Атырау обл, Миялы ауылы, Қ.Сәтбаев көшесі, №17 үй. 8 (712) 3821738 mialy44@mail.ru

Қордағы ақшаны кімдер ала алады?

«Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне экономикалық өсуді қалпына келтіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңына сай, азаматтарға зейнетақы жинақтарының бір бөлігін тұрғын үй жағдайларын жақсарту, емделуге ақы төлеу, сондай-ақ, жеке басқарушы компанияларға инвестициялық басқаруға беру үшін пайдалану құқығы бар. Зейнетақы қорындағы қаржысын «Жеткілікті шектен» артық жинақ салымы бар жұмыс істейтін азаматтар, бұрынғы жалақысының 40 пайызына тең мөлшердегі зейнетақысы бар зейнеткерлер (жинақтағы ақшасының 50 пайызын ала алады), бұрын зейнетақы аннуитетін рәсімдеп, сақтандыру қорына аударған соң да зейнетақы жинағында салымы қалған азаматтар ала алады.

zejnet

«Жеткілікті шек» дегеніміз не?

Ол салымшының есебінде қалуы қажет жинақтағы қаражатының ең төменгі мөлшері. Салымшының зейнетке шыққанда зейнетақысыз қалмауы үшін есепшотында белгілі мөлшерде қаражат қалуы қажет болғандықтан, «жеткілікті шекті» анықтау әдістемесі Үкіметпен белгіленген. Яғни салымшы жинақтағы қаражатының «жеткілікті шектен» асқан бөлігін ғана жоғарыда аталған мақсаттарға пайдалана алады. Сондай-ақ, салымшы зейнетақы жинақтарының бір бөлігін өзіне ғана емес, жақын туыстарының емделуіне немесе тұрғын үй жағдайын жақсартуына ала алады. Осы мақсатта туыстарға алынатын жинақты біріктіру де көзделген. «Қазақстан Республикасында зейнетақымен қамсыздандыру туралы» Заңына сай, «Зейнетақы жинақтарының ең аз жеткіліктілік шегі» салымшының зейнетақы жинақтарының нақты сомасын, сондай-ақ, оның болашақ зейнетақы жарналары мен инвестициялық табысын қамтиды. Бұл зейнетақы жасына жеткен кезде оған ең аз зейнетақыдан кем емес зейнетақы табысын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Бұл ретте болашақ жарналардың ең төменгі жалақы мөлшерінен төмен емес табыстан аударылатыны есепке алынды. Егер кірістер жоғары болса, онда ең төменгі жеткіліктілік шегі тезірек қалыптасады, ал зейнеткерлікке шыққаннан кейінгі төлемдер ең төменгі зейнетақыдан көп болады. Жеткіліктілік шегін есептеуге арналған әдістеме мен өлшемдер Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысымен айқындалады және әрбір жас үшін жеке есептеледі.

Жеке кабинетке кіру оңтайлы

Өз жинақтарының жеткіліктілік шегіне сәйкестігін тексеру үшін салымшылар БЖЗҚ-дағы зейнетақы шотынан үзінді көшірмені enpf.kz сайтындағы өзінің жеке кабинетінен, БЖЗҚ-ның жаңартылған ұялы қосымшасынан немесе egov.kz порталынан онлайн режимде ала алады. Үзінді көшірмеде жеткіліктілік шегі және нысаналы пайдалану үшін қолжетімді сома туралы ақпарат қамтылады. Сайттағы жеке кабинетте және БЖЗҚ ұялы қосымшасында авторланудың екі тәсілі қолжетімді: электрондық цифрлық қолтаңбаны пайдалану немесе ЖСН мен парольді енгізу. Сондай-ақ, өз жинағыңыздың жай-күйін БЖЗҚ дерекқорында тіркелген электрондық поштаңыздың мекенжайына тұрақты түрде үзінді көшірме алу арқылы немесе «БЖЗҚ» АҚ өңірлік бөлімшелеріне жеке басыңызды куәландыратын құжатпен барып та тексере алады.

– Қазіргі таңда салымшылар мен алушылардың өз жинағына қызығушылығы артты. Осы орайда жеке зейнетақы шотынан үзінді-көшірме алуға сұраныс саны көбейген. Яғни, қабылданған заңнамалық өзгерістердің жағымды жағының бірі – зейнетақы алуға да, ағымдағы қажеттілікке де пайдалануға мүмкіндік беретін зейнетақы жинағына деген қызығушылықты арттыру. Зейнетақы жинағын пайдалану үшін оларды қалыптастыру қажет. Ал ол үшін еңбек еткен уақыт ішінде зейнетақы жарналары тұрақты және толық көлемде аударылып отырғаны жөн, - дейді «Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры» АҚ басқарма төрағасы Жанат Құрманов.

Өтініш беру үшін интернет-порталы арқылы

БЖЗҚ-дағы зейнетақы жинақтарын тексергеннен кейін зейнетақы жинақтарының бір бөлігін тұрғын үй жағдайын жақсартуға немесе емделуге пайдалану туралы шешім қабылдаған салымшылар арнайы шот ашу үшін электрондық цифрлық қолтаңбаны (ЭЦҚ) пайдалана отырып, біржолғы зейнетақы төлеміне өтініш беру үшін интернет-порталы арқылы уәкілетті операторға жүгіне алады. Уәкілетті оператор екі жұмыс күні ішінде БЖЗҚ-ға электрондық хабарлама жібереді, онда төлемге қабылданған өтініш туралы мәліметтер, оның ішінде алу мақсаты, ТАӘ, туған күні, ЖСН, салымшы айқындаған мөлшердегі біржолғы зейнетақы төлемінің сомасы, ЖТС ұстап қалу тәсілі туралы мәліметтер қамтылады.

БЖЗҚ уәкілетті оператордан электрондық хабарлама алғаннан кейін 5 жұмыс күні ішінде уәкілетті операторға салымшының біржолғы зейнетақы төлемінің сомасын аударады, ол өз кезегінде бұл соманы салымшының арнайы шотына аударады. Біржолғы зейнетақы төлемінің сомасы уәкілетті операторда («Отбасы банк» АҚ) ашылған салымшының арнайы шотында 45 жұмыс күнінен аспайтын мерзім ішінде сақталады. Осы мерзім ішінде салымшы уәкілетті операторға нысаналы мақсаттар бойынша құжаттарын ұсынуы тиіс. Егер ол көрсетілген мерзімдерде ұсынылмаған жағдайда, уәкілетті оператор біржолғы зейнетақы төлемінің сомасын БЖЗҚ-ға қайтаруға тиіс, Қор ол соманы салымшының жеке зейнетақы шотына есептейді.

Ал, зейнетақы жинақтарын ем алу бағытында қалай пайдалануға болатындығы жөнінде ҚР ДСМ Медициналық көмекті ұйымдастыру департаменті директорының орынбасары Гүлнар Сәрсенбаева:

– «Егер бірыңғай зейнетақы төлемдерінің жеткіліктік шегі ем алуға пайдалануға жеткілікті болса, онда азамат өзінің емханасына барып, біржолғы зейнетақы төлемдері есебінен ем-дом алуға бағыттау туралы дәрігерлік комиссияның қорытындысын алуы керек. Осы орайда ақысы қымбат қызметтердің санатына енген медициналық ем-дом жасау тізімін атады. Олардың арасында орфандық, яғни сирек кезедесін ауруларды емдеу, стоматологиялық қызметтер, реконструктивті әрі қалпына келтіру операциялары (пластикалық), медициналық сауықтыру қамтылған. Сауықтыруға барған азаматтар Қазақстан аумағындағы медициналық ұйымдар мен шипажайларда болады. Мұнымен қоса, зейнетақы жинағының бір бөлігі есебінен офтальмологиялық қызметтер бағытында пайдалануға болады.Бұл тізім тұрғындар арасындағы сұранысқа қарай өзгеруі мүмкін. Өтініш беруші келесі қадамда өзінің қалауы бойынша медициналық ұйымды таңдайды, оның ішінде шетелдік ұйымдар да болуы ықтимал. Азамат ЭЦҚ көмегімен уәкілетті оператордың интернет ресурсында авторизациядан өтіп, өзінің жеке кабинетін ашуы тиіс. Жеке кабинетте тиісті сомамен біржолғы зейнетақы төлеміне электронды өтінімді толтырып, дәрігерлік комиссия қорытындысының көшірмесі мен ем-дом жасайтын медициналық ұйыммен шартты белгілеу керек, – дейді.

Осылайша азаматтардың тұрғын үй жағдайларын жақсарту немесе емделуге ақы төлеу мәселелері бойынша барлық өтініштері уәкілетті операторға «бір терезе» қағидаты бойынша келіп түседі және қаралады. Азаматтар тарапынан БЖЗҚ-ға жеке өтініш беру талап етілмейді. Зейнетақы жинақтарын тұрғын үй жағдайларын жақсарту және (немесе) емделуге ақы төлеу мақсатында алудан басқа, 2021 жылдан бастап азаматтар түрлі инвестициялық стратегияларды ұсынатын инвестициялық портфельді басқарушыларды (ИПБ) дербес таңдау арқылы МЗЖ және (немесе) МКЗЖ есебінен өздерінің зейнетақы жинақтарын басқаруға қатыса алады.

Гүлмира МАҚСОТ

Сурет: ашық дереккөзден

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT