізіп отырған Қайырбек Омаров деген азамат біз барғанда құдық басында күн панелін орнатып жүр екен. Күн энергиясынан қуат алатын қондырғы мемлекеттік қолдау аясында орнатылуда. Яғни, шаруа қожалығы құдық басына өз қаржысымен күн панелін орнатса, кеткен шығынның 80 пайызы субсидия арқылы кейін қайтарылады. Қайырбек Омаровтың айтуынша, құрылғанына 4-5 жылдың жүзі болған қожалықта қасындағы көмекшісі екеуі төлін қосқанда жүзден астам мүйізді ірі қара малы мен екі үйір жылқыны бағып отыр. Туып тұрған қырық шақты сиырды сауып, өнімін ауыл тұрғындарына, қалаға жіберіп сатуда.

Бұл жердегі басты мәселе қысы-жазы судың тапшылығы. Құдық суы әзірге қолдағы малға жетіп тұр. Бұрындары Ойыл өзені тасығанда өр суы Бесқала маңындағы көлдерді толтырып, судан таршылық көрмейтінбіз. Жайылымдық жер мол болғанымен су тапшылығы мал басын көбейтуге қиындық келтіріп тұр. Қой малын өсірейік десек бір жағынан су тапшы, енді бір жағынан қазір далаға мал бағатын адам келмейді. Сондықтан, әзірге өздері жайылатын жылқы мен сиырды бағып отырған жайымыз бар. Ал, мал аз болғасын шөп те шаппаймыз. Көрші шаруашылықтардан қажетімізше сатып аламыз, - дейді Қайырбек Омаров.

Жамбыл ауылдық округінде 31 шаруа қожалығы тіркелген. Округ әкімдігінен білгеніміздей, «Оразбай» қыстағында «Фархад» шаруа қожалығын құрып, мал шаруашылығын дамытып отырған ағайынды Таяшевтар жылдағы әдетімен ерте бастан қамданып, бүгінгі күні «Қойыс» деген жерде қос трактормен қысқы мал азығын дайындауда.

Сондай-ақ, «Шадияр», «Жампоз», «Дәулет», «Нұрасыл» шаруа қожалықтары да қолда бар техникаларымен шөп шабуда. Қалған қожалықтар өздеріне қажетті пішенді сатып алуды жоспарлап отыр.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521