Бүгінгі таңда еліміздегі ең басты мәселелердің бірі – сыбайлас жемқорлықпен күрес екен баршаға мәлім. Бұл туралы президенттің бұған дейінгі Жолдауларында бірнеше мәрте айтылып, тиісті тапсырмалар да берілген болатын.
Осыған орай, еліміздің барлық өңірінде «Адалдық алаңы» жобалық кеңселері құрылып, өз жұмыстарын бастады. Мақсат – қоғамда сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін төмендетіп, әкімдіктер мен халыққа қызмет көрсетуші мекемелердің жұмысына қоғамдық бақылау жасау. Осы ретте, Атырау облысында да жүйелі түрде жұмыстар қолға алынып, жүзеге асып келеді.
Соның бір айғағындай, жақында ауданға Қазақстан Республикасы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Атырау облыстық департаменті бастығының бірінші орынбасары Айдос Мамыт пен «Атырау – адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің басшысы Альфия Адиева бастаған өкілдер арнайы іссапармен келіп, аудандағы басты мәселелерге назар аударып, әкімдіктер мен мекемелердің жұмысына қоғамдық бақылау жасады. «Сервистік әкімдік» қашан ашылады?
Олар алдымен аудан әкімі Нұрсұлтан Бисембиевтің қабылдауында болды. Қабылдау барысында, аудан басшысы «Атырау – адалдық алаңы» өкілдеріне ауданның жай-күйін таныстырып, пандемия кезінде жасалған жұмыстарды тілге тиек етті. Өз кезегінде сөз алған Қазақстан Республикасы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Атырау облыстық департаменті бастығының бірінші орынбасары Айдос Мамыт агенттік төрағасы Алик Шпекбаевтың өңірлерде «Сервистік әкімдік» ашу туралы тапсырмасына байланысты жасалып жатқан жұмыстарды сұрады.
Осы ретте аудан әкімі:
– «Сервистік әкімдік» – қолдауға тұрарлық бастама. Бұл бағытта біз ашылатын жаңа әкімдіктің эскиздік жобасын жасап қойдық. Бұл бойынша екі нұсқа бар. Біріншісі аудан әкімдігінің кіре беріс дәлізінен әйнекпен бөлу арқылы кеңсе жасау, екіншісі есік алдындағы бос жерге жаңадан ғимарат салу. Ашылатын сервистік әкімдік «бір терезе» қағидасы бойынша қызмет атқаратын болады. Жұмыс кезінде тұрғындардың сұранысына орай мемлекеттік қызмет көрсететін кез-келген мекеменің жауапты маманын алдырамыз. Нәтижесінде өтініш иесі еш жаққа сабылмай жұмысын бір жерден бітіреді. Сондай-ақ, бұл кеңсе көрсетілетін қызметтің сапасын көтеріп, халықтың цифрлық сауаттылығын жетілдіруге де оң ықпал ететін болады. Қазіргі таңда жаңадан ашылатын «Сервистік әкімдіктің» екі нұсқасын да қарастырып, біреуін таңдаймыз. Бұйырса, алдағы айлардың бірінде құрылысы басталады. Құрылыс жұмысы қалай бітеді, сол бойда ашылады, – деп жауап берді.
Бұдан әрі облыстан келген өкілдер аудан басшысымен бірге аудандық халыққа қызмет көрсету орталығының жұмысымен танысты. Мекеме басшысы Айбар Алтыбаев орталықтың көрсететін қызметі мен берілетін құжаттарға қысқаша тоқталды. Аталмыш дептартаменттің бірінші орынбасары Айдос Мамыт ауданнан жүргізуші куәлігін беру, көлік нөмірін алу сияқты қызметтер ашу туралы ұсыныс беру керектігін түсіндірді. Себебі, аудан халқы бір ғана жүргізуші куәлігіне бола Атырау қаласына барып, қосымша шығын шығармауы қажет. Орталық басшысы бұл туралы жоғары басшылыққа ұсыныс берілгендігін, алдағы уақытта ашуға жұмыстанып жатқандығын мәлімдеді.
Аурухана кемшілікті жойды, алайда...
Мемлекет басшысы жақында ғана Қазақстан халқына арнаған Жолдауында: «Медициналық инфрақұрылымды дамыту мен медициналық мекемелерді кадрлармен қамтамасыз ету күн тәртібінен түспейді. Сондай-ақ, елімізде бастапқы дәрігерлік көмек халықтың барлық тобына, соның ішінде ауыл тұрғындарына қолжетімді болуы тиіс» деген болатын. Бұл ауданда қалай жүзеге асуда,тұрғындарға медициналық көмек қолжетімді ме? Міне, осы сұрақтарға жауап алу мақсатында «Атырау – адалдық алаңы» өкілдері аудандық орталық аурухана жұмысына қоғамдық бақылау жасады. Кемшіліктер ауруханаға кірген бетте байқалды. Мәселен, аурухананың кіре беріс есігіндегі мүмкіндігі шектеулі жандардың дәрігерлерді шақыруға арналған тетігі жасамайтын болып шықты.
Сонымен қатар, аурухана дәлізіндегі басшылық құрамның аты-жөні жазылып тұрған тақтайшада осыдан үш жыл бұрын бас дәрігердің емдеу ісі жөніндегі орынбасары болған, алайда, қызмет бабымен басқа қалаға ауысқан А. Бисенованың есімі әлі тұр. Бұдан бөлек биылғы жылдың басында 8 миллион теңгеге қондырылған электронды кезектің таблосы әлі күнге іске қосылмаған. Соның салдарынан емделушілер дәрігерлерге қаралу үшін бұрынғыша «жабайы» кезекте тұрады. Сондай-ақ, «Атырау – адалдық алаңы» қызметкері Ания Төлешова ауруханада емделіп жатқан науқастармен сөйлесу барысында санитарлық талаптардың толық сақталмайтынын, кейбір жағдайларда қан алатын ине мен дәрі-дәрмектерді өздері дәріханалардан алатынын анықтады. Осы орайда, аудандық орталық аурухана директорының міндетін атқарушы Мәдина Қанатқалиева кемшіліктерді дер кезінде жоятынын, алдағы уақытта олқылықтар қайталанбайтындығын тілге тиек етті. Қоғамдық бақылау одан әрі «Қазпошта» АҚ-ның аудандық филиалында жалғасты. Торап басшысы Роман Кәдірғалиев поштада көрсетілетін қызметтермен таныстырды. Өз кезегінде жобалық кеңсе басшысы Альфия Адиева поштада сәлемдемелердің жоғалып кететіні, банкоматтарда ақша болмай қалатыны жайлы тұрғындардың шағымын жеткізді. Оған жауап берген торап басшысы сәлемдемелер көп жағдайда жіберуші жақтан дұрыс келмейтінін, сол себептен тұрғындар поштаға келгенде оператордың көзінше заттарын ашып, түгендеп алғаны жөн екендігін, ал, банкоматтарда ақша үнемі болатынын, тек кейбір техникалық ақау салдарынан уақытша қиындық туындайтынын атап өтті. Поштаға қоғамдық бақылау жүргізіп жатқан сәтте жобалық кеңсе өкілдеріне аудандық орталық аурухана басшылығы хабарласып, анықталған кемшіліктер жойылғанын жеткізді. Дереу ауруханаға ат басын бұрған бақылаушылар кіре беріс есіктегі мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған тетіктің жасап тұрғанына, электронды кезекке арналған таблоның қосылғанына, ескі тақтайшаның орнынан алынғанына куә болды. Кемшілікті жойған аудандық орталық аурухана директорының міндетін атқарушы Мәдина Қанатқалиеваға алғыс айтып, алайда, қажетті аппараттар мен сапалы қызмет тексеруші органдар үшін емес тұрғындар игілігіне арналуы тиіс екендігін, сондай-ақ, аурухана дәлізінен арыз-шағым қабылдайтын «Адалдық бұрышын» ашу керектігін ескертті.
Әкімдер халыққа жақын болуы тиіс
Президент өзінің әр Жолдауында қоғамның барлық саласын толықтай цифрландыру, халық үніне құлақ асатын мемлекет қалыптастыру мәселесін жиі көтеріп келеді. Әсіресе, тұрғындардың цифрлық сауаттылығын көтеру өзекті тақырып.
Соған сай, Атыраудан келген қоғамдық бақылаушылар өз іссапарларын әрі қарай ауылдық округтерде жалғастырды. Алдымен Қызылқоға ауылдық округіне ат басын бұрған олар жергілікті әкімдіктің жұмысымен және тұрғындарға электронды цифрлы қолтаңба мен қажетті құжаттар алып беруге арналған өзін-өзі қамту бұрышымен танысты. Бұл ауылда да кемшілік бірден көзге ұрып тұрды. Соның бірі – әкімдік ғимараттың кіре берісіндегі мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған пандустың жоқтығы. Сондай-ақ, өзін-өзі қамту бұрышының тіркеу журналы болмай шықты. Ал, ғимаратттың кіре берісінде орналасқан тақтайшада сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес қызметінің сенім телефоны мен адалдық жайлы жазылған нақыл сөздер қисайып ілінген.
Округ әкімінің міндетін атқарушы Зейнолла Шәліков бұл кемшіліктер алдағы уақытта жойылады деп уәде берді. Ал, Жангелдин ауылдық округінде жағдай бұдан қарағанда тәуір. Су жаңа әкімдіктің екі қатарлы ғимаратында бас мамандардан бөлек кітапхана, учаскелік полиция, ардагерлер ұйымы бар. Алайда, өзін-өзі қамту бұрышы мен әкімнің кабинеті екінші қатарда орналасқан. Осыған назар аударған жобалық кеңсе басшысы Альфия Адиева:
«Әкім халыққа қолжетімді болуы үшін жұмыс кабинеті бірінші қатарда болуы керек, сонымен қатар өзін-өзі қамту бұрышы да төменде болғаны дұрыс» деді.
Округ әкімі Амангелді Бағдаров интернет желісі екінші қатарда жақсы ұстайтындықтан осылай амалдап отырғандығын, алдағы уақытта «Қазақтелеком» АҚ мамандары жағдайды дұрыстаса өзін-өзі қамту бұрышын бірінші қатарға түсіретіндігін мәлімдеді. Өз кезегінде бір күндік сапарды қорытындылаған жобалық кеңсе өкілдері мұндай қоғамдық бақылаулар алдағы уақытта да тұрақты түрде жүргізілетіндігін қаперге берді.
Түйін
Осылайша «Атырау – адалдық алаңы» өкілдерімен бірге аудандағы бірқатар мекемелер мен округтерді аралағанда бірнеше кемшілікке куә болдық. Сондай-ақ, іссапар барысында жұмыстарына бақылау болмаса арқаны кеңге салып, тек айлық үшін отырған басшылар мен мамандардың бар екеніне көз жеткіздік. Ал, мемлекет басшысы өз Жолдауында атқарушы билік халық үніне құлақ асып, барлық мемлекеттік қызметтер қолжетімді болуы керектігін баса айтты.
Ендеше, әкімдер мен мекеме басшыларына жасалған жұмыстары үшін тоқмейілсіп отыруға болмайды. Керісінше, жұмысқа білек сыбана кірісіп, ел дамуына сүбелі үлесін қосуы керек. Сонда ғана еліміз көздеген межеге қол жеткізіп, дамыған отыз елдің қатарынан ойып тұрып орын алары сөзсіз.
Дулат ҒҰБАЙДУЛЛИН