Облыс әкімі Серік Шәпкеновтің төрағалығымен өткен әкімдік отырысында аймақтағы су басу қаупі бар елді мекендердің дайындығы мәселесі қаралды.
Биыл Жайық өзені бассейнінің көктемгі су тасқынының максималды деңгейі нормадан 50-270 см жоғары келетіні болжанып отыр. Бұл туралы облыстық ТЖД бастығы Нұрлан Жаңабаев өз баяндамасында мәлім етті.
⁃ Бұдан бөлек «Казгидромет» РМК мәліметіне сәйкес, Ойыл және Жем өзендеріндерінің бассейндерінде топырақтың күзгі ылғалдылық көрсеткіштері орта көпжылдық мәннен 61-161%-ға жоғары болуынан, Ақтөбе облысында жауын-шашын мөлшері көп түсуінен су көп келуі болжанды. Жалпы өңірде тасқын және еріген су басуға бейім 51 елді мекен бар. Бүгінде 15 елді мекенде қауіп сейілді. 12-сінің қорғаныс бөгеттеріне 2021-2025 жылдары аралығында күрделі жөндеу жұмыстары жоспарланды. Қалғаны «су тасу маусымын қауіпсіз өткізу және дайындық бойынша инженерлік жоспарына» енгізілді,-деді Н.Жаңабаев.
Серік Шәпкенов өңірде орналасқан 396 жол асты су өткізу құбырының бойына жиналған топырақ қалдығын толығымен тазалауды тапсырды. Сонымен қатар көктемгі су басу қаупі жоғары елді мекендердің халқына түсінік жұмыстарын жүргізуді тапсырды.
⁃ Бұл - өте өзекті мәселе. Су тасқыны қаупінің алдын алу үшін барлық мүдделі мемлекеттік органдар бірлесіп жұмыс істеу керек. Қауіптің алдын алу үшін облыс тарапынан барлық көмек көрсетіледі. Жоғары қаупі бар аудандарда бүгіннен бастап кезекшілік ұйымдастырылып, ол тәулік бойы жүруі шарт. Жағдайдың жүру барысын ТЖД басшысы мен салаға жауапты орынбасарыма уақытылы баяндаңыздар. Жол астында орналасқан су өткізу құбырын тазалау жұмыстарын жарты жылдыққа дейін аяқтаңыздар. Тілсіз жау уақыт талғамайды. Су келу туралы ел арасында алып-қашпа әңгіме көп. Осы ретте халыққа жедел ақпарат тарату маңызды. Олар өзі тұрған елді мекенде қандай шара атқарылып, нендей жұмыстар істелгені туралы хабардар болуы тиіс. Түсінік жұмыстарын күшейтіңіздер,-деді С.Шәпкенов.
Жиын қорытындысымен аймақ басшысы көктемгі су тасқыны жағдайын бақылауды күшейту қажеттігін айтты. Сондай-ақ қосымша техника бірліктерін дайындауды, су басу қаупі жоғары елді мекендерде қажетті құрал-жабдық қорын әзірлеуді тапсырды.