Атырау обл, Миялы ауылы, Қ.Сәтбаев көшесі, №17 үй. 8 (712) 3821738 mialy44@mail.ru

МЕРЕЙІ ҮСТЕМ МҰНАЙШЫ

Бүгінде ғаламтор мен әлеуметтік желілерде «Жетістікке жетудің жолын үйретем», «Табысты болам десеңіз менің курсыма жазылыңыз» деген жарнамадан көз сүрінеді. Алайда, сол курс сатқыштар жетістікке жетудің бірден бір жолы адал еңбек екендігін түсіне бермейді-ау.

Осындайда ұлы Абайдың: «Өзіңе сен, өзіңді алып шығар, 
Еңбегің мен ақылың екі жақтап» деген сөзі еріксіз еске түседі. Расымен де, кез келген қиындықты да, алынбас асуды да тек адал еңбекпен ғана бағындыруға болады. Осы орайда, әлеуметтік желідегі алаяққа алданбай, адал еңбегімен жетістікке жетіп жүрген жерлестерді өзгелерге  үлгі етсек жарасымды емес пе?! 

Міне, сондай ерен еңбегімен көзге түсіп жүрген жандардың бірі – мұқырлық мұнайшы, «Қайнармұнайгаз» мұнай-газ өндіру басқармасына қарасты Б. Жоламанов кен орнының 5-дәрежелі мұнай және газ өндіру операторы  Жұмабай Аманов. 
Жерлестері жаны жомарт, сөзге шешен, көпшіл азамат деп танитын кейіпкеріміз 1970 жылдың  27 қарашасында Мұқыр ауылында дүниеге келген. Мұқыр орта мектебінде сегізінші сыныпты бітіргеннен кейін Атырау қаласындағы №7 техникалық училищеге механизатор мамандығы бойынша оқуға түседі. Жасынан еңбекқор болып өскен ол буыны бекімей жатып трактордың рөліне отырып, өзінің алғырлығын көрсете білді. Бозбаланың еңбекке құштарлығын байқаған басшылар оны «Гурьев» асылтұқымды қой зауытына тракторшы қылып жұмысқа алады. Ол заманда кеңшардың қиындығы мен қызығы мол жұмысы көп  болатын. Жұмабай Исатайұлы жастығына қарамастан жанын сала еңбек етіп, қой зауытындағы аса маңызды жұмыстарды мыңқ етпей көтере білді. 18 жасқа толған шағында Отан алдындағы борышын өтеу үшін Түркіменстан еліне әскерге аттанады. Екі жыл бойы әскери өмірді басынан өткеріп, буыны бекіп, елге атпал азамат болып оралады. Жастайынан еңбекке ерте араласып қалған ол әскерден келгесін де бос жатпай, сол кездегі «Лесхоз» мекемесіне жұмысшы болып кіреді. Бұл мекеменің негізгі міндеті – ағаш егіп, оны баптап өсіру еді. Кейіпкеріміз бұл жұмысты да жанын сала жасап, ерен еңбегімен көзге түсе білді. Әсіресе, Сағыз ауылы мен Жамансор елді мекені аралығындағы теміржолдың екі жағына ағаш егіп, көгалдандыруға қосқан үлесі әлі де күні кешегідей жадында. 
Еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін жаңадан мұнай өндіру мекемелері құрылып, тоқырып қалған өндіріске жан біте  бастағаны белгілі. Сондай мекемелердің бірі – 1995 жылы ашылған «Қайнармұнайгаз» мұнай-газ өндіру басқармасы болатын. Тұңғыш президент  Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі келіп ашқан өндіріс орны көп ұзамай жұмысы жолға қойылып, маңынан жатақхана мен түрлі мекемелердің құрылысы жүре бастады. Ол кезде құрылыс жұмыстарын «Эмбанефть» тресіне қарайтын «СМУ-2» мекемесі жүргізетін. Кейіпкеріміз 1996 жылы аталмыш мекемеге тас қалаушы болып жұмысқа орналасып, мұнай-газ өндіру басқармасына сәнді де заманауи ғимараттар салуға өз үлесін қоса білді. Құрылысқа әбден машықтанған Жұмабай кейіннен мекемесімен бірге Жылоай ауданындағы Жаңа Қаратон ауылын салады. Ол жақта мұнайшыларға арнап тұрғын үйлер мен мектеп салып, елімізде  су жаңа ауылдың бой көтеруіне ат салысады. Сөйтіп жүріп 2000 жылы «Мақатмұнайгаз» мұнай-газ өндіру басқармасына оператор болып жұмысқа кіріп,  өзінің алғашқы мұнайшылық жұмысын бастайды. Алты жылдай Мақат ауданында «қара алтын» өндіріп, өзінің тәжірибесін толыстырған ол 2006 жылы «Қайнармұнайгаз» мұнай-газ өндіру басқармасының ұңғыларды жерасты жөндеу цехына жұмысқа ауысады. Ол жерде де өзінің тындырымды жұмысымен көзге түсіп, бес жылдан кейін аталмыш басқарманың ұңғыларды зерттеу цехына ауысты. Жұмыс жасай жүріп білімін жетілдіруді мақсат еткен Жұмабай Исатайұлы алғашында С. Мұқашев атындағы Атырау политтехникалық колледжінде, кейіннен С. Өтебаев атындағы Атырау мұнай және газ университетінде мамандығы бойынша диплом алып шығады. 
«Адал еңбек бәрін де жеңбек» деген қағиданы ұстанған Жұмабай Аманов жұмыста озат болып қана қоймай 2014 жылдан бастап «Үздік маман» кәсіби шеберлік байқауына қатыса бастайды. Төрт жыл қатарынан басқармаішілік байқаудан топ жарып, «Ембімұнайгаз» акционерлік қоғамына қарасты басқармалар арасындағы  сайысқа жолдама алады. Ол жерде алғашқы жылы екінші орын алса, 2015-2016 жылдары екі рет бірінші орынға ие болды. Сөйтіп сайыстың үшінші кезеңіне яғни «Қазмұнайгаз» ұлттық компаниясына қарасты мұнай өндіруші мекемелер арасындағы республикалық байқауға қатысуға мүмкіндік алады. 

     –  «Үздік маман» байқауы «Қазмұнайгаз» ұлттық компаниясы ұйымастыратын жыл сайынғы дәстүрлі дода. Бұл сайыста өзіңнің кәсіби біліктілігің сынға түседі. Менің өмірімдегі ең ерекше қалған есте қалғаны – екі жыл қатарынан үшінші кезеңге шығып, республикалық байқауда өз басқармамның намысын қорғаған сәт. Бұл сайыс тәжірибе және тест деген екі бөлімнен тұрды. Алғашқы бөлімде мамандығымыз бойынша өзімізге берілген тапсырманы орындаудан сынға түссек, екінші бөлімде өз білімімізді тест арқылы көрсетеміз. Бұл сайыста  2015 жылы 80 ұпай жинап, екінші орын алсам, 2016 жылы 97 ұпай жинап жарыс жеңімпазы атандым. Яғни, төрт жыл бойы талпынып, ақыры республика мұнайшылары арасында «Үздік маман» атандым. Нәтижесінде «Қазмұнайгаз» ұлттық компаниясының сол кездегі президенті Сауат Мыңбаевтың Құрмет громатасына ие болдым. Бұл мен үшін үлкен жетістік,  - дейді ол. 

Бүгінде өз жұмысының білікті маманына айналған кейіпкеріміз кейінгі жылдары мұнайшы боламын деген жастарды оқыту ісінде де белсенділігімен көзге түсуде. Атап айтқанда, С. Өтебаев атындағы Атырау мұнай және газ университетінің «Дуалды оқыту» бағдарламасы аясында 2018 жылы төрт, 2019 жылы екі студентті өндіріс орнына алдырып, оларға тәлімгер болып, алты айдай жұмыстың қыр-сырымен таныстырады. Әсіресе, мұнай мен газ өндіру барысындағы техникалық қауіпсіздік пен қатаң ережелерді жастардың санасына сіңіріп, мұнайшы болудың қызығы мен қиындығын да кеңірек түсіндіріп отырды. Кейіннен Жұмабай Амановтан тәлім алған алты студенттің төртеуі «Ембімұнайгаз» акционерлік қоғамына қарасты басқармаларға жұмысқа орналасады. Солардың ішінде Мұрат Сәкенов атты жас мұнайшы алдыңғы буын ағасынан алған білімінің арқасында жұмыста жақсы көрсеткішпен көзге түсіп, «Қазмұнайгаз» ұлттық компаниясының Астана қаласындағы басты кеңесіне қызметке ауысты. «Ұстаздан шәкірт озар» дегенді жиі айтып, өз тәлімгерінің жеткен жетістігіне үнемі қуанып отыратын кейіпкеріміз жайлы әріптестері де жылы пікірде.

     – Жұмабай Исатайұлымен көп жылдан бері жұмыстаспын. Ол біз сияқты кейінгі буынға үнемі ақылын айтып, қажет кезде құрдасындай қалжыңдасып жүретін ақкөңіл жан. Ал, жұмыста өте алғыр, қауіпсіздік ережелерін сақтауда өте мұқият. Жұмыс барысында білімі де, іс-тәжірибесі де айқын көрініп тұрады. Сонымен қатар, әріптестер оны «Мұнайшы ақын» деп те атайды. Себебі, ол әртүрлі тақырыптарға өлең арнап, үнемі бізбен бөлісіп отырады. Әсіресе, мұнайшылар күніне арнаған өлеңі бәріміздің көңіліміздің шықты. Қысқасы сегіз қырлы, бір сырлы әріптесімізбен біз әрдайым мақтанамыз, - дейді аталмыш басқарманың 4-дәрежелі мұнай және газ өндіру операторы Аманжан Арыстанғалиев.

Расымен де, біз кейіпкерімізбен кеңірек  таныса келе оның өлең ауылына ат байлап тұратын ақындығын да байқадық. Мәселен, «Мұнайшыларға» атты өлеңінде:
«Жас мамандар
Жас өрендер үмітің,
Бос болмасын белге байлар жібі тым.
Қамқорлаңдар, игеріңдер кенішті,
Жұмбақтау ғой қабаттардың
Қыртысының сыры тым» деп тебіреніп  кейінгі жас буынға ой салады.
Кейіпкеріміз жұмыста озат маман болса, отбасында сүйікті жар, ардақты әке. 1996 жылы құлсарылық Жанар атты арумен отау құрған ол жары екеуі бүгінде екі ұл, екі қыз тәрбиелеп отыр. Үлкен қыздары Айдана Мұқыр орта мектебінде мұғалім  қызметін атқарса, Ғаламат атты ұлы «Теңіз» кен орнында вахталық әдіспен жұмыс жасайды. Ал, әке жолын қууды қалаған Мұстафасы бүгінде С. Мұқашев атындағы Атырау политехникалық колледжінде мұнайшы мамандығында білім алады. Кіші қызы Фатима Мұқыр орта мектебінің алтыншы сынып оқушысы. 
«Еңбек етсең  ерінбей, тояды қарның тіленбей» деген   Абай ақынның тәмсілін өмірлік ұстаным еткен Жұмабай Аманов бүгінде жеткен жетістігіне малданбай, «қара алтын» өндіру ісінде әлі де болса тәжірибесін толықтырып, ел экономикасының дамуына сүбелі үлесін қосып келеді. Қызықты да, қауіпті жұмысты 23 жыл бойы асқан жауапкершілікпен атқарып келе жатқан оны нағыз еңбек адамы деуге толық хақымыз бар. Ендеше, еңбектен бақытын тапқан кейіпкерімізге тек ғана жемісті жұмыс, толағай табыс тілейміз. 

Дулат ҒҰБАЙДУЛЛИН

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT