Қоғамда ҚҚС мөлшерлемесін өсіру тақырыбы қызу талқыналып жатыр. Ол не?
НДС — қосымша құн салығы. Ол бәріне жаппай салынатын салық емес. Жаппай салынатын салықтар — ИПН (жеке тұлғаға, жеке табыс салығы), КПН (заңды тұлғаға, корпоративті табыс салығы). Қосымша құн салығы — ішкі нарықта сатылатын тауарлар мен қызметтерге салынады. НДС есебінде тұрған кәсіпкерлер оны ішкі нарықта өзі сататын бағаға бұрыннан бері қосады және оның қазіргі ставкасы 12%. Тауардың өзіндік құны мен кәсіпкер маржасына қосылады.
«Ленин жасай алмаған коммунизмо-социализм моделін біз жасадық. Мұндай әлеуметтік жүктемемен НДС көп болуы керек немесе НДС 12 пайызда қалса, онда әлеуметтік шығындарды кемі 6 триллион теңгеге қысқарту керек. Зейнеткерлер мен студенттердің, бюджет қызметкерлерінің табысын кесуге мемлекеттің қолы бара алмады. Социализм жалғасады. Бірақ осы банкеттің шотын біреу төлеу керек қой. Әлемдік тәжірибеге сәйкес мемлекет компенсациялық режим енгізбек. Егер НДС-ті өсіре алса, жұмыс беруші мен жұмысшыны буындырып тұрған соцналог пен опврды алып тастауға үкімет ықтияр сияқты. Онда қолына 300 мың теңге алып жүрген адамның табысы тағы 8-10 мың теңгеге өсіп, 310 мың болуы тиіс», — деп түсіндірді экономист Айбар Олжаев.
«Кез келген реформаны жан-жақты сараптап, байыппен жүргізген жөн. Экономика салаларының ерекшеліктерін ескере отырып, түрлі нұсқаларды әзірлеу керек. Қосымша құн салығына қатысты бұған дейін көзқарасымды білдірмеген едім. Өйткені қызметтік дәрежеме сай менің әрбір сөзім, пікірім қатаң тапсырма сияқты қабылданады. Соған қарамастан бұл мәселе бойынша ойымды жеткізгім келеді. Қалай десек те, қосымша құн салығыны мөлшерлемесі сараланып белгіленуге тиіс», — деді Президент.
Сондай-ақ мемлекет басшысы түпкілікті шешім білікті сарапшылардың, кәсіпкерлердің, депутаттардың пікіріне құлақ аса отырып, нақты есептеулер негізінде қабылдануы тиіс екенін қайталап айтты. ҚҚС көтеру туралы ұсыныс Үкіметтен Мәжіліске әлі келмеген. Бұл туралы Нартай Сәрсенғалиев айтты. Ол президенттің сөзімен келісетінін жеткізіп, қазіргі ұсынылып отырған мөлшерлемінің тым жоғары екенін атап өтті.
Айта кетейік, үкімет қосымша құн салығы шегін төмендетіп, мөлшерлемесін 20%-ға арттыруды ұсынған еді.
Мемлекет нені көздейді? Оған не керек?
«ҚҚС өсуінен импортерлер мен олардың тауарын тұтынатындар зардап шегеді. Бізге тауарды Қытай, Ресей, АҚШ, Түркия, Еуроодақ сынды шетелден таситындар экономика үшін тиімсіз блок болып саналады. Себебі, біз мысалы мұнайдан түскен немесе салықтан келген ақшадан айлық төледік. Айлық алған отандасымыз Алиэкспрес пен Озоннан тауар алды дейік. Дәл осы арқылы ол Қытай мен Ресей экономикасына ақша беріп, өндірісіне инвестиция құйды. Сондағы зауыттың жұмысшысына жалақы жасап берді. Осы ақшаны ол біздегі шикі мұнай мен салық есебінен сыртқа шығарды. Мұнай сату арқылы елге валюта кірді, сол валюта сырттан импорт алу үшін қайтадан біздің экономикамыздан шығып кетіп қалды. Әсіресе әр алынған Айфон сияқты қымбат импорттық тауар біздің экономика мен төлем балансына ауыр соққы болуда. Сырттан келген, бізде өндірілмеген тауарға НДС өсуі заңды және компенсациялық механизм болып табылады. Ішкі өндірісі мықты дамыған АҚШ-тың өзі Мексика, Канада мен Қытайдан келетін тауарларға баж салығын бекер көтеріп жатқан жоқ. Бір сөзбен айтқанда, егер кәсіпкер ретінде бізде өндіріс ашып, тауар жасап, соны сатып жатсаңыз мемлекеттің көзінде беделді боласыз. Сізге барлық жағдай жасалады.
Егер сырттан дайын импорт тауар әкеліп, Қытай экономикасына көмектесіп жүрсеңіз, дайынды сату арқылы ғана пайда тауып жүрсеңіз, ішкі өндіріске бәсекелес ретінде экономикаға еш пайдаңыз жоқ кәсіпкерсіз. Сондықтан импорт жағында жүрген сізге жеңілдік болуы мүмкін емес, қандай салық бар, соларды толық төлейтін боласыз. Сіз төлеген салықтан мемлекет мұғалімге жалақы, зейнеткерге зейнетақы береді. Және мемлекеттің көзінше бұл таза әділ шешім», — деп пікір білдірді Айбар Олжаев.
«Кез келген салықтың атқаратын қызметі — мемлекет қазынасын толтыру. Дамыған не дамушы мелмекеттің барлығы қолданады. Ал көршілес елдердегі ең жоғары көрсеткіш -22%. Қазақстан осы уақытқа дейін 12-16% арасында жүрді, сондықтан дәл қазір 20 пайызға өсіп бюджетіміз тола қояды деп айтуға негіз жоқ. Ал қосымша құн салығын арттыру дегеніміз еліміздегі барлық дерлік тауардың, оның ішінде жеміс-жидек, көкөніс, сырттан келетін өнімдер бағасының өсуіне алып келеді. Әрине, халықтың табысы соған сай болатын болса, ҚҚС көтерілуі ешқандай қиындық тудырмайтын еді. Қосымша құн салығы шетелден келетін өнімдерге молынан салынуы керек деп ойлаймын. Ал отандық кәсіпкерлер шығаратын тауарлардың ішкі және сыртқы нарықтағы табыс айналымына әсер етпейтін, керісінше пайда әкелетін дифференцияландырылған төлем арқылы реттелетін болса, әрине бұл жағдайда экономикаға да, кәсіпкерлерге де, тіпті халықтың қалтасына да өзіндік жеңілдіктері болады. Сондықтан дәл қазіргі жағдайда ҚҚС өсуін жақсы немесе жаман деп қарастыра алмаймыз. Себебі 20%-ға өседі деген шешім толық қабылданған жоқ. Оның үстіне Президент өзі нақты тапсырма берді. Жан-жақты зерттеулердің нәтижесінде нақты шешім шығады деп ойлаймын», — дейді маман.
Экономист халықтың қарсылық білдіруі заңдылық дейді. Себебі қымбатшылықпен қатар халықтың тұтыну қабілеті де жоғары болуы керек.
«Бюджетті толтыруды тек қосымша құн салығын өсіру арқылы шеше қоямыз деген бұра тарту сияқты. Себебі еліміздің басқа да табыс көздері бар. Мысалы сырттан келетін өніммен қатар, іште шығаратын өнімдеріміз бар. Қазақстан шикізатты сыртқа шығарудан арылуы керек. Керісінше, өнімдер елімізде шығарылып, басқа елдерге экспортталуы керек. Әрине, бірнеше жыл халық қиналады, әрі қарай еліміздің жағдайы түзеледі дегенмен келісмен. Ол үшін өндіріс дамып, халық түгел жұмыспен қамтылуы керек. Қарапайым халықтың табысы жеткілікті болуы керек. Сол кезде көпшілік қарсы пікірде болмайды», — дейі Ләззат Жанмолдаева.
Қазақстан осы уақытқа дейін мөлшерлемені бірқалыпты ұстап келді. Басқа елдермен салыстырғанда жоғары да емес, төмен де емес — орташа пайыз.
«Тағы да ескеретін жайт, қазіргі айтылып жатқан 20 пайыз әлі нақты қабылданған жоқ. Сондықтан дүрлігуге негіз жоқ. Сонымен қатар халықтың пікірі, экономист мамандардың болжамдары ескеріліп жатыр. Менің ойымша, кәсібін енді бастап келе жатқан кәсіпкерлерге кедергі тудыруы мүмкін. Алайда бизнесін жолға қойған кәсіпкерлерге зияны болмас, керісінше тауарын сыртқа шығаратындар үшін қосымша түсетін табыс көзі», — деді маман.