Атырау обл, Миялы ауылы, Қ.Сәтбаев көшесі, №17 үй. 8 (712) 3821738 mialy44@mail.ru

Батман ананың бақыты

Әлбетте, адамзат баласына зор қасірет әкелген сұрапыл соғысқа тойтарыс беріп, бейбіт өмірге жол ашқан майдангерлер мен тыл еңбеккерлерінің асқан ерлігі мен ерен еңбегі ешқашан ұмытылмайтыны анық.

Бұл орайда, тыл ардагері, ардақты ана Батман Озғанбаеваның шоқтығы биік. Ол осыдан 90 жыл бұрын Кенбай елді мекенінде дүние келді. Балалық шағы сұрапыл соғыспен тұспа-тұс келген қаршадай қыздың әкесі Озғанбай отыз алты жасында соғысқа аттанады да, сол бір қиян-кескі майданнан елге оралмайды. Жастайынан еңбекке жегілген кейіпкеріміз анасы Мейізге көмекші болып, сиыр сауысып, шұлық, қолбақ тоқысып, қой бағысады.

Сөйтіп, еңбекпен есейген бойжеткен қыз он жеті жасында Ұлы Отан соғысының ардагері, мұғалім Темір Барсаевқа тұрмысқа шығады. Темір Жұмақұлұлы Гурьев педагогикалық училищесінде оқи жүріп, 18 жасында Тайсойғанда мұғалім болып жұмыс жасап жүргенде, әсер қатарына шақырылып, қан майданда неміс басқыншыларына қарсы қырғын шайқасқа қатысып, «Ерлігі үшін», «Жауынгерлік ерлігі үшін», «Германияны жеңгені үшін» және тағы да басқа көптеген мерекелік медальдармен марапатталады. 1945 жылы соғыс біткеннен кейін елге оралып, Гурьев педагогикалық училищесін (1946 жылы), Гурьев педагогикалық институтын (1955 жылы) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша сырттай оқып бітіріп, Қызылқоға ауданының Тасшағыл, Сағыз, Кенбай, Қайрақты мектептерінде жемісті еңбек етіп, өмірінің соңғы жылдары Кенбай бастауыш мектебінің директоры болды.

– Темір Жұмақұлұлын бала күнімізде көре қалдық. Өте ақкөңіл, бауырмал, адамдарға көмектесуге әзір тұратын елгезек жан болатын. Біздің ауылда мұғалім болып еңбек етіп, Әзен әжеміздің үйінде жатты. 1947 жылы Кенбай елді мекенінің қызы Батманға үйленгенде Әзен әжеміз өкіл шеше болып барды. Батман апайдың шешесі өте ақылды, парасат пайымы мол ана тұғын. Алдынан талай дәм таттық. Міне, осындай текті әулеттің ұлы Темір мен қызы Батман екеуі шаңырақ көтеріп, бақытты ғұмыр кешті. Тәкең ерте дүниеден өтті. Бұл әулетпен кейін құдандалы болдық. Шүкір, Батман құдағай үбірлі-шүбірлі. Ұл-қыздарынан өрбіген немере-жиендердің ортасында ғибратты ғұмыр кешіп келеді, - дейді бұл күнде сексен жастың сеңгірінен асқан Әділхан Ізжанұлы ақсақал. Расында да, екі ұл, үш қызды дүниеге әкелген Батман ана бүгінде ұлын ұяға, қызын қияға қондырған, немере-шөберелерінің ортасында ғибратқа бөленген әже. Тылдағы жанқиярлық еңбегі үшін әр жылдары «1941-1945 ж.ж. Ұлы Отан соғысындағы Жеңіске 60, 70, 75 жыл» мерекелік медальдарымен марапатталып, жақында «Нұр Отан» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары Б.Байбектің Жеңістің 75 жылдығына орай жолдаған Құттықтау хатына ие болды.

– Мен бір әулеттің жалғыз қызы болатынмын. Елде екі шешем – өз анам Мейіз бен анамның анасы Қағаз және кішкентай інім ғана қалған. Сондықтан артыма қарайлауымды, олардың да жағдайына қарауым керектігін түсінген қайнағам бізге Кенбайға тұруға рұқсат берді. Халқымызда «Абысын тату болса, ас көп» деген сөз бар ғой. Мен үшін абысыным Биқаштың орны бөлек. Ол екеуміз тату-тәтті өмір сүріп, егіздің сыңарындай ғұмыр кештік. 1971 жылы жолдасым Темір, 1984 жылы атам дүниеден озды. Ұлдарымыз есейіп, алды үйленіп, қыздарымыз бойжетіп, тұрмысқа шыға бастады. Солардың барлығында да екі отбасы барлық істі бірге жүріп, бірге атқардық. Ұл-қыздардан дүниеге келген немере-жиен, шөберелердің де қызығына ортақтасып, ыстығына бірге күйіп, суығына бірге тоңып, біте-қайнасып өмір сүрдік. Солардың бәрінде абысыныммен ақылдасып отыратынмын. Несін сұрайсың, соғыс жылдары талай қиындықты бастан өткердік қой. Бүгінде, шүкір үбірлі-шүбірліміз. Ұрпақтарымның жаман атқа ілікпей, ұлағатты өмір сүруін тілегеннен басқа менде арман жоқ, - дейді Батман ана. Ендеше, соғыс жылдарында тылда ерен еңбек етіп, бір әулеттің ұйытқысы болып, ұрпақтың қызығына бөленген Батмандай бақыт биігінен көрінген аналар көп болса игі дейсің.

Бауыржан АМАНҰЛЫ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521