Атырау обл, Миялы ауылы, Қ.Сәтбаев көшесі, №17 үй. 8 (712) 3821738 Адрес электронной почты защищен от спам-ботов. Для просмотра адреса в браузере должен быть включен Javascript.

Қазақстанда 2030 жылға дейін 5 трансшекаралық хаб ашылады

АСТАНА. KAZINFORM – 2030 жылға дейінгі көлік-логистикалық әлеуетті дамыту тұжырымдамасы аясында 5 трансшекаралық хаб ашылады.  Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев елдегі трансшекаралық хабтарды дамыту туралы баяндады.

Бүгінде барлық бес трансшекаралық хаб бойынша басқарушы компаниялар мен олардың жұмыс істеу шарттары айқындалды. Әлеуетті инвестициялық жобалардың пулдары қалыптасты. Электр энергиясы, сумен жабдықтау, көлік жолдары және коммуникациялар сияқты негізгі инфрақұрылыммен қамту жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Өзбекстан шекарасындағы «Орталық Азия» халықаралық өнеркәсіптік кооперация орталығына 2025 жылдың 31 наурызында «Тұран» арнайы экономикалық аймағының мәртебесі берілді. Құрылыстың бірінші кезеңінде 100 гектар аумақ функционалды аймақтарға бөлінді, сегіз өндірістік ғимарат салынды, ішкі жолдарды абаттандыру, сыртқы инженерлік желілерді тарту, кіреберіс жолдарын қамту жұмыстары жүргізіліп жатыр.

    – Екінші кезеңде поливинилхлорид өнімдерін, тамшылатып суару жүйелерін өндіру, мақта, күріш, дәнді-дақылдар мен майлы дақылдарды қайта өңдеу бағыттары бойынша жеті инвестициялық жоба айқындалды. Сонымен бірге, орталық аумағында индустриялық парк салу жоспарланып отыр. 185,1 миллиард теңге инвестиция тартылып, 1 150 жұмыс орны құрылады. Орталықты толық іске қосу 2026 жылға жоспарланған, – деді Сауда министрі Үкіметтің бүгінгі отырысында.

«Еуразия» трансшекаралық сауда орталығы Батыс Қазақстан облысының Орал қаласы әуежайының маңында орналасқан. Облыс әкімдігі жалпы құны 140 миллиард теңге болатын құрылыс материалдары, жиһаз, шыны, мұнай-газ жабдықтары, пластмасса бұйымдары, сондай-ақ катализаторларды қайта өңдеу бағыттарындағы 16 инвестициялық жобаны іске асыруды жоспарлап отыр.

Қорғас торабы да арнайы экономикалық аймақ мәртебесіне ие. Оның құрамына: «Қорғас» халықаралық шекара маңы ынтымақтастық орталығы АЭА, «Қорғас – Шығыс қақпасы» арнайы экономикалық аймағы кіреді. «Қорғас» халықаралық шекара маңы ынтымақтастық орталығы АЭА аумағында жалпы сомасы 234,4 миллиард теңге болатын 41 жоба іске асырылып жатыр. Оның ішінде 17 миллиард теңгеге сегіз жоба пайдалануға берілді. 2027 жылға дейін 33 жоба іске асырылады.

    – «Қорғас-Шығыс қақпасы» экономикалық аймағында 64 қатысушы тіркелген. Қазір жалпы сомасы 58,6 млрд теңгеге, 3 инвестициялық жоба іске асырылды. 2300-ге жуық жұмыс орны құрылды. Инвестиция көлемі 848,6 млрд теңгені құрайтын тағы 32 жоба бар, онда бес мыңнан астам жұмыс орнын құру жоспарланып отыр. Оның ішінде «Қазақстан-Қытай халықаралық өнеркәсіп қаласы», жел энергетикасы қондырғыларын, электр энергиясын сақтау және жинақтау жүйелерін шығаратын зауыт, металл бұйымдарын өндіру зауыты бар, – деді А.Шаққалиев.

Каспий торабы аясында екі ірі жоба – Ақтау теңіз портындағы контейнерлік хаб пен Құрық портындағы «Саржа» көпфункционалды теңіз терминалы салынып жатыр. Екі жоба да «Ақтау теңіз порты» арнайы экономикалық аймағының құрамына енгізілген.

Контейнерлік хаб үшін 19 гектар жер телімі бөлінді. Бұл «Ляньюньган құрлықтық терминалы» компаниясымен бірлескен жоба. Инвестиция көлемі – 47,6 миллиард теңге. Хабтың алғашқы кешені шілде айында пайдалануға берілді. Екінші кешеннің құрылысы 95 пайыз орындалып, жыл соңына дейін аяқталады. Жалпы жоба 2026 жылдың соңына дейін аяқталады деген жоспар бар.

    – «Саржа» теңіз терминалы «Semurg Invest» компаниясының жеке инвестициясы есебінен жүзеге асырылып жатыр. Терминал аумағы – 284,7 гектар, инвестиция көлемі – 98 миллиард теңге. Жалпы жүк терминалы пайдалануға берілді. Астық, әмбебап жүк, химиялық өнімдер терминалдары мен көлік-логистикалық орталық құрылысы жалғасып жатыр, – деді министр.

Ал «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық транзиттік дәлізінің құрамдас бөлігіндегі Индустриялық сауда-логистикалық кешен «Қарасу» және «Ақ-Тілек» өткізу пункттерінің жанында орналасқан. Онда 385,2 миллион АҚШ долларын құрайтын 18 жобадан тұратын инвестициялық пул жасақталды. Бұл жобалар құрылыс, өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, сауда, туризм және медицина салаларын қамтиды. Үш жарым мыңға жуық жұмыс орны ашылады. Жамбыл облысының әкімдігі кешен аумағын 50 гектардан 150 гектарға дейін кеңейту жұмыстарын аяқтаған соң, бұл кешен арнайы экономикалық аймаққа айналады. Жобаны іске қосу 2026 жылға жоспарланған.

Айта кетейік, Транскаспий дәлізі арқылы соңғы бес жылда осы бағыттағы тасымал көлемі алты есе өсіп, 2020 жылғы 800 мың тоннадан өткен жылы 4,5 млн тоннаға жетті.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

AQPARATPRINT