Елімізде төтенше жағдайдың жарияланғанынан бері билік өкілдері тұрғындардың сауалдарын, өтініштерін, талап-тілектерін, арыз-шағымдарын онлайн режимінде қабылдап, жауап беруде. Соған сай «Nur Otan» партиясы аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Альберт Аққайнанов өткен аптада «Birgemiz» акциясы бойынша фейсбук әлеуметтік желісінде тікелей эфирге шығып, онлайн-қабылдау өткізді. Сұрақтар негізінен телефон байланысы арқылы қойылып, олардың басым бөлігі еліміздегі төтенше жағдайға байланысты беріліп жатқан жәрдемақы туралы болды.
– «Birgemiz» республикалық қоғамдық қорынан бөлінетін 50 мың теңге кімдерге беріледі? Аудан тұрғындарына тиеді ме?
– «Nur Otan» партиясының Төрағасы Н.Назарбаевтың бастамасымен төтенше жағдайға байланысты еліміздегі аса мұқтаж жандарды азық-түлікпен және қаржылай қолдау мақсатында арнайы республикалық «Birgemiz» және өңірімізде «Birgemiz-Atyrau» аймақтық қоғамдық қоры құрылған болатын. Республикалық қордан аймақтық қорға 224,7 миллион теңге қаражат түсіп, бүгінгі күні Атырау қаласының мұқтаж 4495 азаматтарына 50 мың теңге мөлшерінде тікелей аудару арқылы ақшалай көмек көрсетілді. Көмек тек қала тұрғындарына беріледі. Қордан ауданға қаржы бөлінбесе де «Біз біргеміз» акциясы аясында аудандық партия филиалының төрағасы, аудан әкімі Нұрсұлтан Бисембиевтің басшылығымен ауданымыздағы жеке кәсіпкерлер, шаруа қожалықтары, мұнай компанияларының демеушілігімен көмекке аса мұқтаж деген 88 отбасыға азық-түлік, гигиеналық құралдар, 30 отбасыға азық-түлік себеттері таратылды. Тізімді жергілікті округ әкімдері, бастауыш партия ұйымы төрағалары жасақтап ұсынды. Сонымен бірге бұл игі істен аудандық мәслихат депутаттары да тыс қалған жоқ. Наурыз айында 6 отбасыға, сәуір айында 6 отбасыға азық-түлік себеттерін апарып берді. Бұл акция әлі де жалғасады.
– Төтенше жағдай кезінде «Nur Otan» партиясы тарапынан қандай көмектер көрсетілуде?
– Короновирус ауруы дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы тарапынан пандемия болып жарияланғаннан кейін елімізде төтенше жағдай жарияланды. Еліміздегі кәсіпорындар, шағын және орта бизнес өкілдері өз жұмыстарын тоқтатты, сауда орындары жабылып, көптеген отбасы табыс көзінен айырылды. Осыған байланысты Үкімет пен партия тарапынан көмек көрсету жөнінде шешім қабылданды. Атап айтқанда, Қазақстанның тұңғыш Президенті қорынан 200 миллион теңге бөлінді. Бұл қаражат Нұр-Сұлтан, Алматы қалаларын да пандемияға қарсы күресіп жатқан медицина қызметкерлеріне сыйақы беруге, қосымша медициналық бетперделер мен дезинфекциялық құралдарды сатып алуға, сондай-ақ қаржының бір бөлігі балалар үйлері мен Нұр-Сұлтанның мамандандырылған ауруханаларын азық-түлікпен қамтамасыз етуге жұмсалды. «Nur Otan» партиясының «Кедергісіз келешек», «Бақытты отбасы» және «Ардагерлерді ардақтайық» партиялық жобалары аясында карантин жарияланған Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларындағы жалғыз басты қарттарға, мүгедектер мен тұрмысы төмен көпбалалы отбасыларға атаулы көмек көрсету үшін 150 миллион теңге бағытталды. Ал, мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан төленетін 42 500 теңге аудан бойынша 4823 отбасыға тағайындалды. Енді алған адамдарға екінші рет тағы да төлем жасалады деп күтілуде.
– Мекеме қызметкерлерін қашықтықтан жұмыс жасауға жіберуде. Осының заңдылығын анықтап бересіз бе?
– Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, төтенше жағдай режимінде қоғамның тіршілігін қамтамасыз ететін, қауіпсіздік пен құқықтық тәртіпті бақылайтын мекемелерден, жекелеген бұқаралық ақпарат құралдарынан өзге мемлекеттік, квазимемлекеттік сектор қызметшілерінің 70 пайызы қашықтықтан жұмыс істеуге көшсе, оқушылар мен студенттер де үйлеріне келіп, қашықтан оқуда.
– Мемлекет тарапынан беріліп жатқан 42 500 теңге жәрдемақыны нақты кімдер ала алады?
– Аталмыш жәрдемақының кімдерге тиесілі екені бұған дейін айтылып та, жазылып та жүр. Негізінен бұл төлемді төтенше жағдай енгізуге байланысты табысынан айырылғандар алады. Яғни, шағын және орта бизнес субъектілерінде жалдамалы жұмысшы болып істегендер. Олар төлемсіз еңбек демалысына шыққан болса, бұл көмекке ілігеді. Карантин енгізілген елдімекендердегі ірі бизнес субъектілерінің қызметкерлері, өз-өзін жұмыспен қамтыған жеке кәсіпкерлер. Олар екі санатқа бөлінеді. Бірі – салығын, зейнетақы жарнасын төлеп ресми тіркеліп жұмыс істегендер. Тағы бірі – мемлекетке еш төлем жасамай өз бетінше жұмыс істейтіндер, жеке практикамен айналысатын адвокат, нотариустар. Бұл санатқа енген азаматтар 2 651 теңге көлемінде бірыңғай жиынтық төлемді аударып, 42 500 теңгені алуға өтініш бере алады.Сондай-ақ, азаматтық-құқықтық келісімшарт бойынша кіріс алатын адамдар, төтенше жағдайға дейін кәсіпкерлік қызметпен айналысып, біржолғы жинтық төлем төлеген мүмкіндігі шектеулі жандар, декреттік демалысқа жіберілгеніне 1 жылдан асқан аналар, оқу оқып жүріп жұмыс жасаған студенттер. Сонымен қатар, еш жерде тіркелмей, өз бетінше таксист, бала күтушісі, жүк көтеруші сынды қызметтерді атқарып жүргендер де бұл әлеуметтік төлемге іліге алады. Ол үшін олар өтініш берер алдында бірыңғай жиынтық төлемді аударуы тиіс. Ал, мүгедектер, көпбалалы аналар және зейнеткерлерге қосымша төлем ретінде қарастырылмаған.
– Төтенше жағдайға байланысты беріліп жатқан мемлекеттік жәрдемақыны алудың жолдары қандай? Берілген өтінім неше күнде қаралады?
– Аталмыш мемлекеттік жәрдемақыны алу үшін өтініш берудің үш түрі бар. Бірінші – еgov.kz порталы. Онда төтенше жағдайға байланысты 42 500 теңге төлеу деген қызмет арқылы өтінім беріледі. Екінші – 42 500.enbek.kz сайтымен өтінімді жібере аласыздар. Ал, үшіншісі – Telegram-бот. Бұл сайт 17 өңірге бөлінген. Осы өңірлік боттар арқылы жәрдемақы алуға өтініш беруге болады. Өтінім үш жұмыс күні ішінде қаралады. Келіп түскен өтініштерді бірінші кезекте жергілікті атқарушы органдар тексерсе, екінші күні «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы, үшінші күні мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорының қызметкерлері сүзгіден өткізеді. Қазір үш мекеменің де қызметкерлері түскен өтініштерді жылдам қарауға күш салуда.
– Өтінішті қай күнге дейін беруге болады? Егер, әлеуметтік төлем түспеген жағдайда, екінші мәрте өтініш беруге бола ма?
– 42 500 теңге бір реттік төлем емес, бұл төтенше жағдай кезінде ай сайын төленетін төлем. Егер үкімет төтенше жағдай мерзімін ұзартса, әлеуметтік төлем мерзімін де ұзартады. Сол себепті, өтініш беру мерзіміне шектеу қойылмаған. Төтенше жағдай уақыты біткенге бір күн қалғанда берілген өтініштер де қаралып, тиісінше төлем беріледі. Ал, өтініш берушіге міндетті түрде SMS немесе еgov.kz порталындағы жеке кабинетіне жәрдемақыны алатыны не алмайтыны жөнінде хабарлама келеді. Сондықтан, екінші мәрте өтініш берудің қажеті жоқ. Егер азаматтар шот нөмірін қате жазған болса, төлем уақыты кешігуі мүмкін. Мұндай кезде өтініш берушіге шоты қате көрсетілгені хабарланып, қайтадан өтініш беру қажеттігі туралы ескертіледі. Сол себепті, қайтадан өтініш бермей, жауап күткен абзал.
– Зейнеткер кәсіпкерлер төлем ала ала ма?
– Зейнеткер төтенше жағдайға дейін зейнетақысынан бөлек, бірыңғай жиынтық төлемін төлеп кәсіпкер ретінде қосымша табыс тапқан болса, қазір оған 42 500 теңге қарастырылмайды. Себебі, оның мемлекеттен алатын жәрдемақысы негізгі табысы болып есептеледі.
– Коммуналдық төлемдерді жабу үшін беріліп жатқан 15 мың теңге туралы айтып өтсеңіз.
– Карантинге жабылған өңірлерде тұратын азаматтардың жекелеген санаттарына коммуналдық қызметтер үшін 15 мың теңгеден беріледі. Қазақстан Республикасы индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі коммуналдық қызмет жеткізушілерімен келісімшарты бар тұтынушылар үшін коммуналдық қызмет төлеуді қарастыратын механизм әзірледі. Осылайша карантин енгізілген өңірлерде әкімдіктер тұтынушылардың дербес шоттарына 2 ай бойы ай сайын 15 мың теңгеден жіберіп отырады.
Дайындаған, Бауыржан БЕРДІҒАЛИЕВ