Атырау обл, Миялы ауылы, Қ.Сәтбаев көшесі, №17 үй. 8 (712) 3821738 mialy44@mail.ru

ЕҢБЕГІ ЗОР ЕСЕНТАЙ 

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен биыл «Жұмысшы мамандықтар жылы» деп жарияланды. Бұл туралы Президент «Біз жұмысшы мамандықтарын дәріптеу арқылы қоғамда еңбекқор және нағыз маман болу идеясын насихаттаймыз. Бұл «Адал азамат – Адал еңбек – Адал табыс» қағидатына толық сай келеді. Қоғамда еңбекқорлық, кәсібилік сияқты қасиеттер өте жоғары бағалануға тиіс. Өз кәсібін жетік меңгерген мамандар ұлт сапасын арттырады. Жұмыстың жаманы жоқ, кез келген еңбек – қадірлі. Ең бастысы, әркім жауапкершілікті терең сезініп, өз міндетін сапалы атқаруға тиіс. Сонда ғана еліміз дамудың сара жолына түседі» деген еді. 

Мемлекет басшысының  бұл бастамасы жұмысшы мамандықтарының маңыздылығын арттыруға, жастарды осы салаға тартуға және еңбек нарығындағы  сұранысқа ие мамандықтар бойынша білікті кадрларды даярлауға бағытталған. Яғни, еңбек адамының беделін көтеру, кәсіби білім беру және еңбек нарығына қажетті мамандықтар бойынша оқытуды жетілдіру алға қойылған жоспарлардың бірі.
Жалпы, жұмысшы мамандықтары әртүрлі саланы қамтып, өз саласында маңызды рөл атқарып келеді. Сол маңызды мамандықтардың ішінде дәнекерлеуші мамандығы қазіргі таңда сұранысқа  ие мамандықтардың қатарында. Бұл тұрғыда,  біраз жылдан бері дәнекерлеуші болып, халыққа қалтқысыз қызмет жасап жүргендердің бірі – миялылық Есентай Мұқанбетов. Ол Ақтөбе қаласындағы С.Бәйішев атындағы университетін қаржы мамандығын бітіргенімен атасы Мұқанбет ұстаның ізін жалғап, темір шебері болады. Он сегізінші ғасырдың аяғында дүниеге келген атасы зергер, ағаш шебері және темірден түйін түйген ұста еді. Аудан құрылғанда ұжымшарларда шеберхана ашып, көрік басып қыздырған темірден шаруашылыққа қажетті түрлі бұйымдарды жасайды. Оның жасаған бұйымдары қазіргі дәнекерлеуші, пісіруші аппараттардан кем түспеді. Атасынан қалған ұста көрігі аудандық музейге қойылса, іскенше, төсі, балғасы үйінде сақтаулы. Жастайынан ұста атасының құралдаырмен темірден үй шаруасына қажетті дүниелерді қолдан жасап үйренген кейіпкеріміз өсе келе дәнекерлеу ісіне бет бұрады. 

    – Темірмен жұмыс жасау атам Мұқанбеттен жұққан қасиет. Мектеп бітірген соң үйдің қасындағы телемұнараға жұмысқа орналастым. Сол кезде атамның төсі мен балғасын пайдаланып, оны-мұны жасап жүріп, дәнекерлеу ісін үйрендім. Жұмысымнан қысқарған соң үйдің жанынан арнайы ғимарат салып, цех ашып, қазіргі Қызылқоға аграрлы-техникалық колледжінен  дәнекерлеуші мамандығы бойынша білім алдым. Содан соң кәсіпкерлікке тіркеліп, заңды түрде кәсіппен айналыса бастадым. Көліктердің сынған жерлерін дәнекерлеп, жөндеймін. Тапсырыс болып жатса тұрғын үйлердің, мекемелердің жылу жүйесін жүргіземін. Бұл кәсіптің ауыр құрал-жабдықтармен жұмыс істеу, қауіпсіздік техникасын қатаң сақтау дегендей өзіндік қиындықтары да бар. Сондай-ақ, темірді бір-біріне жалғап қана қоймай, оны әдемі әрі сапалы етіп өңдеуге де жауаптысың. Ең бастысы – өз ісіңді жақсы көруің керек, - дейді дәнекерлеуші Есентай Мұқанбетов.

Жұмысшы мамандығының қай қайсысы да жауапкершілікті, еңбексүйгіштікті көрсететін мамандық. Ал, Мемлекет басшысының бұл бастамасы жұмысшы мәртебесін көтеріп, оларға дұрыс баға беретін мүмкіндік. Ендеше, кәсібіне адал әрі жауапкершілікпен қараған адам қашанда лайықты бағасын алары сөзсіз.

Бауыржан БЕРДІҒАЛИЕВ

Қызылқоға ауданы

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT