Соңғы кезде ауданда тұрғындардың малдарын ұрлау фактілері көптеп орын алуда. Осы орайда, Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің бұйрығымен бекітілген «Мүлікті қорғау жөніндегі 2021-2023 жылдарға арналған бағдарламасы» аясында аудандық полиция бөлімінің жеке құрамы мал ұрлығына қатысты қылмыстарды ашу және алдын алу мақсатында 7-10 желтоқсан күндері аралығында ауданы көлемінде «Мал ұрысы» жедел-профилактикалық іс-шарасы өткізілуде.
Іс-шара барысында бөлімнің патрульдік полиция қызметкерлерінің күшімен мал ұрлығы жиі орын алатын аумақтар, яғни «Атырау-Ақтөбе», «Сағыз-Миялы-Индер» тас жолы бойында төрт түлікті және ет өнімдерін тасымалдайтын автокөлік құралдары тексеріледі. Полиция қызметкерлері тексеру барысында жүргізушінің құжаттарын сонымен қатар тиеп келе жатырған мал және ет өнімдерінің ф-1, ф-2 нысанды ветеринариялық анықтамасын көрсетуін талап етеді. Егер де ветеринариялық анықтама мал және ет өнімдерін тасымалдаушы тұлғада болмаған жағдайда ҚР ӘҚБтК-нің 406-бабына сәйкес әкімшілік хаттама толтырылып, мал және ет өнімдерінің ұрлық немесе ұрлық еместігін анықтау мақсатында аудан орталығында орналасқан уақытша қамау орнына (загон) қамалады. Бұған қоса мал, ет өнімдерін сататын сауда орындары мен малдың терілерін қабылдайтын пункттер де назардан тыс қалмайды. Аудан көлемінде орын алып жатырған мал ұрлықтарының бірден бір себебі аудан тұрғындарының өздеріне тиесілі жылқы малдарына табыра салмай және сиыр малдарын сырғаламай қараусыз өріске жайылымға жіберуінен. Соның салдарынан арам пиғылды ұрылар қараусыз қалған малдарды емін-еркін ұрлап кетеді. Сондықтан аудан тұрғындарының назарына мал ұрлығының алдын алу үшін малдарын түгелдей сырғалатып, сауын және бойдақ малдарын бақташы, иесі және жергілікті атқарушы орган болып үш жақты келісім шарт жасақтап, мал бағатын жерлерде малдарды бақташымен бағуды қолға алу қажет.
Сондай-ақ, жайылымда жүрген қараусыз малдардың иелеріне қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 408 бабына сәйкес әкімшілік хаттама толтырылатындығын қаперге береді. Сонымен бірге, мал ұрлығы дерегін дереу полиция қызметкерлеріне хабарлау қажет екендігін және малдарыңызды қараусыз қалдырмау керек екендігін ескертеді. Биылғы жылдың 11 айында аудан бойынша ҚР ҚК-нің 188-1 бабы, яғни мал ұрлығы фактісімен 7 қылмыстық іс тіркелді. Аталмыш қылмыстық істер бойынша күдікті тұлғалар анықталып, қылмыстық істер сотқа жолданып, кінәлілерге қатысты жаза тағайындалды. Сонымен қатар, қыстақта мал бағып отырған бақташылар еш жерде тіркелмеген аңшы қаруы, атыс қаруы болған жағдайда өз еркімен полиция бөліміне тапсыру қажет.
Алайда полиция қызметкерімен жоғарыда аталған заң бұзушылықтар анықталған жағдайда әкімшілік және қылмыстық жауапкершілікке тартылатынын ескертеміз. Ендеше жоғарыда көрсетілген мәселелерге ауыл тұрғындары немқұрайлылықпен қарамаған абзал.
Ербол БИҒАМБАЕВ,
аудандық полиция бөлімінің бастығы, полиция полковнигі