Міне, 2020 жылдың алғашқы саны да оқырманға жол тартты.
Былтырғы жылдың екініші жартыжылдығын 3119 данамен тәмамдаған «Қызылқоға» газетінің биылғы бірінші жарты жылдығындағы таралым саны 3109 дана болып, «Атырау-Ақпарат» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне қарасты жеті аудандық газеттердің ішінде ортан белге жайғастық. Бұл әрине, жаман көрсеткіш емес.
Дегенмен, жоспарлаған межеге жетпей қалғанымыз өкінішті. Оған әр түрлі факторлар себеп болды деп есептейміз. Айталық, 2020 жылдың І жартыжылдығына баспасөзге жазылу науқаны басталған кезде аудан әкімінің орынбасары Марат Әбуовтың қолымен барлық ауылдық округ әкімдері мен дербес бөлім, мекеме басшыларына «2020 жылдың І жартыжылдығына баспасөзге жазылу науқаны басталды. Осыған байланысты берілген жоспардың толықтай орындалуын қамтамасыз ету мақсатында, жұмысты нәтижелі түрде ұйымдастыруды және бақылауға алуды тапсырамын» деген №07-02-02/714 21.10. 2019 жылғы санды хат жолданды. Бұдан кейін де округ әкімдері мен дербес бөлім, мекеме басшыларының қатысуымен аудан әкімі Нұрсұлтан Бисембиев өткізген жиналыстарда да, баспасөзге жазылу науқаны жан-жақты талқыланып, межелеген жоспардан шығу үшін жұмысты нәтижелі ұйымдастыру керектігі қадап айтылды. Бірақ, бұл тапсырманы тек қана Миялы, Жангелдин, Жамбыл ауылдық округтері ғана орындап, қалған округтердің көрсеткіші көңілден шықпады. Бұл әрине, аудандық басылымға жазылудың орындалысы.
Жалпы, облыстық, республикалық, басылымдарға жазылу төмен. Бұл ретте, көпшілік округ әкімдері берілген жоспардың толықтай орындалмауына аудандық пошта байланыс торабының округтегі бөлімшелеріндегі операторлардың жеткіліксіздігін, баспасөзге жазылудың жоспарын бұрынғы жылдардан көбейтіп берілгендігін, қазір жаппай халық банкоматқа көшіп кеткендігін, халықты «мәжбүрлей» алмайтындығын алға тартады. Біздің ойымызша, бұл жәй ғана сылтау деп есептейміз. Себебі, жоспар аудан басшылары тарапынан әр округтегі белсенді халықтың санына байланысты беріліп отыр. Ең бастысы – бұл округ әкімдері тарапынан баспасөзге жазылуға үгіт-насихат, түсінік жұмыстарын дұрыс дәрежеде жүргізілмей, нәтижелі ұйымдастырудың кемшін түсіп жатқандығының салдары десе болғандай.
Өйткені, біз көпшілік округтегі мекеме басшыларымен тікелей сөйлескенімізде: «Ұжымдағы кейбір қызметкерлер баспасөзге жазылуға қарсы» деген уәж айтты. Сол қарсы болушылардың өздерімен сөйлесіп, баспасөз бұқара мен билікті байланыстыруда маңызды рөл атқаратындығын түсіндіргенімізде басым көпшілігі сөзге келместен жазылатындықтарына уәде беріп, артынша сол уәделеріне тұрды. Демек, жауапкершіліктен жалтару үшін байбалам салудың қажет жоқ-ау деп ойлаймыз. Ал, аудандық пошта байланыс торабының округтегі бөлімшелерінде операторлардың жеткіліксіздігі туралы аудандық пошта байланыс торабының бастығы Роман Кәдірғалиевтен сұрағанымызда: «Үш-төрт ауылдық округтегі бөлімшелерде операторлардың болмағаны рас. Бірақ, кейіннен ашылды. Жұмыс тұралап қалмас үшін ауданнан арнайы оператор жіберіп, пошталық қызметтерді мүлтіксіз көрсетіп отырдық. Мүмкіндігімізше, қолдан келер көмектің бәрін жасадық» деп жауап берді.
Бауыржан СИСЕНОВ
"Қызылқоға" газетінің бас редакторы