– Құрметті Берік Уәлиұлы, Мемлекет басшысының кейінгі шешімдері мен үндеулері бойынша блогосферада әртүрлі сипаттағы түсіндірмелер жарияланып жатыр. Бүгін осы мәселеге қатысты мәлімдеме жасадыңыз. Тарқатып айтып берсеңіз.
– Иә, Президенттің шешімдері мен үндеулері бойынша блогосферада әртүрлі сипаттағы түсіндірмелер көбейіп кетті. Осыған байланыстыбүгін арнайы мәлімдеме жасау қажет деп санадым. Себебі Қасым-Жомарт Тоқаев – мемлекетіміздегі ең жоғары лауазымды тұлға және Қауіпсіздік Кеңесінің Төрағасы. Сондықтан Мемлекет басшысы дербес шешім қабылдайды. Конституциялық құрылымға нұқсан келтіруді көздеген содырлардың Қазақстанға шабуыл жасаған қайғылы күндері де солай болған. Қасым-Жомарт Кемелұлы отандастарымызға арнаған өзінің үндеулерін кеңесшілердің көмегінсіз әдеттегідей өзі жазды. Осы сәтті пайдалан отырып, тағы да айтқым келеді: Мемлекет басшысының жұмысы туралы ақпаратты таратып, түсіндіруге Президенттің Баспасөз хатшысынан басқа ешкімнің хақысы жоқ. Яғни, мен ғана ақпарат таратамын.
– Бірнеше күн бойы елімізде болған төтенше оқиғалар мен террорлық әрекеттер жағдайында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың әрбір шешімін халық, тіпті шетелдік ақпарат құралдары жіті бақылап отыр. Мұндай қиын кезде Жоғарғы Бас қолбасшыға да оңай емесі анық. Президенттің жұмысын баспасөз қызметі таратып жатқан ақпараттардан оқып, біліп отырмыз. Ақордадан күні-түні ақпарат түсіп жатыр. Осы күндері Баспасөз қызметін негізгі ньюсмейкер болғанын жасыра алмаймыз. Мемлекет басшысы қандай жағдайда жұмыс істеп жатыр?
– Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Маңғыстауда басталып, 4 қаңтарда ауқымы кеңейіп, соңы террорлық шабуылға ұласқан сәттен бастап Ақордада жұмыс істеуде. Мемлекет басшысы күні-түні нон-стоп режимінде жұмыс істеп, елдегі жағдайды толық бақылауында ұстап отыр. Өздеріңіз де көріп отырсыздар, жағдай шиеленіскен тұста елді тұрақтандыру үшін дер кезінде батыл шешімдер қабылдап, халыққа эфир арқылы үндеулерін жолдауда.
– Өзіңіз айтып отырған 4 қаңтар күні кешке қарай жағдай күрделеніп, елді үрей биледі. Дәл сол сәтте Ақордада қандай оқиғалар болды?
– Түнгі сағат 11-лерде Президент елде қалыптасқанжағдайды халыққа баяндап, Үндеу арнайтыныбелгілі болды. Жұмысқа 10 минутта шұғыл жеттім. Шынын айту керек Мемлекет басшысы сол жерде компьютерде мәтін теріп отырған хатшысынасөйлейтін сөзін ауызша айтып тұрды. Баспасөз қызметі камераларды қойып, дыбысын реттеп жылдам ұйымдастырып, Қасым-Жомарт Кемелұлының мәлімдемесін таспаға түсірдік.Президенттің халыққа арнаған сөзін бірденреспубликалық телеарналарға жолдадық.
Сол бірінші Үндеуінде Мемлекет басшысы: «Азаматтық және әскери мақсаттағы қызметтік ғимараттарға шабуыл жасауға үндейтін ұрандар мүлдем заңға қайшы келеді. Бұл – өрескел қылмыстық әрекет. Билік құламайды!», - деп нақты шегелеп айтты.
Сол сәттен бері Президенттен бастап бәріміз әлі жұмыста жүрміз. 5 күн болды. Ақордада түнеп, жұмыс істеп, бір сөзбен айтқанда сол жерде ақпарат таратып жатырмыз. Басшылық резиденцияда елдегі жағдайды бақылап, күні-түні шұғыл шешімдер қабылдауда. Мемлекет басшысы осындай сын сағатта халықпен бірге боламын деді, сөзінде тұрды.
– Жаңа 2022 жылдың алғашқы күндері тарихымыздағы қиын күндер боп есте қалатыны анық. Президенттің қиын шақта жылдам әрі батыл түрде шешім қабылдағанын халық жақсы қабылдап, қолдау білдіріп жатыр. Осы күндері болған Мемлекет басшысы жұмысының хронологиясын толығырақ айтып берсеңіз.
Иә, дұрыс айтасыз. Бұл күндер – шынымен де естен кетпейтін тарихи сәттер. Айтып өткенімдей, Қасым-Жомарт Кемелұлы бірден жағдайды толық бақылауына алды. 5 қаңтар күні шамамен түнгі сағат 2-де Маңғыстау облысы мен Алматы қаласына Төтенше жағдай енгізу туралы Жарлыққа қол қойды. Сағат 5:30-да мені Президент кабинетіне шақырды да сағат 7:00-де шұғыл жиын өтетінін, Өзі Премьер-министр Асқар Маминнің отставкасын қабылдағанын айтты. Мемлекет басшысы маған жиын басталған сәтте Ақорданың ресми сайтына Үкіметтің отставкасы туралы бірден ақпарат шығаруым керектігін тапсырды. Одан кейін 15 минуттан кейін Мемлекеттік хатшы Ерлан Қаринды тағайындау, тағы 15 минуттан кейін ҰҚК бірінші орынбасары Мұрат Нұртілеуді тағайындау туралы Жарлықтар уақытылы жариялануы керек деген тапсырма берді. Сосын маған «Сағат қазір 6 болды. Бір сағатың бар пресс-релиздеріңзді әзірлей бер», - деді. Сол тапсырмаға сәйкес біз сайтымыз арқылы ақпараттарды уақтылы халыққа тараттық.
Президент елдегі жағдай ушығып бара жатқаннан кейін сол күні түс кезінде Нұр-Сұлтан қаласы мен Алматы облысына Төтенше жағдай енгізу туралы шешім қабылдады.
Сол 5 қаңтар күні түс ауа Қасым-Жомарт Кемелұлының Қауіпсіздік Кеңесінің төрағасы болғаны белгілі болды. Эфир арқылы халық алдына шығып, екінші Үндеуін жариялайтынын айтты. Сол Үндеуінде Президент: «Бұзақы топтардың әрекеттері жоғары деңгейде ұйымдастырылғанын көріп отырмыз. Бұл қаржыландырылған бүлікшілердің жан-жақты ойластырылған жоспары екенін дәлелдейді. Бұл – қаскөйлердің қитұрқы әрекеті. Сондықтан Мемлекет басшысы және бүгіннен бастап Қауіпсіздік Кеңесінің Төрағасы ретінде барынша қатаң әрекет етемін. Бұл – өмірін қорғап қалуға өтініш білдірген көптеген азаматымыздың қауіпсіздігіне қатысты мәселе. Бұл – мемлекетіміздің қауіпсіздігіне тікелей қатысты. Халық мені қолдайтынына сенімдімін. Қандай жағдай болса да мен елордада боламын. Халықпен бірге болу – менің Конституциялық міндетім», - деп қадап айтты.
Бұл Үндеу сол 5 қаңтар күні кешкі 6 жарымда шықты.
Осы мәлімдемеден кейін Қазақстан Президенті Республиканың барлық аймағына Төтенше жағдай енгізу туралы Жарлықтарға қол қойды. Кешке қарай Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымына мүше мемлекеттер басшыларымен телефон арқылы сөйлесті.
Ал түнгі 11 жарымда Қасым-Жомарт Тоқаев Қауіпсіздік Кеңесінің төарағасы ретінде алғашқыотырысын өткізді. Жиында Президент: «Бұл – қауіп қана емеc, бұл – мемлекеттің тұтастығына нұқсан келтіру, азаматтарымызға шабуыл жасау. Олар менен, Мемлекет басшысы ретінде тез арада өздерін қорғауды сұрайды. Азаматтарымыздың игілігін, қауіпсіздігі мен тыныштығын ойлау – менің Конституциялық міндетім. Сондықтан ҰҚШҰ-дағы әріптестеріме білдірілген өтініш – уақытылы әрі толығымен дұрыс қабылданған шешім», - деп мәлімдеді.
Қауіпсіздік Кеңесінің отырысынан кейін 1 сағаттан соң Президент бірқатар аса маңызды кадрлық өзгерістер жасады. Атап айтқанда Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы болған Кәрім Мәсімовтің орнына Ермек Сағымбаевты жәнеМемлекеттік күзет қызметінің басшысы етіп Сәкен Исабековті тағайындады. 6 қаңтар күні Үкіметке 10 нақты әрі шұғыл тапсырма берді. Сол жерде бәрі қамтылған.
Стратегиялық жоспарлау және реформалар жөніндегі Агенттік пен Мемлекеттік күзет қызметіне жаңа кадрлар тағайындау жөнінде шешім қабылдады. Сол күні түстен кейін Түркияның Президентімен телефон арқылы сөйлесті.
7 қаңтар күні таңғы сағат 7:00-де Қасым-Жомарт Кемелұлы Лаңкестікке қарсы штабтың отырысын өткізді. Сол күні түскі сағат 2 жарымда Қазақстан халқына кезекті Үндеуін жасады. Сол Үндеуінде Президент: «Террористер мемлекеттік және жеке азаматтардың дүние-мүлкіне әлі де залалын келтіріп, азаматтарға қарсы қару қолдануда.
Құқық қорғау органдары мен армияға ескертусіз оқ атуға бұйрық бердім. Күштік құрылымдар бұл міндетті моральдық және техникалық тұрғыдан орындауға дайын», - деді. Халық осындай батыл мәлімдеме күтіп отырса керек, бірден қолдап кетті. Көпшілік күткен шешуші мәлімдеме болды деп ойлаймын.
8 қаңтарға қараған түні Мемлекет басшысы өзінің твиттердегі парақшасына елдегі ахуалды әлемдік қауымдастыққа жан-жақты түсіндіретін ағылшын тіліндегі бірнеше твит жария етті. Ал таңертең сағат 8 жарымда Лаңкестікке қарсы штабтың кезекті отырысын өткізді. Күндіз Төтенше жағдайлар министрінің міндетін атқарушы Юрий Ильинді қабылдады. Түскі үзіліс кезінде Қасым-Жомарт Тоқаев Ресей және Беларусь елдерінің президенттерімен телефон арқылы сөйлесті. Сол күні «террористік актілердің салдарынан адамдардың қаза болуына байланысты Қазақстан Республикасында 2022 жылғы 10 қаңтарда жалпыұлттық аза тұту жариялансын», - деген Өкімге қол қойды. Ертең қаралы күн. Ту төмен түсіріліп, қаза болған азаматтарды еске аламыз. Ал кешке қарай бірқатар кадрлық тағайындаулар жасады.
Бүгін таңғы 8-де Мемлекет басшысы Лаңкестікке қарсы штабтың кезекті отырысын өткізді. Осы отырыста тәртіпсіздіктердің салдарынан келген шығындарды қалпына келтіру үшін Үкіметтік комиссия құруды тапсырды.
Бұлардың арасында күштік құрылымдардың бірінші басшыларын қабылдап, олардың ақпаратын, есебін тыңдап жүр.
Қазір есептеп қарасақ, Мемлекет басшысы 4 қаңтардан бері 100-сағаттан астам демалыссыз, үзіліссіз жұмыс істеп жатыр екен. Өздеріңіз байқап отырғандай, соңғы аптадағы Президенттің жұмыс хронологиясын қарасаңыз берілген тапсырмалар мен қабылданған шешімдері, өткізген жиналыстары күндізгі жұмыс уақытына байланбай, күнде де, түнде де үздіксіз болып жатыр.
– Осындай қарқынмен еңбек етіп жатқан Президент Қасым-Жомарт Тоқаев шын мәнінде күні-түні елдегі жағдайды өзі бақылап отыр. Алда бұдан көп қыруар шаруа күтіп тұр. Мемлекет басшысы қашан демалады?
– Елдегі ахуалды көріп отырсыздар. Ең ауыр кезеңі артта қалған сияқты. Конституциялық заңдылықтар барлық аймақта қалпына келіп жатқанын Мемлекет басшысы мәлімдеді. Әрине, бұл жағдай Президенттің елдің қауіпсіздігін кірпік қақпай қорғағанының нәтижесінде оңалып келеді. Өзінің Үндеуінде осы кезде қолдау білдірген барша қазақстандыққа шынайы алғысын білдірген болатын. Менің білуімше, осы күрделі күндері Қасым-Жомарт Кемелұлы тәулігіне 1 немесе 2 сағат қана көз шырымын алып қана еңбектеніп жүр. Тіпті бір-екі күн бұрын таңғы жиналыстың алдында «бүгін 2 сағат демалдым, бұның өзі жақсылықтың белгісі», – дегені бар.
– Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымы туралы сұрағым келеді. Бітімгерлік күштердің миссиясы қандай болмақ?
– Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымының бітімгерлік күштерінің негізгі миссиясы – стратегиялық нысандарды күзету. Стратегиялық нысандарды ОДКБ әскерилері қорғағандықтан, біздің қарулы күштерімізге террористер көп шоғырланған Алматы қаласы мен Алматы облысында еркін қимылдап, олардың көзін жоюға мүмкіндік берді. Жағдай тұрақталған соң миссиясы аяқталады. Бірден өз елдеріне қайтады. Осы сәтті пайдаланып айта кетейін, ертең Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың ұсынысымен ОДКБ-ның кезектен тыс сесиясы онлайн форматта өтеді. Сол жиында Президент еліміздегі ахуал бойынша әріптестеріне толыққанды мәлімет береді. Ақорданың ресми сайтынан ақпарат күтіңіздер. Президент айтпақшы, жалған ақпараттарға сенбей, тек қана ресми мәлімет көздеріне сеніңіздер дегім келеді.