«Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Қазақстан халқына Жолдауында азаматтарымызды қолдау тәсілдерін жетілдіре түсу қажеттігін айтқан Президентіміз Қ.Тоқаев: «Үкіметке алдағы жылдың басынан бастап «Әлеуметтік әмиян» жобасын жүзеге асыруды тапсырамын. Мемлекеттік қолдау шын мәнінде мұқтаж адамдарға көрсетілуі қажет. Бір сөзбен, кез келген әлеуметтік көмек әділ, ашық және тиімді болуы тиіс», деген еді.
Осы Жолдауынан кейін министрлер кабинеті шұғыл жиналып, әлеуметтік әмиянды енгізу мәселесін пысықтады. Бүгінде осы бастамаға бірнеше минитрлік жауапты. Үкімет басшысы Олжас Бектенов әрбіреуіне нақты тапсырма берді. 2025 жылғы 1 қаңтардан бастап еңбек және халықты әлеуметтік қорғау, денсаулық сақтау мен оқу-ағарту министрліктері әкімдіктермен бірге әлеуметтік әмиянды іске қосуға тиіс. Оған дейін заңнамаға қажетті өзгерістер енгізіледі. Жоба сәтті іске асса, әрбір адам отбасының цифрлық картасы арқылы тексеріледі. Нәтижесінде, «бармақ басты, көз қыстыға» жол берілмей жәрдемақы шын мәнінде көмекке мұқтаж адамның әлеуметтік әмиянына аударылады. Жалпы, «Әлеуметтік әмиян» деген не? Бұл жөнінде қолжетімді ақпараттарға сүйене отырып қысқаша сөз қозғайық.
Үкімет бұған дейін бірнеше рет әлеуметтік әмиянның сипаттамасын жариялаған. Оған сәйкес, цифрлық әмиян банк картасына балама ретінде қаралған. Бірақ оны арнайы ашудың қажеті жоқ. Әлеуметтік әмиян мемлекеттік көмек тағайындалғанда автоматты түрде әрбір адамның жеке сәйкестендіру нөмірі негізінде ашылады. Ол үшін арнайы мобильді қосымша жасалады. Сол жерде сәйкестендіруден өткеннен кейін әлеуметтік әмиян іске қосылады деген жоспар бар. Ал, негізгі артықшылығы сол, әмиянға түскен ақшаны банктер, коллекторлар немесе салық органдары бұғаттай алмайды. Қазіргі кезде әлеуметтік әмиянның көмегімен ақшалай емес көмек беру жобалары ғана қолға алынып отыр. Мысалы, пилоттық жоба ретінде былтыр Астанада әлеуметтік әмиянның негізінде екі жоба іске қосылды. Олар – бастауыш сынып оқушыларына және оқушылардың жекелеген санаттарына тегін және жеңілдікпен тамақтануды ұсыну. Екіншісі халықтың жекелеген санаттарын дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету. Аталған жобаларда ақшалай төлемдер жоқ.
Ваучерлер цифрлық әмиянға аударылады. Оны тек нақты қызметтерге, яғни, тегін тамақтануға және дәрі-дәрмекке жұмсауға болады. Әрбір ваучер жеке адамға рәсімделеді. Соның арқасында заңсыз тіркеу сияқты әрекеттердің жолы кесіледі. Себебі, Egov-та барлық шығын қадағаланып отырады. Осылайша, бюджет қаражатын мақсатсыз пайдалануға да жол берілмейді. Үкімет осы екі жобаны барлық республикаға таратуды жоспарлауда. Бұдан бөлек, «Әлеуметтік әмиян» шеңберінде «ақшалай қаражатты монетизациялау», «мүгедектігі бар адамдар үшін техникалық оңалту құралдарын сатып алу», «халықтың әлеуметтік осал топтарына әлеуметтік маңызы бар азық-түліктер тізбесінен азық-түлік сатып алуда атаулы көмек көрсету», «әлеуметтік осал санаттағы тұтынушылар үшін тауарлы газға ваучерлер мен жанар-жағармай бағасының өсуін өтеу үшін ваучерлер ұсыну» бойынша пилоттық жобаны іске қосу қосымша пысықталуда.
Цифрлық әмиян Ұлттық банктің жедел төлемдер жүйесі инфрақұрылымының бөлігі ретінде жұмыс істейді. Күнделікті өмірімізге оны енгізу – артық шығындардың алдын алып, халықтың әлеуметтік осал топтарына атаулы көмек көрсетілуін қамтамасыз ете отырып, ресурстарды анағұрлым дәл бөлуге мүмкіндік береді. Тағы бір пайдасы «Әлеуметтік әмиян» арқылы халық тауарды, қызметті сатып алған кезде төлемді смартфон қосымшасы арқылы немесе SMS растау арқылы жасай алады.
Қанат ҒҰМАРОВ