Атырау обл, Миялы ауылы, Қ.Сәтбаев көшесі, №17 үй. 8 (712) 3821738 mialy44@mail.ru

Кәсіп пен нәсіп ауылда

Ауданымыз жері сортаң, топырағы тұзды, ағынды судың көзі де, шүйгін шөбі де жоқ мұнайлы өлке саналғанымен, өңірде шаруаның ебін тауып, төрт түлігін сайлап отырған шаруагерлер қатары аз емес. 

Осындай табан ақы, маңдай термен төскейін малға толтырған аудан тұрғынының бірі - Сағындық Мұқаш. Ол бүгінде атасының ізгілікке толы өмір жолын жалғап, нәсібін малдан тапқан ел ағасы. Мал бағу ісін атадан қалған сара жол деп санайтын кейіпкеріміз 1963 жылы 15 сәуірде Доссор кентінде дүниеге келген.

Ол қазіргі Б.Қанатбаев атындағы орта мектепте 8 жылдық білім алып, кейіннен 1978-1985 жылдар аралығында Гуреев политехникалық техникумына мұнайшы мамандығына оқуға түскен.

Оқу ордасын аяқтаған соң, алғашқы еңбек жолын Доссордағы автокөлік кәсіпорнында жүргізуші болып бастаған. Кейіннен мал бағу ісін қолға алып, ата кәсіпке мойын бұрған.

«Қазақ атам малда береке бар деп босқа айтпаса керекті. Бұл сала өзімнің жүрек қалауым, жанымның тыныштығы десем болады. Мал бағу ісі аса ұқыптылықты, жауапкершілікті талап етеді. Жалпы өзімнің осы сала бойынша жеке кәсіпкерлік ашуым 2008 жылдан бастау алады. Сол жылдары достарымызбен бірігіп «Атамұра Холдинг» деген атаумен қожалық аштық. Қожалығымызда төрт түліктің барлығы да болды. Атап айтар болсақ, жылқы, түйе, сиыр малдары мен жандықтар болған.  Кейіннен 2012 жылы барлығы әртүрлі шаруамен кетті де, аталған қожалық жабылып қалды. Содан соң, бастаған істі аяқсыз қалдырмауды шешіп сол жылы өзім «Ата Жолы» шаруа қожалығын аштым»,- дейді Сағындық Мұқаш.

Иә, егер тұлға еңбектемесе мал өспейті, несібе молаймайтыны анық. Осы ретте кейіпкеріміз кейінгі ұрпақтың ауыл шаруашылығын, әсіресе мал шаруашылығын одан әрі дамыту жолын таңдаса аянбай еңбек ету керек екенін жеткізді.

«Малда береке бар. Өйткені мал – сатса пұл, сойса ет, мінсе көлік. Малдың сүтінің өзінен қаншама тағам даярланады. Құрт дейміз бе, сүз бе дейміз бе, тіпті айранының өзі неге тұрады? Осының барлығы табиғи өнім, әрі еңбек еткен адамға кәсіптің көзі болып саналады. Тек келістіріп жасаса болғаны. Әрине оның барлығы үшін бірінші адамда ынта болу керек. Ынтыса бар адам тау қопарады.  Мен де осы жолды таңдап, еңбек етудемін. Қожалығымда жылқы малы басымдау келген. «Жылқы – ол үрсе желдікі, айдаса жаудыкі» демей ме? Бұл сөздердің астарында қаншама мән-мағына жатыр. Алмағайып заманда ұрыларда көп. Табиғаттың тосын мінезі де болып тұрады. Осындай кездері малды іздеуге шығасың. Оған қаншама техника керек. Техникадан бөлік бағып отырған малыңның аман болғанын қалайсың. Бірақ өз жұмысыңды сүйсең бұның барлығы бос сөз бе дерсің?! Аспаннан ештеме салбырап түспейтіні анық. Сондықтан еріншек болмау керек. Тіпті мал шаруашылығы қолдан келмесе, егін шаруашылығы да бар. Бұның барлығы нағыз еңбекті қажет етеді. Жердің құнары жетерлік. Еккен өңімің өз жемісін береді. Жерге бір дән тастасаң жер ана оның да жемісін береді. Күтіп баптасаң болғаны. Бастысы артқа шегінбеу керек. Қызмет қылам, кәсіп жасаймын деген адамға мемлекеттен қолдау да көп»,- дейді кейіпкеріміз.

Бүгінде Сағындық Мұқаш басқаратын қожалықтың қанаты кеңге жайылып, малы өсіп, жұмысы ілгері басқан. Соның нәтижесінде ол өзінің ғана емес, өзгенің де еңбек етіп, отбасын асырауына мүмкіндік беріп, ауданның бес жұмыссыз азаматын жұмыспен қамтып отыр.  

«Мал шаруашылығы – бұл тіршілік көзі болып табылады. Жасыратыны жоқ қиыншылығы да жетерлік. Қожалығымдағы азды-көпті төрт түлігімнің барлығына өзімнің үлгермейтінім анық. Сол себепті бес азаматты жұмысқа алдым. Олар аспаз, сауыншы, малшы және жұмысшы қызметтерін атқарады. Сәйкесінше өз несібелерін алып отыр. Жалпы, шаруашылықты дамытып, оны ұстап тұру оңай шаруа емес. Ол үшін көп еңбектеніп, маңдай терді төгу қажет. Өзім қаншама жыл тынымсыз еңбек етіп, қожалық жұмысын жолға қойып, соның арқасында балаларымды оқыттым. Біреуден ілгері, біреуден кейін жүріп, өз ісімді дөңгелеттім десем артық айтқаным емес. Сондықтан кейінгі буыннан осы ата кәсіптен алшақтамай, осы саланы одан әрі дымытуды тілеймін»,- дейді кәсіпкер.

Иә, мал шаруашылығы атадан қалған кәсіп түрі. Ал біздің бүгінгі кейіпкеріміз осы саланың үздіктерінің бірі. Ол қажырлы еңбегі мен тындырымды тірлігінің арқасында кейінгі жас ұрпаққа үлгі болып отыр.

                                                                                  Ботакөз Асхатқызы

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT