Атырау обл, Миялы ауылы, Қ.Сәтбаев көшесі, №17 үй. 8 (712) 3821738 mialy44@mail.ru

«Ерлігі үшін» медалін үш мәрте алған

Ұлы Жеңістің 80 жылдығы қарсаңында әкем Олжабаев Құспан (соғыс кезінде Гусман деп атаған) жайлы естелік жазсам деп қолыма қалам алдым. Әкем Олжабаев Құспан 1925 жылы 1 қаңтарда Гурьев облысы, Бақсай ауданы, Жаңатұрмыс елді мекенінде дүниеге келген. Бастауыш мектепті Егізкөл ауылында оқып, әрі қарай Жаманқала (қазіргі Махамбет ауданының орталығы) мектебінде 1942 жылы 17 жасында 10 класс бітірген.

1943 жылы оны 18 жасында әскери қызметке шақырып, Башқұрстандағы Уфа қаласындағы әуе-десанттік училищеге жіберген. Ол кездерде Совет Одағының жерінде соғыстың нағыз қайнап жатқан уақыты еді. Училищенің алты айлық оқу курсын жеделдетіп бітіргеннен кейін әкемді 3-ші Украин майданына әуе-десант полкіне жібереді. Сол 1943 жылы осы полктің құрамында десант болып бастаған ол 1948 жылдың қыркүйек айына дейін қызмет еткен. Корель түбегіндегі соғыста (1944-1945 ж.ж) Еуропа елдерін азат етуде, соның ішінде Будапешт, Пра¬га, Вена қалаларын азат етуге, Берлинді алуға қатысқан. Соғыста көрсеткен ерліктері үшін «Ұлы Отан соғысы» орденімен, «Прага, Вена, Будапешт, Берлин қалаларын азат еткені үшін» медальдарымен, үш рет «Ерлігі үшін» медалімен марапатталған. Марапаттау парақтарынан көрініп тұрғандай, 18 жасында 1943 жылдың 24 наурызында Ростр қаласындағы оңтүстік бөлімі бастығының бұйрығымен жаудың екі әскері біздің жақтың терең тылына өтіп кетейін деп жатқан жерінен ұстап, тұтқындайды.

Сол үшін «Ерлігі үшін» медалімен марапатталады. 1944 жылы 11 шілдеде майданның сол жақ флангасын жаудан қорғап, жеке өзі 18 немістің атқыштарын жоқ қылды. Бұл ерлігі үшін екінші «Ерлігі үшін» медалін алды. 1945 жылы 14 сәуірде басшы командованияның бұйрығымен Орита қаласының жолында кездескен екі фашистті жоқ қылып, тағы біреуін тұтқынға алғаны үшін үшінші мәрте «Ерлігі үшін» медалімен марапатталған. Әкемнің аты Құспан болғанымен, полктағы әскерлер дұрыс айта алмай Ғұсман деген. Сол себепті барлық соғыс кезіндегі құжаттарына Ғұсман деп жазылып кеткен. Ол соғыстан 1948 жыл аға лейтенант шенімен оралып, Бақсай аудандық тұтынушылар одағына (РайПО) экономист-жоспарлаушы қызметіне орналасып, 1950 жылдың 3 ақпанына дейін жұмыс жасайды. Осы жылдың бас жағында Бақсай аудандық партия комитетінің ұйғаруымен Бақсай аудандық газетінің редакциясына жауапты хатшы қызметіне ауыстырылады. Үш жылдан соң 1953 жылы ақпан айының 18-де аудандық партия комитетіне ауыстырылып, 1955 жылдың қараша айына дейін жалпы ұйымдастыру бөлімінің инструкторы қызметін атқарады. 1956 жылдың желтоқсан айында аудандық партия конференциясынан кейін өткен пленумда Зауральный МТС зонасына (қазіргі Ортақшыл ауылы) партия комитетінің хатшысы болып тағайындалған, бұл қызметте 1957 жылдың сәуіріне дейін жұмыс жасаған. 1957 жылы сәуір айында жоғарғы партия мен Үкіметтің шешімімен барлық колхоздар мен МТС жойылып, үш колхоз бен бір МТС-тің орнына бір совхоз құрылады.

Аудандық партия комитеті бюросының шешімімен әкемді сол жаңа құрылған совхоздың партия комитетін басқаруға жібереді. 1957 жылдың 9 сәуірінде коммунистердің жалпы жиналысында партия комитетінің хатшысы болып тағайындалады. Осы қызметте 1961 жылдың 17 шілдесіне дейін жұмыс жасайды. 1955 жылы Қазақ мемлекеттік С.М.Киров атындағы университеттің сыртай бөліміне оқуға түсіп, 1961 жылы журналист мамандығы бойынша бітіріп шыққан. 1961 жылы 1 тамызында өзінің өтініші бойынша аудандық партия комитеті бюросының шешімімен аудандық газеттің редакциясына жауапты-хатшы қызметіне ауыстырылады. Бұл жерде 1962 жылдың 29 сәуіріне дейін жұмыс жасаған. 1969 жылы 10 сәуірде территориялық өндіріс басқармасының құрылуына және аудандық газеттерді нығайтуға байланысты Орталық партия комитетінің (ЦК КПСС) қаулысымен Гурьев, Қызылорда облыстарындағы аудандық газеттердің редакциялары жабылған. Осы қаулыға байланысты аудандық партия комитеті әкемді Сарайшық УМСХ №91 мекемесінің бастауыш партия комитетінің хатшысы қызметіне тағайындайды. 1965 жылы Махамбет аудандық тұтынушылар одағының төрағасы қызметіне тағайындалып, 1971 жылдың желтоқсанында өмірінің соңғы күніне дейін жұмыс жасаған. Әкем Олжабаев Құспан 45 жасында ұзаққа созылған ауыр науқастан қайтыс болды. Артында 1927 жылы туған анам Мадьярова Ақзия сегіз баламен жесір қалды. Балаларының үлкені сол кезде тек 17 жаста болды. Анамыз өмірдің алуан түрлі қиындықтарына қарамастан бәрімізге жақсы тәрбие беріп, жоғары білім алуымызға жағдай жасады. Қазіргі уақытта бәріміз де әкеміздің атын өшірмей, ұрпағы жалғастыруда. Әкемнің майдандас достары, жолдастары көп болатын, бәрімен тірі кездерінде жиі-жиі кездесіп, соғыс кезіндегі әртүрлі оқиғаларды еске алып отыратын. Әкемнің сол кездегі жанұялық достары Тасмағамбетов Нұрғали аға аудандық қаржы бөлімінің бастығы, Төленов Дүйсенғали аға аудандық білім бөлімінің бастығы, Өміршін Құлшарап аға аудандық жол құрылымы бөлімінің бастығы және тағы да басқа достары жиі-жиі бас қосып, әңгімелесіп отыратын кездері есімде сақталып қалды.

Бір отырыстарында олардың әкемнен: «Құсеке, сіздің сол жақ иығыңыздағы жанып бара жатқан самолет пен парашютпен секіріп бара жатқан татуировка нені білдіреді?»-деп сұрады. Сонда әкем:

«1945 жылдың басында оны және барлау тобын жау шебіне шабуылға жіберген, бірақ жол бойында олардың самолеті неміс атқыштарынан зардап шегіп, өртеніп құлай бастайды. Командир мен ұшқыштың бұйрығымен бұлардың бәріне өртеніп жатқан самолеттен парашютпен секіріп кетулеріне тура келген, бұл шайқас Австрия территориясындағы жауынгерлік тапсырманы орындау сәті еді. Бәріміз де партизандардың арқасында тұтқынға түспей, аман қалдық» - дегені әлі есімде.

Барлық аталарымыз бен әкелеріміздің арқасында 80 жыл бойына соғыс көрмей, бейбітшілік пен тыныш өмір сүріп келеміз. Бәріне тағзым етеміз, жатқан жерлері жайлы, топырақтары торқа болсын. Қазіргі Ұлы Отан соғыс ардагерлерінің қатары сиреп, санаулысы ғана қалды. Дегенмен де біз осы бейбіт өмірдің бізге қандай ерлікпен, қандай баға жетпес құрбандықпен келгенін әрқашанда ұмытпаймыз. Өзімізден кейінгі ұрпақтарымызға, балаларымыз бен немере-шөберелерімізге жеткіземіз. 2000 жылы қыркүйек айында Махамбет селосында әкем Олжабаев Құспан атына көше берілді.

Жанболат ОЛЖАБАЕВ,

ҚР ІІМ еңбегі сіңген қызметкері,

ҚР ІІМ Құрметті ардагері, «Құрмет» орденінің кавалері, запастағы полиция полковнигі

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT