Атырауда дін саласының үздік мамандары анықталды, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.
Атырау облысы дін істері басқармасының ұйымдастыруымен «ATYRAU RUHANI FEST-2024» шарасы өтті. Жиналғандарға "қош келдіңіз" айтқан басқарма басшысы Қаһарман Мұсаев бір топ дін саласында қызмет етіп, беленділігімен көзге түскен мамандарға облыс әкімінің орынбасары Дарын Шамұратовтың Алғыс хатын табыс етті.
"Мұндай шара елімізде ең алғаш рет өтіп отыр. Мақсат – діни экстремизмнің алдын алу бағытында аянбай адал еңбек етіп, күн-түн демей жұмыс жасаған қызметкерлерге құрмет көрсетіп, ел үшін жасап жатқан еселі еңбектеріне алғыс айту. Өздеріңізге белгілі, бүгінде әлемдегі геосаяси ахуал өте күрделі. Осы орайда, әрбір мемлекет ең басты құндылықтардың бірі ел ішіндегі тыныштықты сақтап қалуға бар күшін салып жатыр. Сол сияқты, біздің еліміз де берекелі бірлігі мен тату тірлігін нығайта беруге жұмыстанып келеді. Жалпы, діни экстремизм секілді қоғамға зор зардап тигізетін қауіп-қатердің алдын алу үшін бір ел ғана болып күресу аздық етеді. Мұндай кеселді бүкіл әлем болып қана жеңуге болады. Соған қарамастан, елімізде жат ағым жетегінде жүрген бірталай жасты теріс жолдан шығарып, түзу жолға түсіру үшін көптеген жұмыстар атқарылды. Міне, бүгін осы бағытта зор еңбек сіңірген жандардың жұмысына баға беріп, қолдау білдіріп, алғыс айтуды жөн санадық" деді Қ.Рахметұлы.
Аталған шарада сала үздіктеріне құрмет пен қошемет көрсетілді. Марапатталғандар қатарында облыстық орталық «Иманғали» мешітінің наиб имамы Арман Исаев, Мақат ауданының бас имамы Біләл Сағындықов, Қызылқоға ауданының бас имамы Мұрат Сұлтанов және басқа да қала мешіттерінің имамдары бар.
Іс шараға Атырау облысы дін істері басқармасының басшысы Қаһарман Мусаев, Атырау облысы дін істері басқармасының бөлім басшысы Мұхтар Ізғалиев, Атырау облысының Бас имамы Алтынбек Ұтысханұлы, «Жәрдем – Атырау» корпоративтік қорының өкілдері арнайы қатысып, дін саласында уақытпен санаспай, аянбай еңбек етіп жүрген барша имам, ұстаз, ғалым, теологтарға алғыс айтты.