Атырау обл, Миялы ауылы, Қ.Сәтбаев көшесі, №17 үй. 8 (712) 3821738 mialy44@mail.ru

ТАЙСОЙҒАН ЖОЛЫНА «ШЛАМ» ШАШҚАН КІМ?

Кешелі бері әлеуметтік желілер мен түрлі чаттарда: «Тайсойған жерінде мұнай барлап жатқан компанияның жүк көлігі далалық жолға қоймалжың сұйықтық төгіп кетіпті. «Қуыс» деген бейіт пен «Сарқыз» деп аталатын шағылдың ортасындағы жолда ұзыннан ұзақ цементке ұқсас нәрсе төгіліп жатыр» деген бейнероликтер қызу талқыланып жатыр. Мұны көрген бойда Тайсойған жобасы бойынша құрылған арнайы комиссия мүшелері «Ембімұнайгаз» акционерлік қоғамының басшылығынан бұл оқиғаның мәнісін анықтауды талап етті.

 «Бақсақ бақа екен» демекші бұл «Шлам» деп аталатын барлау жұмысы кезінде жер астынан шығатын зиянды қалдық қоқыстар екен. Заң бойынша аталмыш қалдықтар ауыр жүк көліктеріне тиеліп, Жылой ауданындағы арнайы полиганға апарылып, төгілуі тиіс екен. Аталмыш оқиғадан соң кеше түс ауа аталмыш комиссия төрағасы Альберт Аққайнанов, комиссия мүшелері Есенбай Нұров, Октябрь Нұрадинов, Төреш Қозбақов, осы жолдардың авторы Дулат Ғұбайдуллин және табиғат жанашыры Амангелді Қалиевтар болып оқиға орнын көзбен көру үшін жолға шықтық. Миялы ауылынан 30 шақырымдай жүрген соң «Сарқыз» деген шағылдың далалық жолына жеткенде ұзыннан ұзақ шұбатылып, төгіліп жатқан көк-жасыл түсті әлдебір қалдық кездесті.

Комиссия мүшелері өздерімен бірге алып шыққан арайы ыдысқа ол қалдықтың біразын салып алды. Көп ұзамай артымыздан «Ембімұнайгаз» акционерлік қоғамы бас директорының орынбасары Асқар Мұнара бастаған бір топ мұнайшы келді. Олар бұл қалдық 12 ақпан күні таңда жолға шыққан ауыр жүк көлігінен төгілгендігін растады. Одан әрі тағы жүргенде далалық жолдың ауыр техникамен түйіліп, беткі топырақ қабатын алғанын байқадық. Мұнайшылардан мұның мәнісін сұрағанымызда:

"Мұнай барлап жатқан мердігер «МұнайСервис» компаниясының өкілдері төгілген жерді өздерінің техникасымен қырып, тазалау үшін топырақ қабатын алған" деп жауап берді.

Комиссия мүшелері:

«Сонда бұл қалай, арнайы мамандар мен комиссия мүшелері келмей жатып бүлінген жерді тазалау заңды ма, бұл қылмыс орнын жасыру емес пе?» деген сауалын төтесінен қойды.

Оған мұнайшылар тек тазалық жұмысын жүргізгендерін айтып ақталды. Айтпақшы, «шлам» төгілген аталмыш жол мұнайшыларға бекітіліп берген жолға жатпайтындығы да анықталды. Демек, бір емес екі бірдей құқықбұзушылық орын алып тұр емес пе?! Аталмыш мәселе бойынша бүгін ауданға облыстық экология департаментінің мамандары келеді. Сол мамандармен бірге тағы да барып, табиғатқа қаншалықты зиян келгендігін анықтайтын боламыз.

Дулат БЕРІК

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT