Қазіргі таңда елімізде ең өзекті мәселелердің бірі жол апаттары екендігі айқын. Айдың-күннің аманында талай адам осы жол апатынан өмірімен қоштасып жатса, енді бірі ауыр жарақат алып жатыр. Бұл мәселе Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың да назарынан тыс қалмай, ол өз Жолдауында: «Бұл тақырып қоғамда қызу талқыланып жатыр. Екі жыл бұрын жаяу жүргіншілер жолымен жүруге шектеу қоятын заңнамалық өзгерістер енгізілді. Бірақ қоғамдық орындардағы ахуал өзгере қойған жоқ, әлі де азаматтарға қауіп-қатер төніп тұр. Қазір бұл саланы реттейтін заңға түзетулер әзірленді. Оны көп созбай қабылдау керек. Әрбір азаматтың, әрбір баланың өмірі қымбат. Бұл мәселеде ұсақ-түйек деген болмайды. Түптеп келгенде, мұның әрқайсысы – Қауіпсіз Қазақстанды құру жолындағы маңызды қадамдар» деген болатын.
Расымен де бұл өте маңызды мәселе. Мемлекет басшыссының айтуынша, жыл басынан бері елімізде 22 мыңнан астам жол‑көлік оқиғасы тіркелген. Осы оқиғалардан көптеген адам зардап шегіп жатыр, кейбірі қаза болады. Сондықтан жол апаттарын алдын алу құқық қорғау органдарының ғана емес барша ел азаматының ортақ міндеті болуы керек. Әрбір көлік жүргізуші жауапкершілік пен өзіне артылған аманатты сезініп барып жолға шыққан жөн. Сонымен қатар, алыс қалаларға такси қызметін атқаратын жүргізушілердің көбі – жастар. Бәрінің астында жүйіткіп тұрған шетелдік көлік. Тәжірибесі жоқ жасқа жылдамдығы қатты көлік бергесін не болсын?! Әрине, бәріне бірдей топырақ шашуға болмайды. Жылдамдықты асырмай, көлікті баппен айдайтын жүргізушілер де бар. Өзге көлік айдағандар солардан үлгі алып жолға шықса, жол апаттары көп болмас еді. Қорыта айтқанда, президенттің айтқан бұл мәселесіне қоғам болып үн қосып, Қауіпсіз Қазақстанды құруға бірге атсалысайық.
Мұратбек АЛТЫНБАЕВ,
Ішкі істер саласының ардагері