Атырау обл, Миялы ауылы, Қ.Сәтбаев көшесі, №17 үй. 8 (712) 3821738 mialy44@mail.ru

Халелдің ізімен

Алаш қозғалысының аса көрнекті қайраткерлерінің бірі, дәрігер, ұстаз, ғалым Халел Досмұхамедов мамандығы дәрігер бола тұрса да, қоғам өмірінің сан салалы мәселелеріне араласқан көп қырлы дарын. Ол – саяси және қоғам қайраткері, тарихшы, табиғаттанушы, тілтанушы, әдебиетші, ауыз әдебиетінің сирек үлгілерін жинап, насихаттаушы, шебер аудармашы.

khalelllllllll

1883 жылғы 24 сәуірде бұрынғы Орал облысы Гурьев уезіне қарасты Тайсойған болысының №4 ауылында (Тайсойған құмындағы Сорқуыс мекені) дүниеге келіп, ауыл молдасынан хат таныған ғұлама Халел Досмұхамедұлы Ойылдағы мектеп пен Текедегі Орал әскери-реалды училищені бітірген соң 1903-1909 жылдары Санкт-Петербургтегі Императорлық әскери-медицина Академиясын «үздік емші» («лекарь с отличием») дәрежесі бойынша Алтын медальмен оқып тауысқан. 1909 жылғы 29 қараша мен 1913 жылдың 5 наурызы аралығында әуелі офицер-дәрігер ретінде Пермь губерниясында, сосын ІІ Түркістан атқыштар батальонында кіші дәрігер, кейін Орал казак әскерлері ІІ атқыштар батальоны орналасқан Ілбішін және Калмыков бекіністерінде кіші дәрігер, артынан аға дәрігер лауазымдарында әскери міндетін өтеп, азаматтық жұмысқа босатылыпты. Содан кейін ол Орал облысының вице-губернаторы қол қойған №6618 куәлікпен Темір уезіне барып, учаскелік дәрігер болып жұмысқа кіріскен. Бұл кезде қазақ даласында, әсіресе батыс өңірде сапалы медициналық көмек беретін маман жоқ. Оның үстіне сүзек пен суық тигеннен, мерез бен обадан, тырысқақ пен қарасан, қызылша, безгек, құрт аурудан шипа таппай халық қынадай қырылып жатқан шақта Халелдің ісі қарлығаштың қанатымен су сепкендей ғана әлсіз әрекет-тұғын. Соның өзі көп адамның өмірін арашалап, Ойыл мен Тайсойған өңіріндегі індеттің бетін қайтарған.

Х.Досмұхамедов мерзімді басылымдарда қарапайым қалың бұқараға түсінікті тілмен құрт ауруы (туберкулез), безгек (малярия), тырысқақ (холера), шешек (оспа) жайлы санитарлық ағарту тақырыбында «Тамыр дәрі хақында», «Сары кезік – сүзек», «Жұқпалы ауру хақында», басқа да мақалаларын жарыққа шығарады, мұндай мақалалардың көбірек жариялануына да күш салыпты. 1916 жылы шыққан 48 тараудан тұратын «Как бороться с чумой среди киргизского народа» деген кітабында ғалым-ағартушы өз дәуіріндегі оба індетінің алдын алу және оған қарсы күрестің әдістерін түгел қамтып көрсеткен. Осы нұсқаулық ережелері әлі күнге дейін аталмыш ауру тараған кезде қолданылып келе жатқанын мамандар да растайды. Осындай белсенді қажыр-қайратын лайықты бағалаған патша ағзам оны «Императорлық қола медальмен» марапаттаған.

Алаштың күрескер ұлы, ғалым Халел Досмұхамедовтің ғұмырнамасы мен қызметіне байланысты құнды деректер соңғы жылдары тағы да табылуда. Қызылқоға жерінде тұрған үйі, жұмыс жасаған лазареті болғаны жөніндегі мәліметтер белгілі болып, «Халел ставкасы», лазареті, Алашорда кеңсесі деген сияқты әр түрлі атауға ие бола бастады. Алайда, мұрағаттардан табылған ескі карталарда «Зимнее ханское жилище», «Ставка хана Есима», «летный Ставка» деп белгіленген мекен-тұрақтар жазылған. Бұл туралы «Qyzylqoga» газетінің кезекті санында жарияланған мақалада да (С.Мираш, М.Касенов, «Сорқуыстағы Есім ханның қыстауы», «Qyzylqoga», №16 (7168), 16.04.2020 жыл) толық жазылды.

Ерекше атап көрсету керек, аудан жеріндегі жәдігер-ескерткіштер жүйелі зерттелген емес. Сондықтан, бірнеше атауға ие ескерткіш бірнеше тұлғаға телінді, әр түрлі мәліметтер берілді. Ақырында бұқара «аңыз» дегенді осыдан шығарды. Ал, бұдан ақиқатты ажырату үшін жүйелі зерттеу қажет.

1993 жылы Ойыл суының қатты тасып, ауданда төтенше жағдай қалыптастыруына байланысты, келесі жылы аталып өткен Х.Досмұхамедовтің туғанына 110 жыл толу тойы қарсаңында ауданның сол кездегі әкімі Есенгелді Нұршаевтың басшылығымен Сорқуыс мекенінде «Халел ставкасы» деген жазумен тас белгі орнатты. Содан бері «бұл жерде Халел Досмұхамедовтің ставкасы болды» деген ұғым қалыптасты.

Арада талай жыл өтіп, 2007 жылы этнограф, тарихшы ғалым Серік Әжіғалиевтің жетекшілігімен Қызылқоға ауданының аумағында жүргізген Халел ставкасын іздеу экспедициясы біраз жайтқа қатысты тың дәйектерді анықтады. Мысалы, «Халел ставкасы» маңындағы шикі кірпіштен қаланған үй орнына археологиялық қазба жұмысы 2017 жылы Атырау облыстық тарих-өлкетану мұражайы мамандарының күшімен жүргізілді. Анықталғаны, үйдің қасынан ортасын пешпен бөлген пәтер салып, бір бөлмесін науқастарды емдейтін орын, келесісін жуынатын бөлме, яғни монша ретінде пайдаланған.

Бүгінде Қызылқоға ауылдық округінің орталығы Қарабау ауылынан шығысқа қарай 8 шақырым жердегі үйінді – өз дәуірінің кемел ескерткішіне нақты дәлел. Мұның 1916-1919 жылдары Батыс Алашорда үкіметінің негізгі ғимараттарының бірі, 1918-1919 жылдары Батыс Алашорда үкіметінің төрағасы Жанша Досмұхамедовтің бас кеңсесі болғанын тарих парақтары растайды. Атырау облысы тархи-мәден мұраны зерттеу орталығының басшысы, тарихшы М.Қипиев облыстық архив қорына ізденіс жүргізу барысында Кермеқас Қызыл үйінің Азамат соғысы жылдары Алашорда үкіметінің лазареті болғандығы жөнінде құжат көргенін айтады.

Сондай-ақ осы Қызыл үйге «Халықтық милиция» (жауынгерлік армия) кеңсесі де сыйып отырған. Тек ХХ ғасырдың 30-ыншы жылдарының басында бүліншілікке ұшыраған ғимарат 1951 жылы аудан орталығы түбегейлі Қарабау ауылына көшкен соң түгелдей қиратылды. Ал, жергілікті тұрғындар ғимараттың кірпіші мен пайдаға асар материалдарын алған кезде сақталып қалған жертөледен (подвал) көп кітаптар тапқан.

Кермеқас Қызыл үйінің орнындағы құландыға қарағанда төрткүл пішіндес кешен болған. Әрқайсысы бірнеше бөлмеден тұратын үш бөлек ғимараттан тұрады. Үлкен ауланың ортасы ашық алаң, оңтүстігінде дарбаза қақпасы бар. Үсті қыш кірпіш құландыларына толы. Кейбір деректерде «казак әскерлерінің әскери гарнизоны үшін салынған» делінетін Қызыл үйлердің соңғысы 2003 жылы толық бұзылды.

Ақиқаты сол, дәруі қиын ауыр кесел түрлері ол дәуірде көбірек болған. Өзі дәрігерлік етіп, бастан кешкеннен кейін Х.Досмұхамедов Алашорда үкіметінде Земствоға басшылық еткен жылдары бұған ерекше ден қойса керек. Әсіресе, жұқпалы індеттердің алдын алу мақсатында ел ішіндегі көзі ашық, сауаты ортадан жоғары азаматтарды санитар қызметіне оқытуға қол жеткізген. Оған ғалымның қолдауын көріп, шапағатына ие болған Қойшыбай Есембаев айғақ. Әкенің құжаттарына мұқият Ақжай Қойшыбайқызының айтуынша, 1916 жылдың 25 маусымындағы Орал әскери губернаторлығы дәрігер-инспекторының қолы қойылып, мөрі басылған №15848 куәлікке сәйкес Қ.Есембаев тек орденді ұстаз емес, дәрігерлік сауаты бар емші де болған. Куәліктің көшірмесінде «Орал облысының Әскери губернаторының өкіміне сәйкес, Орал облыстық басқармасының жанынан ашылған дәрігерлік бөлімшеде Орал облысы Гурьев уезінің Кермақас болысы №2 ауылының киргизі, 28 жасар Қойшыбай Есембаев 1916 жылғы 20 мамыр мен 20 маусым аралығында дәрігерлік дәреже бермейтін арнаулы курсты тыңдады және тиісті сынақ-талаптарды ойдағыдай тапсырды. Үкіметтік немесе қоғамдық қызметте тұрған дәрігерлердің қатаң қадағалауымен жергілікті жерлерде шешекке қарсы екпе жасауға хұқы бар» деп жазылған. Демек қалыптасқан ахуалға байланысты дәрігерлік емес дәрежесі бар адамдарды екпе жасауға оқытуды Халел ұйымдастырған. Әкесінің «Х.Досмұхамедовпен бірге ставкада екпе салып жұмыс жасағанын» Ақжай апай өз анасынан естіпті.

Ғұлама ғалым, көрнекті қайраткердің ескі Қызылқоғада тұрғанына тағы бір дәлел бар. Түркістан автономиясының жетекшісі, алаш қайраткері Мұстафа Шоқайдың жұбайы Мария Горина-Шоқай өз естелігінде (М.Шоқай. Таңдамалы. 1999 ж. Алматы. Қайнар баспасы. 221-224 б.б.) былай деп жазған: «Біз Темір асып Қызылқұрт (Қызылқоға) деген жерге келдік. Бұл жерде Мұстафаның досы Халил Доспамметтің (Халел Досмұхамедов) үйі болатын. Халил бізді шын ниетімен қабылдап қарсы алса да, оның дәрігер деген атағы болмаса, үйінің көрер сиқы жоқ еді...» Одан әрі: «...дүниенің шыбын-шіркейін осы жерге жинап қойған ба? - деп, мазасы болмағанын байқатады. Олар кейін Ойыл өзеніндегі Сырым бөгетінен өтіп, Жымпиты арқылы Орынборға бағыт алады. Бұл 1918 жылдың маусымы болатын...»

Демек 1918 жылы Халел Қызылқоғада тұрған. Кермеқас Қызыл үйі бұл жерден 2-3 шақырым шамасында орналасқан. Ал, Сорқуыстағы Ставка оның 1912-1913 жылдары қауіпті оба індетінің таралуын болдырмау мақсатындағы салынған, уақытша оқшаулау медициналық пункті еді. Дейтұрғанмен, Қ.Есембаевқа берілген куәлік Кермеқас Қызыл үйінде де лазарет болғанына куә беріп тұр. Өйткені, сол шақта Кермеқастан басқа аудан көлемінде медициналық көмек көрсететін қолайлы ғимарат-тұрақ болған жоқ.

Халелдің мұнда табан тіреуіне тағы бір дәлел келтірейік. Қызылқоғада өз дәуірінің ірі жәрмеңкелерінің бірі – «Жұма базар» жұмыс жасаған. Бұл осы өңірдің сауда-экономикалық мәселелерінің оң шешімін табуына, сондай-ақ Батыс Алашорда үкіметінің саясатын халыққа кеңінен насихаттауға оң ықпал етті. Жұма базардың бұл жерге тұрақтауына Ойыл өзенінің Тайсойған құмын қақ жарып ағатын саласы – Жыңғылды (ел аузында «Жарыпшыққан» атауымен белгілі) өзені де септігін тигізген. Базар 1895 жылы құрылып, әр жұма сайын ашылатын саудагерлердің тастан жапсарластыра салған уақытша бөлмелері дүкен (лавка) қызметін атқарды. Тіпті, Батыс Алашорда үкіметі мал саудасы, айырбас пен мұнай саудасын уәлаяттық маңызы бар Қызылқоға кенті арқылы жүргізіп отырған. Экономикалық тұрғыда қарамағына өткен Доссор мен Мақат мұнайы тек үкіметтің рұқсатымен сатылды.

Кең, тік бұрышпен иілген көше болып салынған жәрмеңкенің қазір тек сілемденген орны ғана бар. Онда татарлар мен башқұрттар көбірек қоныстанған, тіпті орыстар, басқа да ұлт өкілдері болды. Дүкендерде күнделікті тұрмысқа қажетті заттардың неше түрін, қазақы киімдер (шапандар, ішіктер, т.б.), тай-тайымен мата, бақалшылық тауарлар да сатылған.

Демек Тайсойған мен Ойыл өңірінде халықтың денсаулығы үшін сауаттыларды «емшілікке» (лекарь) оқытуға күш салған Х.Досмұхамедов ертеректе Сорқуыстан қалыптастырған лазаретін кейін Кермақастан ашып, кешенді жұмыстар жүргізуі сол дәуірдің өлшемімен алсақ аса ауқымды іс. Қазір де мұның маңызы төмендеген жоқ.

Халелдің ізі терең зерттеуді қажет ететін мұра. Тарих құнды жәдігерден құралатынын ескерсек, келешекте Кермеқастағы осы орынға этно-археологиялық қазба жұмыстарын жүргізсе біраз бағалы жәдігер табылары даусыз.

Сейілхан МИРАШ,

Атырау облысы тарихи-мәдени мұраны зерттеу орталығының

тарихи-мәдени мұраны зерттеу және қалпына келтіру бөлімінің меңгерушісі

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT