Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметтің кеңейтілген отырысында сөйлеген сөзінде инвестициялық штаб құру түрлі бюрократиялық кедергілер мен құқықтық қайшылықтарды жоюға мүмкіндік бергенін, бұл жекелеген жобаларды іске асыруды жеделдеткенін атап өтті.
Мемлекет басшысы қаражатты толық үнемдеуді қамтамасыз ету және ең маңызды міндеттерді шешуге жұмсау туралы айтты. Оның айтуынша, енді бар қаражатқа өмір сүретін уақыт келді. Таяу уақыттағы Үкіметтің негізгі міндеттері мен басымдықтарының бірі – экономиканы әртараптандыру. Мәселен, өткен жылы өңдеу өнеркәсібінде 1,3 трлн теңге сомаға 180 инвестициялық жоба іске асырылды, нәтижесінде аталмыш сектор өсімі 6%-ға жуықты құрады. Бұл соңғы 10 жылдағы ең жоғары көрсеткіш.
Мемлекет басшысының айтуынша, бұл үрдіс тоқтамауы керек. Инвестиция тартуға қатысты Президент Үкімет жедел жұмыс істеп, бюрократиядан арылуға тиіс екенін атап өтті. Өйткені біз шиеленіскен бәсекелестік жағдайында қазіргі тенденциялардан артта қалуымыз мүмкін. Елге сапалы инвестиция қажет екені анық. Озық технологияларға негізделген және сыртқы нарықтарға бағытталған жобаларды шетелдік инвесторлар ұсынады.
Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметке барлық деңгейлерде – шетелде, өңірлерде және орталықта инвесторларды іздеуді, қолдауды және қорғауды күшейтетін тұтас бір жүйе құру қажет екенін атап өтті. Бұл ретте, Президенттің айтуынша, инвесторларға жұмыс орындарын сақтау, өндірістерді жаңғырту және экологиялық талаптарды сақтау бойынша ақылға қонымды міндеттемелер ұсынылуы тиіс.
Қазір, Мемлекет басшысы атап өткендей, ірі өнеркәсіптік нысандарды іске қосу баяу жүріп жатыр. Сондай-ақ, Президент туризм экономикалық өсудің жаңа көзі болуға тиіс екенін атап өтті.
Гүлназ Имирова,
"Тәрбие" ұйғыр ЭМБ басшысы
Фото: ru.freepik.com