Әлбетте, "Еңбек түбі - береке" деп тегін айтылмаса керек. Себебі, еңбек қана жасампаздықтың жарқын көрінісіне, ізгіліктің ізгі мұратына жеткізетіні хақ. Бұл ретте, еңбек майталмандарын ұлықтап, олардың өнегелі істерін жас ұрпаққа ұлағат етсе керемет емес пе?!
Міне, соның жарқын көрінісін елдік пен ерлікті бір арнаға тоғыстырған Мұқыр ауылдық округіне қарасты Сарықұмақ елдімекенінің азаматтары көрсетті. Осы орайда, олар кезінде талай еңбектің көркін қыздырып, майталманға айналған ата-бабаларына ескерткіш орнатып, есімдерін мәрмәр тасқа қашап жазды. Таяуда, сол ескерткіш тақтаның ашылу салтанаты болып, оған арнайы қатысқан аудан әкімінің орынбасары Жарас Есенғалиев:
- Еліміздің тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың жарлығымен "Қыркүйектің үшінші жексенбісі - Еңбек күні" деп жарияланған болатын. Бүгінгі шара сол Еңбек күні қарсаңында жасалып жатқан игі іс деп білеміз. Яғни, кезінде маңдай терін сорғалата жүріп еткен ата-бабаларымыздың еңбектері арқасында еліміз көркейді. Дамудың даңғыл жолына түсті. Солардың кейінгі іс жалғасын табуда. Сарқұмақ елдімекенінде еңбектің ерен үлгісін көрсеткен арда азаматтар жетерлік. Солардың көш басындағы Социалистік Еңбек Ері Жақсы Кенжебаевтың тұруы бәріміз үшін мақтаныш. Бүгінгі игі іс жалғасын таба берсін. Еңбекпен елдік мұратқа жете берейік,- деді.
Бұдан кейін Сарқұмақ елдімекенінде тұратын ардақты ана мен ауыл ақсақалы, Атырау қаласынан арнайы келген осы ауылдың тумасы Құлшарап Шамаев, ескерткіш салуды ұйымдастырушылардың бірі Марат Дәулетовтер ізгі тілектерін арнады. Содан соң, ескерткіштің лентасы қиылып, дүниеден өткен ата-бабаларға құран бағышталды. Ауыл шетіне қос ағаш үй тігіліп, ас беріліп, спорттық шаралар ұйымдастырылды. Біз бүгін Сарқұмақ елдімекенінің тумасы, өлкетанушы, ұстаз Бердіхан Боқпаевтың зерттеу мақаласын оқырман назарына ұсынғанды жөн көрдік.
Мұқыр ауылдық округіне қарасты Сарықұмақ - шөбі шүйгін, суы мол елдімекен. Бұл өлкені талай ғасыр Адай руының ұрпақтары ен жайлаған. Топырақшашты, Сағыз өзендерінің іргемен ағуы, жерасты суының жақын болуы себепті Сарықұмақ қонысы жанға, өрісі малға толған құтты мекен. Шежіреші қарттардың айтуынша, Сарықұмақтың құмды шағылдарында қыстау салынып, мешіт ашылған. Оның дәлелі ауылдың оңтүстік-шығыс бетіндегі ХІХ ғасыр мен ХХ ғасырдың бас кезінен қалған көне қорым. Елді мекеннің ескі жұртының күнбатыс шетіндегі мешіттің орны да талай сырды ішіне бүгіп жатыр. 1920-шы жылдардың соңында жүргізілген тәркілеу (кәмпескелеу), ұжымдастыру науқандары кезінде байлар мал-мүлкінен айырылып, жер аударылады. Одан кейінгі 1931-1933 жылдардағы аштық кезінде бұл маң елсіз далаға айналды.
Сарықұмақтың бойына қайтадан елдің қоныстануы 1930 жылы Таңдайда құрылған «Гурьев» кеңшарының Қызылқоға өңіріне қоныс аударуымен және 1952 жылы Тайсойған полигонының пайда болуымен тікелей байланысты. 1938-1939 жылдары жайылымдық жердің жетіспеуіне байланысты «Гурьев» кеңшарының фермалары мал-мүлкімен, еңбеккерлерімен Тайсойған, Шығанкөл бойына көшіп келеді. 1941 жылы кеңшардың орталығы Таңдайдан Мұқыр теміржол бекетіне орналасқаннан кейін, бір ферма Шығанкөлде қалдырылып, екі фермасы қазіргі Мұқыр ауылдық округінің территориясына көшіріледі. Бір ферманың шопандары Қояндыдан Қайрақтыға дейінгі аралықты мекендейді. Ал, келесі ферма Үшоба, Айыртам маңына қоныстанады.
1952 жылы КСРО Қорғаныс министрлігіне қарайтын Тайсойған әскери полигоны құрылды. Полигонға Қызылқоға ауданының 7,5 мың шаршы шақырым жер берілді. Бұл жердің дені «Гурьев» кеңшарының жайылымы болатын. Осыған байланысты Үшоба алқабында, Сағыз өзенінің батыс беткейін жайлап отырған ел Сарықұмаққа көшірілді. Сарықұмақ 1952 жылдан бастап №1 ферманың орталығы ретінде бекітілді. Алғашқы ферма меңгерушісі болып Сатан Досқалиев тағайындалса, кейінгі жылдары Нұрлыбай Құттыбаев, Сүйесін Шомаев, Жолдас Байсейітов, Ілияс Елемесов, Әбіт Мәженов, , Қайрақ Есқалиевтар болды. Ферма басқарушыларының бұлайша жиі ауысуы сол кездегі орын алған жағдайларға байланысты. Малға жайлы қоралардың болмауы, техниканың жетіспеуі, маман кадрлардың аздығы шаруашылықты дамытуға кедергі келтірді. 1963 жылғы қоянның қысы ферма еңбеккерлері үшін өте ауыр соғып, мал басынан шығын көп болды. Шығанкөлдегі ферма таратылғаннан кейін Сарықұмақ №2 ферманың орталығына айналды. 1963 жылы Шығанкөлден ферма меңгерушісі болып Тәутен Аманғалиев келді. Шопандарға арнап типтік үлгідегі қора-жайлар салына бастады. Зооветеринариялық жұмыстар жолға қойылды. Ол табан аудармастан 1970 жылға дейін ферманы басқарды. Одан соң он алты жыл Қапез Кенжебаев, он бір жыл Халықберген Омаров ферма басқарушылары болды. 1997 жылы оңтайландыру мақсатында №2 және 3-ші фермалар біріктіріліп, орталық Соркөл елді мекеніне ауыстырылды.
1952 жылы ферма орталығы болғаннан кейін Сарықұмақ ауылы көркейе бастады. Көп ұзамай ауылда бастауыш мектеп ашылды. Мектептің алғашқы мұғалімдері Қойбағар Бисенғалиев пен Байдәулет Шаяхметов болды. Осы мұғалімдерден тәлім алған шәкірттерінің арасынан жоғары білімді дәрігерлер, мұғалімдер, инженерлер, халық шаруашылығының әртүрлі саласында еңбек ететін мамандар шықты. Елді мекенде дәрігерлік пункт, кітапхана, клуб, дүкен, монша ашылды. Қозы сою, қой қырқу пункттері, жанар-жағар май бекеті, жем қоймасы жұмыс жасап тұрды. Шағын ауыл қайнаған қызу еңбектің ордасына айналды. Ұлы Отан соғысынан аман оралған оннан астам майдангер әр салада еңбек етті. Ферма еңбеккерлері бірнеше мәрте түрлі көлемдегі социалистік жарыстардың жеңімпазы атанды. Олардың арасынан бірнеше жерлесіміз ордендермен, Бүкілодақтық халық шаруашылығы жетістіктері көрмесінің (ВДНХ) медалдарымен марапатталды. Бұл ретте, Жақсы Кенжебаев – Социалистік Еңбек Ері атанса, Төлеген Мұқанов пен Қабдыбек Сакупов - «Еңбек Даңқы», Бекмырза Сәтов - «Құрмет Белгісі», Қапез Кенжебаев, Ілияс Елемесов, Бекқожа Өтемағанбетов, Жолдас Байсейітов - «Еңбек Қызыл Ту», Сүйесін Шомаев - І, ІІ дәрежелі "Отан соғысы", Дәулет Әбішев - ІІІ дәрежелі «Даңқ», Бақтияр Елеуов, Ізбас Құлов, Нығыметолла Дәуленов, Ғазез Досқалиев, Оразғали Мүтішев, Қуанай Дүйсенғалиев, Мұқан Мүсиевтер - «Қызыл Жұлдыз» ордендерімен марапатталды. Онға жуық жерлесіміз Бүкілодақтық Халық шаруашылығы жетістіктері көрмесінің алтын, күміс медалына ие болып, есімдері көрменің Құрмет кітабына жазылды. Елімізге белгілі аға шопан Жұмаш Жақсиев пен талай сәйгүлігі бәйге алдын бермеген танымал атбегі Қабдығали Қабиев - «Қызылқоға ауданының Құрметті азаматы» атанды. Сондай-ақ, кезінде еліміздің дамуына өз үлестерін қосып, уақытпен санаспай еңбек еткен Дәулетияр Мүтішев, Қайыр Досқалиев, шопандар: Әзмағанбет Құлұлы, Аманғали Ізтелеуов, Аманғали Ержанов, Сисенбай Шүйінов, Бағыт Сәрсенғалиева, Баймырза Сабырғалиев, Қапез Амандосов, Наурыз Боқпаев, Әли, Тәжібай Нұғымановтар, Қырықбай Орынбасаров, Әділғали Ізтелеуов, Меңдіғали Мырзағалиев, Қабдығали Елеуов, Сағызбай Бакишев, Жалғас Дербісов, Дүйсенбай Сакупов, Табылды Қуанов, Баймырза, Төлеген Сабырғалиевтер, Мұрат Қапанов, Жолдас Сәрсенғалиев, Сапар Әділғалиев, Оразбай Досқалиев, Хамза Елеуов, Сабыржан Нұрғалиев, Жұмабай Мұқанов, Талас Шүйінов, Сегізбай Үмбетов, Нәби Құспанов, Муса Иманғазиев, Оразбай Жұмағалиев, Жөкеш Жақсиев, Аманкелді Боқбаев, Батыр Елеуов, механизатор-жүргізушілер: Әмірбай Лесұлы, Жәрдемғали Қайреденов, Бақтығали Өркешбаев, Жұмабай, Наурызбай Сабырғалиевтер, Хамидолла Жәкиев, Қойшығали Аманғалиев, Орынбасар, Жақан, Темір Досқалиевтер, Кемелхан Боқбаев, Көшербай Меңдіғалиев, Сисен Аманғалиев, Фуат Әменов, Жалғас, Әлібек Әбішевтер, Шарафи Шомаев, Аман Сағынов, Өтебай Елеуов, Қылыш Сакупов, түйешілер: Хамит Амандосов, Елемес Дәуленов, Дүйсенбек Досқалиев, бақташылар: Бекмұрат Өмірбаев, Таңатар Мұқашев, Тарас Сермұқанов, қызметкерлер: Ғазез Сакупов, Шайекбер Қонақбаев, Тілек Дәулетов, Төлеп Ізмұқанов, Талап Мысағалиев, Есенкелді Досқалиев, Құттығали Сәрсенғалиев, Мәлік Сапарғалиев, Бағытжан Нұрғалиев, Есқали Әбуов, Жұмахан Боқбаев, Төлеуғали Жолдасов, Жанкелді Рақметқалиев сынды еңбек майталмандарының ерен істері бүгінгі және кейінгі ұрпаққа өрісті өнеге. Бұлардың көбі өмірден өтіп кетсе, кейінгілері ақсақалды жасқа жетіп, соңғылары ел ағасы атанып ұрпақ қызығына бөленуде.
Бірнеше жерлесіміз Ұлы Отан соғысынан оралмады. Олардың артында қалған асыл жарлары шаңырақтарының отын сөндірмей, ұрпақтарын аман-есен жеткізіп қатарға қосты. Олардың есімдерін бүгінгі күні зор құрметпен атап өткім келіп отыр. Олар: Қ. Нұрғалиевтың жары Тоқсұлу, А.Ариқовтың жары Сәбила, Қ.Қасымовтың жары Бәтима, І. Ақбалиев жары Жұмағыз, Қ. Қасымовтың жары Нұрыш, Т. Сүлейменовтың жары Дәмеш, Н. Аманбаевтың жары Жәмила.
Сол сияқты, Атырау облыстық сауда басқармасының бастығы және облысы әкімдігінің іс басқарушысы қызметін атқарған Қ. Шомаев, Қазақ КСР Халық ағарту ісінің үздігі К. Махамбетов, агроном Қ. Өтемағанбетов, дәрігерлер Н. Бисенғалиев, Ж. Өтемағанбетов, Қ. Әбішев, З. Дәулетиярова, Ж. Сакупова, журналист Р. Өтемағанбетова, Абай атындағы Алматы мемлекеттік университетінің проректоры, Ғылым академиясының корреспондент-мүшесі, тарих ғылымдарының докторы, профессор Ғ. Кенжебаев, Мұқыр, Ойыл, Сағыз ауылдық округтерінің әкімі болған Е. Арыстанғалиев, «Мәтен» БК бас директорының өндіріс жөніндегі орынбасары, аудандық мәслихаттың депутаты Ғ. Жақсиев тағы да басқа елге еңбегі сіңген азаматтар қай кезде де мақтаныш. Сарықұмақтықтар кешегі кеңес заманында да, бүгінгі тәуелсіздік кезеңінде де еліміздің бір бөлшегі ретінде еліміздің дамуына өз үлестерін қосты және қосып та келеді. Қарапайым еңбек адамдарынан құралған шағын ауыл жоғарыға алақан жаймай өздерінің қажырлы еңбектерінің арқасында қалыпты еңбек ырғағынан жаңылған жоқ.
«Өткендерді ескерген, өскендіктің белгісі,
Өткендерді жек көрген, өшкендіктің белгісі» дегендей, жақында бір топ ауыл азаматы Сарықұмақта тұрып еңбек етіп, өмірден озған жерлестеріне арнап ескерткіш-тақта орнату жөнінде ұсыныс тастады. Ол ұсыныс еліміздің әр түкпірінде жүрген ауылдастардан қолдау тапты. Бір айдың көлемінде барлық мәселе оңынан шешіліп, Сарқұмақ ауылының ортасынан сәулетті де еңселі ескерткіш бой көтерді. Осы жұмыстардың барлығын ұйымдастырған Қылыш Сакупов, Өтебай Елеуов, Арғын Қонақбаев, Марат Дәулетовтерге жерлестерінің айтар алғысы шексіз.
Бердіхан Боқпаев
Мұқыр ауылы