Ескі қатты тұрмыстық қалдықтар полигонын қалпына келтіруге ағымдағы жылы 1,4 млрд теңге бөлінді, деп хабарлайды АtyrauРress тілшісі.
Бұл туралы қалалық мәслихатта шешім қабылданды. Естеріңізге сала кетейік, ауданы 35 гектар болатын ескі қалалық полигон жарты ғасырдан бері қызмет көрсетіп келеді. Осы уақыт ішінде онда 3 миллион тоннадан астам қоқыс жиналды. Бүгінде ол биіктігі 3 метр болатын тормен қоршалған. Қалалық ТКШ бөлімінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, "Атырау қаласындағы тұрмыстық қатты қалдықтар полигонын қалпына келтіру" жобасы түзетіліп, мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысы алынды. Жобаның жалпы құны 11,36 млрд теңгені құрайды. Өткен жылы мердігерді анықтауға ашық конкурс жарияланды, оның нәтижелері бойынша "Бекболатовтар құрылыс компаниясы"ЖШС жеңімпаз болып танылды. Полигонды қалпына келтіру жұмыстары үш жылға жоспарланған.
Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ