Көпшілікке мәлім, Қызылқоға ауданы облыс орталығынан шалғай жатқан аудандардың бірі. Орталығы – Миялы ауылы мен 26 елді мекенінде 30 476 тұрғын бар. Ал, аудан халқының қатынас көзі – «Индер-Қарабау-Миялы-Сағыз» автожолы. Бұл жолмен жергілікті мал шаруашылығымен айналысатын тұрғындар ет, сүт өнімдерін облыс орталығына жеткізеді. Аудандағы емхана, ауруханаға барады. Бұл жолдың құрылысы 2009 жылы басталған болатын. Әйтсе де, жол құрылысы көптен бері аяқсыз қалуда.
Осы орайда, аудан тұрғындары тарапынан «Қаражат уақытылы бөлінбей тұр ма? Әлде мердігер мекеме жұмысты атқара алмай отыр ма? Халықтың тұрмысы үшін аса маңызды жол қашан пайдалануға беріледі?» деген сауалдар жиі қойылады. Бүгін біз көптің көкейінде жүрген сол сұрақтарға жауап іздегенді жөн көрдік. «Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы» РМК Атырау облыстық филиалы директорының міндетін атқарушы Жантас Шәріповтің айтуынша, жалпы ұзындығы 317 шақырым «Индер-Қарабау-Миялы-Сағыз» автомобиль жолы өнеркәсіптік және ауыл шаруашылықтық аудандарын жалғайтын облыстық маңызы бар жол.
2009 жылы республикалық трансферт есебінен ұзындығы 114 шақырым (203-317 км) «Миялы-Сағыз» учаскесін қайта жаңарту жұмыстары басталып, 2013 жылы толықтай қайта жаңартылып, пайдалануға берілді. Жобаның жалпы құны – 13 753,5 миллион теңге. Осы жолдың 80-203 шақырым (Қарабау-Миялы) бөлігіне 2013 жылы республикалық бюджеттен ұзындығы 123 шақырым «Қарабау-Миялы» учаскесін қайта жаңарту жұмыстары басталып, 2019 жылы толықтай қайта жаңартылып, пайдалануға берілді. Жобаның жалпы құны – 17 764,5 миллион теңге. Енді «Индер-Қарабау-Миялы-Сағыз» автомобиль жолында орналасқан 87 шақырымды құрайтын «Индер-Қарабау» аралығын қайта жаңғыртуға (0-80 шақырым аралығы ) жобалық сметалық құжаттама жасақталып, мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысы алынды. 2019 жылға республикалық бюджет есебінен 1 546,1 миллион теңге бөлініп, 2020 жылы республикалық бюджет есебінен жұмысты жалғастыруға 2 000,0 миллион теңге бөлінді. Қызылқоға ауданында биыл жөнделетін жолдардың сапасын тексеру «Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы» Атырау облыстық филиалына сеніп тапсырылды. Қызметке кіріскеніне бір жыл ғана болған орталық алғаш рет жергілікті жол сапасын тексеру үшін жеке компаниямен келісімшарт жасасты.
Филиал басшысы Жантас Шәріпов пен «ГСКА-РиМ» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Батырбек Қарабасов қол қойған құжат Сағыз бен Мұқыр ауылдарындағы 11,5 шақырым жолды қайта жаңығырту жұмыстарының сапасын тексереді. Екі ауылдағы кіреберіс және ауылішілік жолдарын қайта жаңғырту жұмыстары өткен жылы басталған. Биыл аяқталады деп күтілуде. «Салынған жол халыққа ұзақ уақыт қызмет көрсетуі қажет. Сондықтан біз бірінші кезекте сапаға мән береміз. Сол себепті де «Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы» Атырау облыстық филиалына сенім арттық», - дейді «ГСКА-РиМ» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Батырбек Қарабасов.
Мамандардың мәлімдеуінше, инфрақұрылымды дамытудың 2015-2019 жылдарға арналған «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасы тағы бес жылға ұзартылғаны белгілі. Осы бағдарлама аясында елімізде республикалық маңызға ие 2 мың 400 шақырым жол салынып, қайта жөндеуден өтті. Тағы 4 мың 400 шақырымы жаңғыртылады деп жоспарланып отыр. Өткен жылы орталық мамандары бірнеше рет «Ақтөбе-Атырау-Астрахань» автомагистралінің «Атырау-Қызылқоға» бөлігін, Сағыз ауылының ауылішілік жолдарын тағы да басқа салынып жатқан трассалардан сынама алды. Ол сынамалар «Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы» Атырау облыстық филиалының жылжымалы зертханасында тексерілді. – Былтырғы жылы 10 нысанның ішінде Құлсарының, Нарын және Сағыз қалаішілік жолдары болды. Соның ішінде Нарын мен Сағыздың ауылішілік жолдарында көптеген ақаулықтар табылды. Біз жергілікті атқарушы органга хаттама жолдадық. Олар уақытылы жөндеуге жауабын берді. Асфальттың шыдамдылығы жоба жасақталған кезде есептеледі. Ол асфальттың салатын категориясына байланысты болады, машиналардың санына байланысты болады. Сол бойынша жобасы жасақталады. Республикалық жолдарда үлкен материалдардан, қалың материалдардан салынғандықтан 17 жылға дейін шыдайды.
Ал, қалаішілік, елді мекен жолдары көбіне асфальтты бетон екі қабаттан салынады. Республикалық жолдар 5 қабаттан кем болмайды. Қала ішінде көріп жүрміз көктем сайын жолдар шұрық-тесік болып, жамалып жатады. Жылда жамалып, келесі жылы қайта шашылады. Ол енді негізінде технология мен материалдар сапасының сақталуына байланысты. 2019 жылы облыс көлеміндегі автомобиль жолдары құрылысындағы нысандардың сапасына тексеру жұмыстарын жүргізді. Облыстағы республикалық және жергілікті жолдарға 559 рет шығып, 490 жол материалдарына сынама алынды. Тексеріс нәтижесінде 80 рет технологиялық ауытқушылық, яғни жол жұмысында кемшіліктер және 36 материалдың стандартқа сәйкес келмейтіндігі анықталды. Бұл бойынша тапсырыс беруші және мердігер мекемеге хаттар жолданды. Тапсырыс берушіге ақаулықтарды уақытылы жою міндеттелді. Биылғы жылы алдымызда келелі міндеттер тұр. Мәселен, 1120 шақырымды құрайтын республикалық жолдармен қатар 2500 шақырымды алып жатқан жергілікті деңгейдегі автомобиль жолдарын сараптау көзделіп отыр, - дейді «Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы» РМК Атырау облыстық филиалы директорының міндетін атқарушы Жантас Шәріпов.
Мамандардың түсіндіруінше, Қазақстан Республикасы «Автомобиль жолдары туралы» заңнамаларына сәйкес, «Ұлттық жол активтері сапасы орталығы» республикалық мемлекеттік кәсіпорнының басты функциясы – автомобиль жолдарын салып, қайта жаңарту, орташа және ағымдағы жөндеу, күтіп ұстау кезіндегі жұмыстары мен материалдардың сапасына сараптама жүргізу. 2019 жылы құрылған қор республикалық маңызы бар жолдардан бөлек, жергілікті деңгейдегі жолдардың да сапасын тексеру құқығы берілген. Қазір кәсіпорында мамандардың білімін арттыруға күш салынуда. Орталық аппараттың құрған жоспары бойынша жұмыс аз қыс айларында инженерлерді және зертханашыларды орталық аппаратта және «Қазжол» ғылыми зерттеу институттарында біліктіліктерін арттыру курстары ұйымдастырылған. Сайып келгенде, нағыз сапалы жол сол трассаны пайдаланатын тұрғындарды діттеген жеріне жылдам жеткізетін қауіпсіз болуы тиіс. Алайда, бүгінде құрылыстың сапасына қатысты мәселе көп. Салынған жолда айналдырған бір-екі жылдың ішінде жер-жерден ойылып, шұрық тесіктер пайда болады. Енді жаңадан құрылған «Жол активтерінің сапасы ұлттық орталығы» республикалық мемлекеттік кәсіпорны Атырау облыстық филиалы осы олқылықтың орнын толтыруға жұмыстанады деген сенімдеміз.
Өз тілшіміз
Сурет: ашық дереккөзден