Жергілікті жерде жұмысшы мамандықтары жылына орай жасалып жатқан жұмыс аз емес. С.Мұқашев атындағы Атырау политехникалық жоғары колледжінің директоры Бақыт Шеркешбаевамен өткізген сұхбатымызға да осы бағытта қолға алынған бастамалар арқау болды.
Бұл жолы сұранысқа сай кадр даярлаудың заманауи әдістері мен жаңа бағдарламалары туралы сұрақтарымызға да тұшымды жауап алдық.
Мақсатымыз – мықты маман дайындау – Жасыратыны жоқ, қазір компаниялар жергілікті оқу орындарынан диплом алып шыққан мамандардың білімі мен біліктілігіне күмәнмен қарайтын болды. Мұның себебі неде? Колледждегі оқу бағдарламалары жыл сайынғы еңбек нарығы мен технологиялық өзгерістерге қалай бейімделіп отырады? Атырау өңірі – ірі, орта өндіріс орындары, кәсіпорындар көптеп шоғырланған өлке. Колледжіміздің басты мақсаты – аймақтың өнеркәсіптік секторында сұранысқа ие жоғары білікті мамандарды даярлау. Сондықтан өндіріс орындарындағы жаңа технологияның енуі және оның процестерінің жылдам өзгеруі қалыпты жағдай. Біз еңбек нарығын жіті зерттеп, зерделеп және тек кәсіпорындармен тығыз байланыс орнату арқылы қажетті мамандардың қандай дағдысы, құзыреттілігі, біліктілігі болуы керек екенін анықтаймыз. Әр кәсіпорынға бағытталған оқу бағдарламаларын жыл сайын қайта қарап, жұмыс берушілердің сұранысына сәйкес жаңғыртып отырамыз.
Қазіргі таңда өндірісте де трансформация қызу қарқынмен жүріп жатыр. Зауыттардағы процестер автоматтандырылуына байланысты өндіріске қарапайым механикалық станоктарда жұмыс жасайтын слесарьлар емес, сандық бағдарламамен жұмыс жасайтын оператор мамандар керек. Қарапайым электриктен гөрі, ақылды жүйеге қосатын электрик-бағдарламашылардың қажеттілігі байқалады. Тағы бір мысал, бұрын өндіріс аумағы аяқтай жүріп тексерілсе, қазір олар дрондар арқылы бақыланады. Өңірде Қашаған, Теңіз секілді ірі өндіріс орындарына бақылау жүргізетін «Каспиан Радио сервисес» құрылымы бүгінде біздің оқу орнына дрондармен жұмыс жасай алатын, модельдеу дағдылары бар мамандардың қажеттілігіне байланысты сұраныс беруде. Алдағы 5 жылда өңірімізде бірқатар ірі инвестициялық жобалар іске қосылмақ. Бұл өндіріс орындарының бірі ТМД бойынша теңдесі жоқ зауыт болса, екіншісі – Қазақстанда баламасы жоқ өндіріс орны.
Бұл зауыттарға колледж бүгінде мақсатты кадрлар даярлау жұмысын бастады. Бутадиен зауытына технологтар, машинистер, технологиялық жабдық операторларын дайындау мақсатында өндіріс орнымен бірлесіп оқу бағдарламасын жасадық. Оқытушылардың біліктілігін маусым айында «Тольятти каучук» зауытында көтеру жұмыстары жоспарланды. Оқу орны ретінде біз өзгерістерге әрдайым дайынбыз. Жұмыс беруші сұраған маманды бірлесе дайындайтын боламыз. Аз жұмыс жасап, көп ақша табу…
– Нарықта қандай мамандықтарға сұраныс жоғары? – Кейбір ақпарат көздерінен байқағанымдай, маркетинг, жарнама, ақпараттық технология, денсаулық сақтау, құрылыс, логистика салаларындағы мамандықтарға айтарлықтай сұраныс бар деп есептеледі. Бұлар жаңадан пайда болған мамандықтарға байланысты мысалдар. Мамандықтарды жаңа және ескі деп үзілді-кесілді екіге бөлу бір жақтылыққа апармақ. Көптеген мамандықтың атаулары сақталғанымен олардың атқаратын қызметі, құрылымы көп өзгеріске ұшырады. Сондықтан мамандықтар әлемінде әлі де біліктілік, адалдық, бейімделе білу қасиеттері лайықты бағаланады деген ойдамын. Қазіргі таңда еңбек нарығында IT саласы, автоматика, энергетика, мұнай-газ-химия және басқа да техникалық мамандықтарға сұраныс көп. Бұл салалар біздің колледждің негізгі бағыттарына сәйкес келеді. Осы мамандықтарға сұраныс болашақта да артатын болады.
– Бүгінде жастар аз жұмыс жасап, көп ақша тапқысы келеді. Бізде жұмысшы мамандықтарға сұраныс жоғары болғанымен оған көпшілігі барғысы келмейді. Қалыптасқан осы проблеманы қалай шешуге болады деп ойлайсыз?
– Жас буын өкілдерінің көп ақша тапқысы келетінін түсінеміз, алайда еңбек пен табыс арасындағы теңдікті түсіндіруіміз қажет. Мамандықтың бәрі жақсы, оны әркім өз қалауымен таңдайды. Жаңалыққа құштарлық, мол табыс табуға ұмтылушылық – құптарлық қасиет, өз басым мұны қолдаймын. Абай айтқандай, өмірге бір кірпіш болып қалану – әр жастың арманы. Ал жұмысшы мамандықтарына келушілер де жеткілікті, оны өз мысалымыздан білеміз. Әсіресе, биыл жұмысшы мамандықтары тым жақсы насихатталып-ақ жатыр. Мемлекет тарапынан көңіл бөлініп, қамқорлық жасалып, оқытып, әрі қарай еңбекке орналастырылып, жалақы мөлшері мен болашақта өсу жолы қарастырылып, мүмкіндіктер берілсе бұл проблема шешімін табады.
– Қазір мұнай-газ химиясы саласы өркендеп келеді. Оған бізде мамандар жеткілікті ме?
– Қазіргі еңбек нарығындағы тенденцияларды ескерсек, жыл сайын жұмысшы кадрлардың дағдылары мен оларға қойылатын талаптар өзгеруде. Бүгінде оқу орындарына қойылатын басты мақсат – еңбек нарығына тез бейімделетін кәсіби мамандарды даярлаудың жаңа моделін қалыптастыру.
2024-2029 жылдар аралығында өңірде 26 жобаны жүзеге асыру жоспарланғанын білеміз. Атырау өңірінде іске қосылатын ірі инвестициялық жобаларға мұнай-химия бағытында 3 мыңнан астам жұмысшы кадр қажеттілігі туындамақ. Өңірде жаңадан ашылатын зауыттарға кадрлар даярлауға сұраныс беріліп, бүгінгі мұнай химия бағыты бойынша мақсатты мамандар даярлау жұмысы басталды. Бұл салада сұраныс өте жоғары, ал сапалы мамандар жеткіліксіз. Колледжімізде осы бағыттағы мамандықтар бойынша білім беру бағдарламалары бар, бірақ біз әлі де материалдық-техникалық базаны нығайтып, кәсіпорындармен тығыз әріптестік арқылы осы саланың қажеттілігін өтеуге күш салып отырмыз. Табыс кілті – адал еңбек
– Бүгінде жоғары білімі болғанымен көшеде таксист болып жүргендер көп. Оларға қандай кеңес бересіз? Мәселен, психологтар мамандық таңдау жастардың жүрек қалауымен болғаны дұрыс деп есептейді, ал кейбір мамандар ата-ананың пікіріне құлақ түрген жөн деген пікірде. Осы бағытта алып-қосарыңыз бар ма?
– Түрлі жағдайларға байланысты мамандығы мен кәсібін өзгертушілерді түсінуге болады. Бұған тыйым салынбаған. Кейбіреуінде бір емес, бірнеше диплом бар, бірақ біреуімен жұмыс жасайды ғой. Ең бастысы, ел үшін адал еңбек етуі керек. Мамандық таңдау жайына келсек, жастарға түрлі ортаның әсері бар. Сан түрлі жағдайларды сараптап, байыптай келе біреуіне тоқтайды ғой. Басымырағы өз қалауы болу керек деген ойдамын. Таңдау жеткілікті. Кейіннен тағы да қосымша мамандық алатындар да бар.
– Мамандық таңдау – маңызды қадам. Тәжірибелі басшы ретінде жастарға, ата-аналарға қандай кеңес берер едіңіз?
– Менің де көтеріп отырған мәселем осы еді. Бізге келетіндер – жасөспірім балалар. Егер олар ата-аналармен бірлесе отырып асықпай таңдау жасаса, үйдің және баланың мүмкіндіктерін ескерсе, отбасылық дәстүр де қалыс қалмаса екен деймін. Шешімді талапкер өзінің қабілет-қарымын бағамдай отырып қабылдаса, оны айналасы қолдаса дұрыс болар еді.
Қазіргі сәтке байланысты айтарым, елімізге техникалық мамандықтар керек екені бірнеше жылдан бері айтылып келеді. Жұмысшы мамандықтарына да болашақта жарқын жол ашылады. Бұл арада оның жаңа мазмұнға ие болғаны, бұрынғы атаудан мүлде бөлек екенін де ұғынуымыз керек. Дәстүрлі әдістен – озық технологияға – Инновациялық технологиялар мен заманауи оқу әдістерін қолданып, мамандарды даярлауда қандай шаралар қабылдануда?
– Біз дәстүрлі оқыту әдістерінен гөрі заманауи инновациялық технологияларды және оқу әдістерін қолдануға маңыз беріп отырмыз. Студенттер заманауи симуляторлар мен 3D модельдеу, виртуалды және қосымша шындық (AR/VR), цифрлық платформа құралдары арқылы жұмыс жасауды меңгереді. uuuuu Өткен аптада «Polytech Digital Week» апталығы өткен болатын. Онда «Жасанды интеллект көмегімен тиімді оқу материалдарын дайындау», «Цифрлық сауаттылық: оқытушыларға арналған практикалық кеңестер» тартымды өтіп, қатысушылар көңілінен шықты.
Одан бөлек NCOC компаниясының 9 білікті маманы келіп, цифрлық ресурстар мен дағдылар туралы өз ойларымен, тәжірибелерімен бөлісті. ChatGpt, Magic SchoОl-дың көмегі көп – Цифрлық технологияларды енгізу және онлайн оқыту платформаларымен жұмыс қалай ұйымдастырылып жатыр?
– Былтырғы оқу жылынан бастап оқу орнымызда College SmartNation – техникалық және кәсіптік білім беру саласында мемлекеттік қызметтерді алуға арналған бірыңғай портал қолданылып келеді. Бұл өте ыңғайлы, қолдануға тиімді отандық өнім. Жүйе студенттерді, оқытушыларды және ата-аналарды біріктіріп отыр. Әсіресе, ең жиі кездесетін қарапайым анықтама алудан бастап, талапкерлерді қабылдау, оқу үдерісі, электрондық кітапхана, виртуалды зертханаларды пайдалану, тағы да басқа түрлі мүмкіндіктер барысы артып, білім алушылар мен қызметкерлер үшін оңтайлы бола түсті. Барлық қажеттілік жылдам, басқаларды мазаламай, кезек күтпей смартфон арқылы жасалып отырады.
Қолдау бар жерде нәтиже бар – Түсінікті. Бақыт Кеңесқызы, колледж бен кәсіпорындар арасындағы серіктестік қалай дамуда?
– Біз өңірдегі ірі зауыттармен, мұнай-газ-химия, энергетика, IT және автоматика саласындағы 80-ге жуық кәсіпорынмен меморандумдарға қол қойып, дуалды оқыту жүйесін жолға қойдық. Студенттер теориямен қатар нақты өндірісте тәжірибеден өтеді. Өндірістегі соңғы үлгідегі құрал-жабдықтармен жұмыс жасай білу, тәлімгер тәрбиесін көріп біліктілігін ұштау, ақылы практика нәтижесінде қосымша табыс табу мүмкіндігі, қауіпсіздік техникасы ережелерін білу және сақтау, еңбек өтілінің жүруі, соңында дипломмен бірге еңбек кітапшасын алу, дайын жұмыс орны шынында өте тиімді. Серіктес кәсіпорындар колледждің материалдық базасын жақсарту бағытында оқу құрал-жабдықтарымен көмектесіп, білім беру үрдісін қолдап отырғандығын айта кету керек. Тек биылғы оқу жылында колледжге серіктес компаниялар спорттық құрал-жабдықтар және «Бірқалыпты қосу құрылғысы мен жиіліктік түрлендіргіш жұмысын оқыту бойынша оқу стендісін» жаңа жабдығын арнайы кабинетке орнатып берді. Осы тұста дуалды оқытудың маңыздылығын айта кетсем деп едім. Ол – білім мен өндірісті ұштастыратын тиімді жүйе.
Студенттер оқу уақытының 60-70%-ын өндірісте өткізеді. Бұл оларға тәжірибе жинауға, өздерін көрсетіп, жұмысқа орналасуға мүмкіндік береді. Көптеген студентіміз осы жүйе арқылы өз мамандықтары бойынша жұмысқа орналасып, өз мамандықтарының иесі болғандығы қуантарлық жайт. Әлі де болса орта және кіші бизнес өкілдерінің жұмысшы мамандықтарының қажеттілігін ескеріп, дуалды оқыту жүйесі бойынша жұмыс жасауға тартылатындығына сенімдімін.
– Әңгімеңізге рақмет!
Сұхбаттасқан Айбөпе САБЫРОВА